Намаз аманаты

Сенбі, 04.06.2022

Діндегі аманат тақырыбын тарқата отырып, бұл жолы намаз аманатына қысқаша тоқталып өтуді жөн санадық. Кез келген дінде, сенімде құлшылық бар. Олардың әрқайсысы әртүрлі орындайды: бірі құлышылығын тек сәждемен жасайды, екіншісі тек рукуға барып, үшіншісі құлшылығын жүріп орындаса, төртіншісі отырып жасайды, бесіншісі әуен айтып құлшылық қылса, алтыншысы тек күмбірлеп оқиды.

Исламда да Аллаға жасалатын құлшылықтың түрі бар, ол – намаз: «Олар Аллаға шынайы ықылас және дінге толық берілген хәлде ғибадат жасауға, намаз оқуға, зекет беруге ғана әмір етілген»(Баййна: 5).

Намаз – Алланы еске алатын зікірдің ең маңыздысы. Намаз жоғарыда аталған құлшылық түрлерінің ең кемел түрін қамтыған. Намаз дін исламды көтеріп тұрған бес парыздың екіншісі. Біріншісі, Алланы бар және бір, Мұхаммед Оның елшісі деп иман келтіру болса, екіншісі – намаз.

«Ислам бес үстінге құрылған: Алладан басқа құдай жоқ және Мұхаммед Алланың елшісі деп куәлік беру; намаз оқу; зекет беру; қажылық өтеу және рамазан айында ораза ұстау»(Бұһари, Мүслим).

Намаз дін исламдағы ұлы құлшылық екені осыдан ақ белгілі. Қалған үстіндер намаздан кейін келіп отыр. Келесі хадисте де Алланың елшісі (с.ғ.с.) намазды өз уақытынан өткізіп аламауға шақырады.

Жарир ибн Абдулла (р.а.): «Біз Алла елшісінің (с.ғ.с.) қасында отырған едік. Ол толық айға қарап: «Расында сендер Раббыларыңды мына айды көріп тұрғандарың сияқты көресіңдер. Сендер одан шеттетілмейсіңдер. Ол үшін шамаларың келгенше таң намазы мен шам намаздыран өткізіп алмай оқыңдар», – деді» деген риуятты келтіреді (Бұхари, Мүслим).

Сондай-ақ, пайғамбарымыз (с.ғ.с) көз жұмар алдындағы қоштасу (соңғы) қажылығында: «Алла тағаладан қорқыңдар! Бес уақыт намаздарыңды оқыңдар, Рамазанның оразасын ұстаңдар, малдарыңнан зекет беріп, басшыларыңа мойынсыңдар. Сонда Раббыларыңның жәннатына кіресіңдер» –деп уағыз айтқанын естідім», – деген хадисті Әбу Әмлағ риуаят қылады (Термези).

Намаз адамға берілген аманат. Бұл аманаттың құндылығын біле түсу үшін ислам тарихындағы мына оқиғаға зер салайық. Һижраның 23-ші жылының зуль-хиджа айында Омар ибн Хаттаб (р.а.) жамағатқа таң намазына имам болып тұрғанында Әбу Лулу халифаға алты жерінен улы қанжар салады. Омар ибн Хаттаб (р.а.) намазды аяқтағысы келді, бірақ жарақат ауыр болып, қан көп аққандықтан, оның аяқтары әлсіреп, денесін көтере алмайды. Сөйтіп, имамдыққа Абдуррахман ибн Ауфты қояды. Жарақаттың ең ауыры кіндіктен төмен тиген қанжардың орны болды.

Әбу Лулуді қоршап ұстауға тырысқан он үш мұсылман жарақат алып, кейін бұлардың жарымы осының салдарынан қайтыс болды. Абдурахман ибн Ауф басындағы сәлдесін Әбу Лулуға салып жіберіп тартады. Өзінің ұсталғанын түсінген Әбу Лулу өзіне қол жұмсайды.

