Аятжан АХМЕТЖАН: Кітаптан алыстағанымыз – имандылықтан алыстағанымыз

Дүйсенбі, 23.05.2022

– Әл-Фараби бабамыз: «Тәрбиесіз берілген білім, дүниеге апат алып келеді» дегені бар. Тәрбиенің түп негізі - имандылықта екені даусыз. Бүгінде мектеп қабырғасында имани тәрбие беру жағы кемшін түсіп отырған жоқ па?

– Бүгінгі таңда біз, тәрбиені ұранмен шатастырып алдық. Тәрбиелейміз деп ұраншылдыққа баулып кеттік. Сөз басқа, іс басқа. Тәрбиені құр сөздің деңгейінде  әйтпесе бір шоулар мен шулардың деңгейіне түсіріп алдық. Бұл мектептегі тәрбие болсын, қоғамдағы тәрбие болсын ең бір ауыр дертке айналды деп айтсақ болады. Қарапайым тілмен айтқанда, білім саласындағы тәрбие –«мен тәрбие беремін» деп берілмеуі керек. Мысалы, бір оқулықты алсақ, сол оқулықта имандылықтың, қазақылықтың иісі бұрқырап, өздігінен сезіліп тұруы керек. Бұл - нағыз сіңетін тәрбие. Тәрбиенің көзі болып саналатын қазақстан тарихы мен қазақ әдебиеті деп айтамыз ғой, бірақ,көп мемлекеттердің идеологиясы барлық оқулықтарынан керек десеңіз, жаратылыстану пәндерінің өзінде  менмұндалап тұрады. Тәрбие дегеніміз - міне осы! Осы нәрсені  әрбір ұстаздың, оқулықтың,  ұжымның бойына  сіңіруіміз  керек. Яғни, сөз бен іс бірігу керек. «Жігіттің үш жұрты бар» деп айтамыз, оқушының да үш жұрты бар. Отбасы, мектеп және қоғам. Бүгін осы тұлға тәрбиелейтін үш жұрт қалай деген кезде қарным ашады. Мектеп ата-ананы, ата-ана мектепті кінәлайды. Қоғамның жартысы ата-ана жақта, жартысы мектеп жақта. Баланы тәрбиелейтін ұстаз бен ата-ана бір-бірімен өлердей жау. Ата-аналарымыз ұстаздарымызды көзге ілмейді. Күллі ата-анаға топырақ шашқаным емес, бізде қалыптасқан үрдіс боп барады. Бұл неге әкеледі? Сіз біреудің ақылын тыңдауыңыз үшін, оны сіз санаңызда белгілі бір деңгейде сыйлауыңыз керек. Сыйламаған адамыңыздың, дұшпаныңыздың ақылын ешкім тыңдамайды. Ата-ана ұстазды құрметтегенде ғана оның баласы сол ұстаздан тәлім-тәрбие, білім  алады. Біздің ата-аналарымыз үйінде отырып алып ұстаздарды жамандайтын болса,  баласы ұстаздың үстінен секіріп қарайды. Одан кейін тәрбие болмайды. Отбасындағы тәрбие мен мектептегі тәрбие ұштаспаса тұлға қалыптаспайды.

– Ата-аналарымыздың сөз етіп  отыруының бір себебі ұстаздарымыздың деңгейінің төмендеп кеткенін білдірмей ме?

– Кез-келген мәселенің екі жағы болады. Бір жағынан келіскенмен, бір жағынан келіспеймін. Қазақстандағы 500 мыңға жуық ұстаздардың барлығы білімсіз деп айтпаймын. Қаншама ұстазбен жұмыс жасап жүрміз, небір білімді ұстаздарымыз бар. Білімсіздері тағы бар. Біз неге қоғам білімсіздерді сынай береміз? Білімділерді көрсетпейміз?.. Білімді бір ұстазды мақтап көкке көтеріп жатқан ата-ана болмайды да білімсіз ұстазға қоғам болып  жабылады.

