Бұл – бүлік

Дүйсенбі, 06.06.2022

Күні кеше Ақтөбе қаласында орын алған қанды оқиғаны көргенде ойыма алғаш келген сұрақ  – дінді жамылған бұлар кімдер? Бұлардың көксегені не нәрсе? Айрандай ұйып отырған халықты қорқытып, жан-жаққа ыдыратып,  бейбіт өмір тыныштығын қару дауысымен бұзғандар нені қалайды?

Қасиетті Құранда пайғамбарға (с.ғ.с.) қатысты былай делінген: «Біз сені әлемдерге тек рақым етіп қана жібердік» (Әнбия: 107). Ислам - барлық уақытта қоғамды бірлікке, бейбіт, ізгі өмірге шақырады. Мейірім мен достықты ту етіп ұстанған дін ислам соғысты емес, бейбіт өмірді, достық пен сүйіспеншілікті насихаттайды. Исламның бұл ерекшелігі баршаға аян.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мұсылманды сипаттап былай деген: «Шынайы мұсылман – өзгелер оның қолынан да, тілінен де қауіптенбеген адам» (Бұхари, Әбу Дәуіт) немесе келесі риуаятта былай деп келеді: «Мұсылман – мұсылмандарға қолымен де, тілімен де зиян бермейтін адам» (Бұһари, Мүслим).

Кешегі қанды оқиғаға қатысты БАҚ-та таралған бейнекөріністе қару-жарақ дүкенін тонап, көшеге жүгіріп шыққан адасқандарды көрсеңіз шашыңыз тұрып, бойыңыздан суық қан жүгіреді. Тәртіп сақшыларымен атысып, олардың қаншасын жаралап, кейбірін өмірден айырды. Артында тізесін құшақтап қанша әйел жесір атанып, қанша жеткіншек жетім қалды? Алла Тағала ел тыныштығын бұзып, қоғамда мұндай бүлік шығарушыларға қатты тыйым салған:

«...Бүлік шығару (фитнә тудыру) адам өлтіруден де ауыр (күнә)...» (Бақара: 217). Сонымен қатар «Мәидә» сүресінің 32-аятында былай деген: «Кім кісі өлтірмеген немесе жер бетінде бұзақылық жасамаған біреуді өлтірсе, сонда шынайы түрде барлық адамды өлтіргенмен тең және кім оны тірілтсе (өлімнен құтқарса), барлық адамды тірілткенмен тең...».

Құранның осы аяттарынан байқағанымыздай дін исламда бейбіт өмір, әділдік, бірлік пен татулық басты құндылықтар. Ал жазықсыз адам өлтіру, бүкіл адамзатты өлтіргенмен тең.

Ақтөбеде болған жағдайды бір ғана сөзбен айтуға болады, ол – бүлік. Отау ішінен отау тігіп, алдынан шыққандардың барлығын «бізден емес» деп өлтіру исламға жатпайды. Исламды жамылып, діни сауатсыз жастардың басын қатырып, ел тыныштығын бұзуды қалағандар – бүлікшілер. Мен жастарды адасқандар мен дін дұшпандарының арбауы мен алдауына түсіп қалмауына, олардан сақ болуларына шақырамын. Ислам – әлемге бейбітшілік әкелу үшін жіберілген дін екенін естен шығарып алмайық.

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ,

«E-Islam.kz» ақпараттық-ағартушылық

порталының бас редакторы,

философия ғылымының кандидаты,

дінтанушы

Оқылды 562 рет
JoomShaper
Top