Ақтөбедегі қанды қырғын – діннен емес

Сейсенбі, 07.06.2022

Теракт деп танылған Ақтөбедегі қанды қырғын дінге еш қатысы жоқ. Өйткені, дін атын жамылған лаңкестердің мақсат-мүдделері шариғат тұрғысынан бетперделері айқындала түсті.  Оның бірден бір дәйегі – қасиетті Рамазан айының қарсаңында зорлық-зомбылық әрекеттері.

Екіншіден,    қылмыскерлердің лаңкестік әрекеттері нәтижесінде бірнеше отандас-қандастарымыз қаза тапты. Үшіншіден, қоғамда бүлік, үрей, қорқыныш ұялатты. Төртіншіден, Қазақстан Республикасының қылмыстық кодексіне сәйкес аса ауыр қылмыс қатарына жатады. Қорыта айтқанда, бұл террорлық құбылысты - бүкіл адамзатқа қарсы қылмыс ретінде қарастыруға болады.

БАҚ беттерінде жарияланған ақпараттар бойынша қылмыскерлердің дәстүрлі емес жат ағымдар жетегінде екені хабарларанады. Әйтседе, бұндай теріс пиғылды қылмыскерлердің зорлық-зомбылық әрекеттері жалпы дін атаулысына кері әсерін тигізуде. Дін түгілі, тіпті адамзаттың табиғат заңдылықтарына қайшы келетін құбылыс ретінде қарастыруға болады.

Теологиялық тұрғыда мысал айтар болсақ, күндіз бен түннің, бар мен жоқтың ортасы болмағаны секілді – дін мен лаңкестік қарама-қайшы ұғымдар. Себебі, дін – бейбітшілік, тыныштық, құлшылық-ғибадат, инабаттылық, парасаттылық пен адамгершілік принциптерінен құралады. Ал, лаңкестік болса жақсылық атаулысына қарама-қайшы келетін – зорлық-зомбылық, қорқыныш, үрей т.б. керағар ұғымдарға телінеді. Ендеше, осы қағидаларды негізге ала отырып, кешегі Ақтөбе оқиғасындағы лаңкестік әрекеттерді дінмен байланыстыруға ешқандай да негіз жоқ.

Келесі кезекте, сол оқиға нәтижесінде лаңкестердің қолынан қаза тапқан қандастарымыздың ахуалы бүкіл қазақстандықтардың жүрегінде із қалдырды. Елді, жерді, отанды қорғау борышын өтемек ниетінде о дүниелік болған батырларымыздың жақындары мен отбасыларының терең қайғыларына ортақтаспыз. Алла оларды рахымына бөлесін!

Аяусыз адам қанын төккен лаңкестердің бұл әрекеттері бір адам емес, екі адам емес, бүкіл адамзатқа қарсы жасалған қылмыс деуге де болады. Себебі, ү.ж. 5-6 маусымындағы терактіден шошынған жұрт қорқыныш пен үрейге бой алдырды. Әрине, бұл дегеніміз қоғам тыныштығы мен бейбіт өмір сүруге кері әсерін тигізетін құбылыс. Әсілінде, кез-келген істің нәтижесінен оның пиғылын анықтауға болады. Мысалы, қылмыскерлердің әрекеттері – олардың лаңкес екенін көрсетеді.

Ақтөбе көшелерінде күндіз қару-жарақпен көше аралап, нақақтан нақақ адамдардың жандарын қиюдың өзі терроризмнің басты белгісі. Өйткені, терроризмнің ұлты да, діні де жоқ. Қылмыскерлер – лаңкестік әрекеттерін жүзеге асыру мақсатында алдына түскен жандардың ұлтына да, діндеріне де қарамасатан оқ атты. Сондай-ақ, қасиетті Рамазан айы қарсаңында жасалған лаңкестіктері – дін атаулысына үш емес, ақырзаманға дейін қайнаса да, сорпасы қосылмайтындығын дәлелдей түсті.

Асыл дініміз соғыс атаулысына, қан төгіске шектеу қойған. Құран қағидалары да қақтығыс-шайқастардың алдын алуға насихаттап, бейберекет ұрыс-жанжалдарға жол беруді харам еткен. Ал қаруды Отанымызды алакөз дұшпандардан қорғау мақсатында ғана қолдануға болатынына рұқсат еткен.          