Алған жарақатынан кейін Омар бар болғаны үш күн ғана өмір сүреді.

Омарды бірнеше адам демеп, үйіне алып кетеді. Мұсылмандар намаздан кейін Омардың үйіне барады. Алған жарақатынан Омар біраз ес-түсін білмей жатады. Кейін өзіне келген соң бірінші сұрағы:

– Мұсылмандар таң намазын оқи алды ма? – деген сұрақ болды. Олар:

– Ия, мүміндердің әмірі! Оқыдық, – десті. Сосын барып, Омар:

– Маған қанжар салған кім? – деп сұрайды.  Олар:

– Мәжуси Әбу Лулу – дейді. Омар Алла Тағалаға шүкірлік сәждесін жасап:

– Ғұмыр бойы Аллаға бір мәрте сәжде қылмаған отпарастың қолынан жарақатты болғаныма Аллаға мақтау айтамын. Қиямет күнінде мен мұны айғақ қыламын, – дейді.

Хазіреті Омар өлім мен өмірдің арасында жатып, бірінші сұрағы намаз болды. Өйткені намаз уақытында оқылады. Абдулла ибн Масғуд (р.а.) мынадай риуаятты келтіреді: «Мен, Алланың елшісінен (с.ғ.с.) Аллаға қандай амал жақсырақ?» – деп сұрадым. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Уақытында оқылған намаз», – деп жауап берді» (Бұһари, Мүслим).

Пайғамбардың (с.ғ.с.) жалпы намаз, оның маңыздылығы туралы айтқан хадистерінен бір қатар намаз аманаттары шығады. Солардың кейбірін мынадай етіп көрсетуге болады:

– Намазды уақытыңда оқу;

– Намаз дәретін асықпай, тиянақты алу;

– Қиям, рукуғ, сәжделерді асықпай орындау;

– Намазға көңіл бөліп оқу сияқты және т.б.

Егер адам осы айтылған амалдардың бірін тиісінше орындамаса онда намаз аманатына қиянат қылған болады. Дәлірек айтқанда егер намаз дәреті  тиянақсыз алынса, намаз уақытынан кешіктіріліп оқылса, намаз шарттарын, уәжіптерін асығып,  әйтеуір оқып шығу мақсатымен жылдам орындаса, намаз аманатына қиянат қылған болады. Ибн Аббас (р.а.): «Бір кісі намаз оқиды, ол үшін сауабын толық алмай жартысын алуы да мүмкін», – деп айтқан.

Сондықтан намаз аманаттарына мұқият болып, оларды орнымен және уақытында қылса, оқылған намаз да дұрыс шығады. Намаз оқушы өзін Алланың алдында тілдесіп тұрғандай сезініп, беріліп оқыса, намаздың рахатын алады.

Айша анамыздан (р.а.) мынадай хадис жеткен: «Пайғамбар (с.ғ.с.) түндерде намаз оқитыны сонша оның өкшелері жарылып кететін. Мен оған: «Уа, Алланың елшісі! Сенің бұрынғы және кейінгі күнәларың кешірілді емес пе. Неге бұлай жасайсың?» – деп сұрағанымда. Ол (с.ғ.с.): «Мен шүкірлік етуші құл (пенде) бола алмаймын ба?!» – деп жауап берді» (Бұһари, Мүслим).

Ойымды Анас ибн Мәликтен (р.а.) жеткен белгігі хадиспен түйіндегім келіп отыр. «Алланың елшісі бізге:

Аманатшылдығы жоқ адамның иманы жоқ. Уәдесін орындамайтын адамның діні де жоқ деп жиі насихат  айтар еді»(Ахмед, Табарани және Ибн Хаббан). Оқыған намазымыздың дұрыс болуын қаласақ, намаз аманаттарына мұқият болайық.

 Гүлнар Жаладинқызы, дінтанушы

Оқылды 302 рет
JoomShaper
Top