Бұл жерде қоғамның, қоғамның ішінде журналистердің кінәлары басымырақ. Әлеуметтік желінің, бүтін ақпараттық сайттың бәріміз тұрғынымыз. Ақпараттық сайттан бір жылға мониторинг жасап көріңізші, ұстазды қаралаған мақала көп пе, ұстазды бағалаған мақала көп пе? Өкінішке қарай,   жамандау мен даттау көп. Сондықтан, қоғам өзі жиіркеніп кетіп бара жатқан тұста біз барынша жиіркендіріп жатырмыз. Нашар маман барлық салада болады. Жамандай берсек, сол салаға деген жас өскіндердің қызығушылығы туа ма? Қазіргі өсіп келе жатқан ұрпақ, біз күнде тепкілеп жатқан ұстаздыққа бара ма? Әрине, бармайды.

– «Оқушы ер балалар да еркектік қасиет бұрынғыдай емес. Олармен қалай сөйлесеріңді білмейсің. Ұрысқақ, тырысқақ – жігер жоқ!» деген пікір айтылады. Мұның себебі неде?

Бүгінгі балаларымыздың рухсыздығы туралы айтатын болсақ, мектепті ер адамның да,  отбасындағы ер адамның да тәрбиесінің жоқтығынан. Заманды әйел билеп кетті. Отбасында отағасын сыйламайтын иманы төмен анасынан тәрбие алса, отбасында барлық нәрсені әйел шешсе, одан шығып бастауышқа бардық. Қазақстан бойынша бастауыш сыныптарда ер мұғалімнің саны қырыққа да жетпейді. Бастауыш сыныпта әйел мұғалім тәрбиелесе, одан кейінгі буында да ер мұғалімдердің саны аз. Бесікте жатқан баладан 18 жасқа дейін әйел адам тәрбиелесе біз одан жігер күтуіміз -  ақымақтық.

– Бірақ, ер мұғалімдеріміздің дені мектепте мұғалім болғаннан құрылыс пен саудаға кеткенді жөн санайды ғой...

– Себебі, мұғалімдік жалақымен отбасын асырау мүмкін емес. Отағасы отбасын асырау үшін, барынша ақшасы көп жұмыстарға кетіп жатыр. Бұл үрдіс әлі де жалғасуда. Екінші себеп, мектептегі басы артық шаруалар мен қағазбастылық.  Ер адам мектептегі қалың қағаз бен басы артық шаруамен отыз жыл жүруге жүйкесі жетпейді. Отыз жыл жүруге жүйкесі жеткен ер адамның өзі - әйел адамнан арман жасық боп кетеді. Өйткені, бізде марапаттаудан гөрі желкеге міну басым.

-Мәселен, өзіңізге бір сұрақ, халықаралық деңгейдегі жүлде алған спортшыларды атай аласыз ба?

– Айта аламын.

– Халықаралық деңгейде жүлде алған әншілерді ше?

– Білемін

-Ал, халықаралық деңгейдегі пән олимпиадаларынан жүлде алған оқушыны атай аласыз ба?

– Бұл жағынан ұяттымын.

– Міне, біздің дертіміз осы. Қазақстанда халықаралық жарыстарда топ жарып жүрген оқушылар жүздеп табылады. Мысалы, дүниежүзілік пән олимпиададан екі рет алтын алған Тараздық Әшім Қайрат деген бала бар. Қазір Америкадағы Massashusetts institute tehnology университетінде оқиды. Бірақ, бір қазақстандық танымайды. Біз дәріптеуге сараңбыз. Оның ұстазын, сол жетістікке жеткізген жетекшісін ешкім танымайды. Бір боксер тәрбиелеген бапкерді немесе әнші тәрбиелеген продюссерді бүкіл Қазақстан таниды. Егер біз жақсымызды жарқыратып көрсете білсек, онда бұл салаға да қызығушылық оянады. Қызығушылық туғаннан кейін, бұл салаға үздіктер барады. Үздіктер барғаннан кейін, бұл саланың дерті оңалады. Ол кезде ер адамдар да көңіл бөле бастайды. Өзінің сүйікті кәсібімен айналысқанды кім жек көреді.

