Ислам ғұламаларының ДАИШ туралы тұжырымдамасы

Сәрсенбі, 28.09.2021
Ислам ғұламаларының ДАИШ туралы тұжырымдамасы

Соңғы кезде Сирия мен Ирак елдеріндегі қарама-қайшы көзқарастардың туындауына, екі елдің тыныштығын бұзып, халықтың отанынан безіп, көршілес елдерден пана іздеуіне бірден бір себепкер –ДАИШ.

Ғалымдар бүгінде ДАИШ-тың ислам атына кір келтіретін  теріс пиғылды әрекеттерін қатты сынға алып, арнайы пәтуа шығарып, өз көзқарастарын білдіруде. Пәтуалар мен ғалымдардың көзқарастары араб-ағылшын тілдерінде жарық көруде. Назарларыңызға Бүкіләлемдік мұсылман ғұламалар ұйымының ДАИШ-қа қатысты тұжырымдамасын ұсынамыз.


Ирак мұсылман ғұламаларының қауымдастығы:

– Ирак елі бүгінде «адасушы тәкфиршілер» тарапынан түрлі шабуылдарға тап болып жатыр. Олардың мақсаты – Ирак жерін басып алып, онда террористік идеологияны тарату.

Мосул қаласы фиқһ басқармасының басшысы Шейх Абдул Карим Шабан айтқандай, Иракта Ислам ғұламалары пәтуа және фиқһ басқармаларымен бірлесіп, ДАИШ-қа қатысты шешім шығарды. Бұл шешімде Ирак халқын бірігіп, Ислам атын жамылған ДАИШ-тың кез келген әрекетіне жұмылып тосқауыл болуға шақырған. Сонымен қатар шешімде ДАИШ әділдік пен ақиқатты орнатамыз деген жалған ұранмен экстремистік идеологияны таратып келетіні айтылған.

Ирак ғалымдары бір ауыздан: «ДАИШ террористік ұйым екеніне бүгінде ешкімнің күмәні жоқ шығар. Олар – әділдік пен ақиқатты көрмейтін соқыр жандар. ДАИШ сүнниттік бағытқа қарама-қайшы келетін «хауариждер»» деген.

ДАИШ – Исламның қас дұшпаны

Сауд Арабия бас мүфтиі Абдель Азиз бен Абдалла аш-Шейх:

– Расында, кез келген ұлтты, нәсілді және жерді жоюды көздейтін экстремистік және террористік идеологияларға ислам дінінде орын жоқ. Бүгінде «ДАИШ», «әл-Каида» және оларға қатысты барлық террористік ұйымдар ислам дінінің қас дұшпанына айналды. Себебі, олардың бұзақы әрекеттерінен қаншама мұсылмандар ажал құшты. Ал, ислам дінінде жазықсыз адам өлтіру аса зор күнә екені бәрімізге белгілі.

Мұндай ұйымдардың атын ислам дінімен байланыстырмау керек. Себебі, олар күнә жасаған барлық мұсылмандарды кәпірге айналдырып, ислам дінінен ең алғашқы бөлініп шыққан хауариждердің әрекетін қайталауда.

Сонымен қатар, барша мұсылмандарды ислам діні құптайтын ортақ идеологияны ұстануға шақырамын және шектен шықпай жұмыла отырып осы идеологияны одан әрі дамытудың жолдарын қарастыратын қадамдар жасау керек.  

 ИСЛАМ МҰНДАЙ СҰРАПЫЛ ӘРЕКЕТТЕРДЕН ПӘК

 Ахмед Тайб,  «Әл-Әзһар» университетінің шейхі:

– Ирак халқы дәл қазір бойдағы бүкіл күшті біріктіріп, елдегі болып жатқан қантөгіске төтеп берудің жолдарын қарастыруы керек. ДАИШ бүгінде елдің тыныштығын алды, көптеген бейбіт халықты аяусыз қырды, мешіттерді, тарихи жәдігерлерді жоюды әдетке айналдырды. Өзге конфессия өкілдерін өздеріне дұшпан тұтты. Ислам атын жамылып мұндай теріс әрекеттерге баруына бүкіл әлем куә болып отыр. Алайда, ислам мұндай ұйымдардан және олардың сұрапыл әрекеттерінен пәк. Осындай қантөгіске апаратын әрекеттер ешбір дәстүрлі дінде жоқ. Салдарынан, бүгінде Ирак жерінде конфессияаралық төзімділік, діндердің ынтымақтастығы, достығы деген ұстаным жоғалған сыңайлы.

 АЛЛАНЫҢ ДІНІН ҚАРАЛАП ЖҮРГЕН КІМДЕР?

Махмуд Маһнә Махмуд, «Әл-Әзһар» ғұламалар кеңесінің мүшесі:

– Шын мәнінде Ирак пен Сириядағы ДАИШ содырлары мұсылмандар қатарынан емес. Өйткені, әһли сүннет мұсылмандары еш уақытта бейбіт халықтың тыныштығын алып, оларға қарсы күш қолданбайды және Алла харам еткен қантөгіс әрекеттеріне бармайды. Міне, әһли сүннет мұсылмандарының сипаты осындай болмақ.

Бүгінде ДАИШ әһли сүннет атына өшпестей қара дақ түсірді, Алланың дінін қаралады. Исламды қантөгіс, бұзақылықты қолдайтын дін етіп көрсетті. Нәтижесінде, бүкіл әлем ислам дінін теріс жағынан танып жатыр. Әсіресе, Батыс елдері Америка, Франция және Германия елдері көптеген мұсылмандарға қарсы көтерілістің, соның ішінде Мысыр елінде болған қантөгістерге себепкер болып отыр. 