Қасиетті Құранда Алла Тағала былай дейді: «Өздеріңе біреу шабуыл жасаса, Құдай жолында сендер де соғысасыңдар. Тек өздерің килікпеңдер. Анығында, Алла шектен шыққандарды ұнатпайды» деген [Бақара, 190-аят]. Сондықтан да мұсылмандардың барлық әскери қимылдары тек қана жауап ретіндегі шара болып табылған-ды.

Тарихқа зер сала қарасақ, Пайғамбар Мұхаммед (с.ғ.с) қатысқан соғыстың барлығы дерлік қорғаныс, жаудың бетін қайтару мақсатында ғана болған.

Жалпы шариғаттың үкімдеріне келсек, асыл дінімізде  нақақтан-нақақ,  жазықсыз адамның өмірін қию – ең ауыр қылмыс һәм үлкен күнә деп қарастырады. Шариғат тұрғысынан кісі өмірі қасиетті, оны ардақтай білу – парыз. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сөзімен айтсақ, адам жаны мен оның иелігі айлардың ішіндегі – мұххарам, ішіндегі (Меккедегі Қағбада), күндердің ішіндегі – құрбан, қажылық уақытындағы – Арафатта тұру сынды қастерлі. Адам жаны тұрмақ, жер бетіндегі тіршілік атаулысына, тіпті жан-жануар, жәндіктерді өлтіруге, тиісуге болмайды. Жан алу жаратушының иелігінде, бұйрығымен  жүзеге  аспақ. Бөгде  жан  иесін  себепсіз  жер жастандыру – Жаббар Иесінің орнатқан  шариғатына  үзілді-кесілді  қайшы.

Осы орайда қасиетті Құранда: «Бейкүнә адамдарды өлтіруші болмаңдар, ол – Тәңірі тыйым салған іс. Егер біреу нақақ өлтірсе, кек алу құқығы өлген адамның жақын туысына беріледі. Ол бірақ кек алуда шектен тыс шықпауы керек. Шыдығында, оған жәрдем болады» (Исра, 33) деген аят  жолында  бейбіт  адамға  қол жұмсау,  нақақтан-нақақ  жер  жастандыруға  тыйым  салынады.

Хақ Тағала Құранның Ниса сүресінің 93-аятында: «Кімде-кім мүмінді қасақана өлтірсе, оның жазасы жаһаннам және ол онда мәңгі күйеді. Алланың қаһары мен қарғысына ұшырайды. Тәңірі оған ауыр азап дайындайды» деген.

Алла Тағала осындай аяттарымен бейбіт жандарға күш қолдану, лаңкестікке бару,  зорлық-зомбылық жасаудың Исламға мүлде қайшы екенін айтып, қатаң ескертіп тұр. Өкінішке қарай, бүгінгі таңда Ислам атын жамылған қаны бұзық топтар қаншама жазықсыз адамдарды ажал құштыруда.

 Сонымен қатар, Исламдағы ең ауыр қылмыстардың бірі фитна болып саналады. Кімде-кім ізгі ниет пен татулыққа шақырса, ол адам екі дүниенің бақытына кенелетіні рас. Әбу Дауд Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) келесі сөздерін жеткізген: «Бүлік таратудан аулақ болғандар, шын мәнінде бақытты» дегені бейбіт өмір мен татулықтың бірден-бір дәйегі болса керек. Сондықтан да асыл дініміздің басты бағыт-бағдары ұжымдық деңгейде бейбітшілік ұялатып, ізгілік қарым-қатынастар негізінде кеңейіп, нығаюды ұйғарады.

Бұл қағидаларды мұсылмандар ғасырлар бойы сақтап келіп, осының арқасында басқа дінді ұстанушылармен бейбіт өмір сүріп жатыр. Ислам қоғамы әлемге өзінің толеранттылық, қайырымдылығымен және ізгілігімен танылып, Исламда мақсат қандай ұлы, таза болса, оған апаратын жол да сондай таза да, ұлық болуы тиіс.

Серік ТӘЖІБАЕВ,

исламтанушы

Оқылды 3327 рет
JoomShaper
Top