– Қазір түрлі жат ағымдағы діни түсініктер қоғамымызда белең алып  барады. Әсіресе жастар арасында. Осы дерттің алдын-алу шаралары  қандай болу керек?

– Ұлттық тәрбиені тамырға сіңіру керек. Біздің әрбір құрал-жабдығымызда ұлттық тәрбиенің иісі аңқып тұруы керек. Қазақ баласын үш –ақ ауыз сөзбен тәрбиелеген. Ұят болады, жаман болады, обал болады. Жаман болады десе есікті кермедік, күлді баспадық, ұят пен обалдың парқын ажырата білдік. Осындай қазақы тәрбиені баланың бойына сіңіру керек. Ол үшін не істеуіміз керек? Діни ағымдардың алдын алу туралы мектептерге дінтану деген пән енгіздік. Бірақ, сол пәннен сабақ беріп жүрген мұғалім дінді тани ма? деген сұрақ мені мазалайды. Мектептегі дінтанудан беретін дінді, абайтанудан беретін Абайды, алаштанудан беретін алашты танитынына кейде күмән келтіремін... Бүкіл қазақстандық мектептерді қамтитын дінтану мамандарын шығара алдық па?!

Екінші, діни ағымның әсер ететін бір жағы әлеуметтік желілер. Оқушылардың әлеуметтік желілерді қолдануына шексіз мүмкіндік бердік. Зерттеу жасап көрдім, қазақстандық оқушылардың 98 пайызы Ресейдің в контакте  желісіне  кіреді. Бұл желіде адам өзін-өзі қалай өлтіруге болады, қалай үйден қорықпай секіріп кетуге болады, қалай жіпке асылып өлуге болады деген сияқты видео сабақтар бар. Ал, бұған кім тосқауыл қойып жатыр. Біз, оқушыға еркіндік беріп қойдық. Дәл осы желіде діни ағымдардың небір топтары бар. Мемлекетте жұмыс жасауға тыйым салынған ағымдардың өкілдері күніге бәлен пост жазып отыр. Ол топтарды оқитын оқырмандар ретінде біздің оқушылар өріп жүр. Біз оқушылардың діни тәрбиесінің алдын аламыз десек, діни ағымдардың алдын аламыз десек әлеуметтік желілерге оның ішінде біртұтас в контакте желісіне шектеу қоюымыз керек. Бұл мен байқаған мәселенің екінші жағы.

– Қазақстанда 11млн қазақтың бір пайызы да кітап оқымайды деген деректер келтіріліп жүр. Әдебиет пен журналистика саласында жүрген жастардың бір бөлігі ғана оқитыны жасырын емес. Жастармызды күнұзақ алақандай көгілдір сәулеге телміруден рахат іздейді деп жазғырамыз. Кезінде «Жұлдыз» журналын қойшы да қонышына салып жүріп оқитынын үлкендерден естіп өстік. Жалпы біз неге оқудан қалып барамыз?

– Нарықтың заманына шыққан кезде көп нәрсенің парқын білмей қалдық. Көптеген кездесулерде ең алдымен сұрайтыным: - Соңғы бес жылда бес роман оқып бітірген адам бар ма? ..., бір роман оқыған адам бар ма?  Сонда 50 адам отырса, бір екі адам ғана қолын көтереді. Көрдіңіз бе, біз, өзіміздің ішкі дүниемізді жоғалттық. Ішкі дүниемізді ізгілікке, имандылыққа тәрбиелетін – ол кітап. Кітап  оқудан қалдық. Екі дүниені салыстыра алмайтын адам бір нәрсенің жетегінде кететіні анық. Ал, салыстыра алу үшін іздену, кітап оқу өте маңызды. Менің өзіме салса,  қоғам шулап кетер, шулап кетсе де айтайын, егер әр түлекке қазақ тілін сапалы меңгерткіміз келсе ҰБТ- ға қазақ тілін емес, қазақ әдебиетін кіргізіп тастар едім. Әдебиетті оқып түсінген адам, ол қазақ тілін шынайы білетін адам. Жалғау мен шылауды ажырата алмай жүргендер қазақ тілін біледі деп айта алмаймын.  Бізге батырлар жыры ауыз әдебиеті арқылы ғасырдан ғасырға жетті. Бүгін бес ертегінің басын құрап айтатын бір ата-ана тауып беріңізші?..