 ДАИШ – шайтанның шоқпары

Абдул Карим аш-Шауқи, Мысырдың бас мүфтиі:

– ДАИШ – тура жолдан тайған шайтанның шоқпары. Бүгінде Батыстың БАҚ беттері бұл террористік ұйымды ислам атымен байланыстырып келеді. Бұл өз кезегінде ислам атына кір келтіру ғана болып табылады. Ал, араб елдерінің БАҚ беттері мұндай қадамнан аулақ болулары тиіс.

Біз – ДАИШ үшін дұшпанбыз, ал олардың исламнан алар орны жоқ. Өйткені, ИШИМ-нің әрекеті исламның барлық құндылықтарына, шариғи амалдарына толықтай қарама-қайшы. Бұған қоса, олар адами құндылықтар мен моральдық қасиеттерден жұрдай.

ДАИШ ұйым болып құрылған сәтте ең алғаш болып олардың исламға және мұсылмандарға өте қауіпті адасқан ұйым екенін ажыратып, халықты олардан сақтандырған біз болатынбыз. Қазіргі таңда мұндай террористік ұйымға тосқауыл болу бүкіләлемдік халықаралық күшті қажет етеді.

Мен барлық әлемдегі ислами ұйымдарды жұмылдырылып, бірігіп, осындай ислам атын жамылған террористік ұйымдардың жолын кесуге тиісті шараларды қолдануға шақырамын.

ДАИШ – ислам атына лайық емес

Мұхаммед Мұхтар Жұма, Уақф министрі:

– Бүгінде ДАИШ және сол секілді Ислам атын жамылып, бүлік шығарушы  ұйымдарға қарсы күрес – шариғи уәжіп. Осындай террористік ұйымдардың түптеп көксегені араб елдерінің мұнай, газ шығаратын маңызды секторларын жаулап алу болып отыр. Нәтижесінде, араб елдерінің өмірлік қайнар көзі болып отырған жерлерден айырып оларды өздеріне қарсы қолданбақ.

ДАИШ «Ислам мемлекеті» деген атқа мүлде лайықты емес және оның жетекшісі Әбу Бакр Бағдади араб елдерін құлдыратып, даму процесіне ықпал ететін барлық жолдарды бөгеуді көздейді. Сонымен қатар, араб елдерінің әдеп-ғұрыптарын, салт-дәстүрлерін, мемлекеттің ұстанған заңдылықтарын түгелдей жоюды көксейді. 

Алғашында ДАИШ мен «Мұсылман бауырлар» арасындағы айырмашылықты баспасөз қызметкерлеріне бірнеше рет қайталап айтқанмын. Бұл екі ұйымның көздегені бір, және бір тігісте тігілген жіп секілді. Олар өздерінің мақсаттарын жүзеге асыру үшін қазіргі заманауи технологияны өте тиімді пайдаланып отыр. Бүгінге дейін әлеуметтік желілер мен порталдар ашып теріс идеологияны тарату арқылы өз қатарларына көптеген мұсылмандарды тартып келеді. Расында ДАИШ-тың жетекшісі Әбу Бакр Бағдади  - Моссад қызметкері. Оның шын есімі Элиот Шеймун.

 ДАИШ - қазіргі заманғы хауариждер

Ахмад Омар Хашим,  «Әл-Әзһар» ғұламалар кеңесінің мүшесі:

– Мұхамед лайғамбар біздерді осындай бүлік шығарушы ұйымдардың келетінін алдын ала ескерткен болатын. Пайғамбар: «Қиямет күні жақындағанда жас жігіттерден, ақымақ адамдардан құрылған қауым шығады» деген. Расында ДАИШ-тың құрамында жас жігіттер көп және олардың барлығы дерлік саналары уланғандар. 

ДАИШ-тың басты ерекшелігі ислам шариғатынан білімдері таяз. Олардың басым көпшілігі ғұламалардың алдында отырып білім алмаған. Тек, саналарында қалыптасқан қате түсініктерімен ғана біржақты шешім қабылдайды. Құран аяттарын жаттанды түрде оқып дәлел ретінде келтіреді, алайда, ол аяттың түпкі мақсатын ұқпайды. Осылайша, олар тура жолдан тайғандар.

Олардың жүректеріне қара дақ түскен

Ахмад Мабад Шейх, «Әл-Әзһар» ғұламалар кеңесінің мүшесі:

– ДАИШ өз көзқарасымен санаспағандарды күпірлікке шығарады және де оларды өлтіруге болады деп тұжырым айтады. Осылайша, Алланың: «Кімде-кім мүминді ниеттеніп әдейі өлтірсе, оның барар жері тозақ және онда мәңгі болады. Алла оған лағнет айтып, қатты ашуланады және өте ауыр азап дайындап қойды» деген аятты ұмыт қалдырды.

Сонымен қатар, олар кейбір өздерінің ұстанымдарына қарсы келетін сүннет амалдарын да жоққа шығаруды әдетке айналдырған. Ахмед ибн Ханбал айтады: «Хауариждер – өте бұзық қауым. Олардан асқан жаман қауымды білмеймін». Сондай-ақ, Абдуллах ибн Омар хауариждер туралы былай деген: «Кәпірлерге қатысты түскен Құран аяттарын мұсылмандарға қатыстырып қояды».

ДАИШ ұйымының мүшелері өздерінің сөздерінде Құран, сүннетпен жүреміз деп санайды. Алайда, олар сөздері мен амалдары қарама-қайшы екенін аңғара бермейді. Себебі, олардың жүректеріне қара дақ түскен. Бұл жайлы Құранда: «Кім де кімнің жүрегіне дақ түссе, ол бүлік тудыру үшін өз дегенімен жүреді..» делінген.

E-Islam.kz

            

Оқылды 396 рет
JoomShaper
Top