Имандылықтың өзіне келсек, бес уақыт намазды үйренеді де, мен имандымын деп айтатын қауым қалыптасып алды. Олардың діни, имани білімі қаншалықты? Ең алдымен иман келтіруге, санасына сіңіруге қаншалықты жұмыс жасады? Мәселе осында!  Аузымызда басқа да, санамызда басқа ма?.. Бұл нәрсе жастардың бойында дендеп барады. Сөзімнің басында айтқандай, шоу мен шуға құмар боп барамыз. Адам қаншалықты жеңіл дүниеге бейімделген сайын соншалық тәтті ләззатты дүниелерден алыстайды екен...

– 2016 – жылы – ЮНЕСКО көлемінде «Қожа Ахмет Яссауи» жылы боп жарияланды. Жалпы  ислам ғұламаларын өз деңгейінде дәріптей алып жүрміз бе?

– Жоқ деп кесіп айтамын. Неге? Қазақтың жеріне дін таратқан ислам ғұламалары тарихта қаншалықты орын алып тұр? Мектептің тарих оқулығын алып қарап көрсеңіз, ары кетсе үш параграфтан аспайды. Оған берілгені өмірбаяны және  не жаздыдан аспайды. Дін ғұламалары ғана емес, қазақтың арғы бергі тарихындағы тұлғалардың өзі өмірбаяндық деңгейден аспай жүр. Оған сараптама жасалу, биік деңгейін көрсету жағы әлсіз. Бұл – бір. Екінші, әдебиетіңізде үзінділер мен қысқа шолулардан аспай жүр. Үшіншіден, тарихымыз бен әдебиетімізде ҰБТ-да келетін біріңғай даталар мен хронологиялардан аспай жүр. Бала беске оқуы үшін сараптау, зерделеу  жағын үйрену қажеті жоқ, тест жаттаса ғана болғаны, ол білім бе? Ақпарат па? Қазақтың кез-келген мақалы ғылымның заңдылығы.  Қазақта: «суды су кетіреді, майды май кетіреді» дейді. Химияда дәл соның заңдылығы - полярлы молекула полярлы молекулада, полярсыз молекула полярсыз молекулада ериді, деген заңдылық бар. Екуі бір сөз, бір заңдылық. Осы мақал-мәтелдерді заңдылықтар тұсында кірістірілсе, міне, тәрбие. Ең тамаша тәрбие дегеніміз осы еді.

– Түйін сөз..

– Балапан ұяда не көрсе ұшқанда соны іледі. Отбасынан, мектебінен, ізгілікті, имандылықты, жақсылықты, әлсізге қамқор болғанды сезініп өскен бала, кейін, өз ортасында, қоғамда сол көрген тәрбиесін іске асырып ұштастырады. Отбасында имансыздықты - әкесінің аузы бұрқырап бөтелкесін құшақтап жатқанын, анасы әкесінің бетінен алып отырғанын көріп өскен баладан,  тұлғаны тыңдамайтын ұрпақ туады.

                                                                                 Гүлжаз ҚЫДЫҚБЕКОВА

Оқылды 856 рет
  • Аятжанның ой тереңдігі, ой-өрісінің кеңдігі, жүйелі түрде сөз саптауы керемет! Жауаптары керемет! Қоғамның кемшін тұстарын дәлдікпен айта білген. Қашан түзелеміз?!
JoomShaper
Top