Маңызын жоймаған мектеп

Сәрсенбі, 11.05.2022

Араб тілінен алынған мәз­һаб сөзінің тілдік мағынасы – жол, ба­ғыт, көз­қа­рас де­ген ма­ғы­на­ны біл­ді­ре­ді. Ал терминдік мағынасы ар­найы тә­сіл­дер, ере­же­лер ар­қы­лы Құ­ран мен сүн­нет­ негізінде шы­ға­рыл­ған үкім­дер мен көз­қа­рас­тар жиын­ты­ғы, дінді дұрыс түсіну жолы. Өз кезегінде дін өте ауқымды, кең түсінік. Ол шексіз ілім иесі – Ұлы Жаратқанның санрасы шектеулі адам баласын тура жолға бастау үшін жіберген өмір сүру заңдылығы десек те болады.

Сондықтан Алла Тағала пенделері дінді дұрыс түсіну үшін адамдар арасынан таңдалған елшілерді арнайы жіберіп, оларға кітаптар түсіріп отырған. Соның негізінде пайғамбарлар көзі тірісінде туындаған кез келген мәселелердің түйінін шешіп беріп отырған. Жол сілтеуші пайғамбарлар міндеттерін аяқтап, бақиға аттанған кезде адамдар дінді өз түсініктеріне қарай бұрмалап, өзгертіп жіберіп отырған. Осындай жағдай ислам тарихында да орын алған-ды. Жаратқан ие Мұхаммед пайғамбарға (с.ғ.с.) Құран түсіріп, оны түсіндіріп, іс жүзінде жүзеге асырудың жолын көрсеткен-ді.

632 жылы пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қайтыс болғаннан кейін, ислам діні әкелген ой еркіндігінің нәтижесінде мұсылмандар Құран мен хадиске түрлі түсінік беріп, ағымдарға бөліне бастады. Бұған қоса сырттан түрлі тіл, дін, ұлт пен мәдениет өкілдері исламды қабылдап, сан-алуан саяси-идеологиялық әрекеттердің өршуіне де ұйытқы болды. Мәселен, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) дүниеден өткен соң, халифалық мәселе төңірегіндегі жанжалдар шииттердің шығуына түрткі болды. Кейіннен, 656 жылы үшінші халифа хазірет Осман (р.а.) шейіт болғаннан кейін, мұсылмандар өзара қақтығысып, Жәмәл оқиғасы, артынша 657 жылы Сыффин қарулы қақтығысы орын алды. Осы соғыстарда адам өлтіру, әсіресе мұсылманды мұсылман қолымен өлтіру әрекетінің ақыры үлкен күнәлармен аяқталды. Осындай жағдайда «Үлкен күнә істеген пенденің халі не болмақ?» деген сұрақтар туындады. «Иман мен күпірдің аражігі қалай ажыратылады, сонымен қатар адамның қалау еркіндігі мен еркіндіктің шегі қандай?» деген бірқатар мәселелер де өз шешімін талап етті. Бұл мәселелер төңірегінде түрлі көзқарастар айтылып, ақырында мұсылмандар арасында мүржия, харижиттер, қадария, муғтазила және жәхмия секілді мәзһабтардың шығуына әкеліп соқтырды. Сонымен қатар, ислам халифатына қарасты аймақтарда түрлі дін мен мәдениет өкілдерімен мұсылмандардың қарым-қатынас орнатуы, пәлсапалық түсініктердің ислам әлеміне жайыла бастауы секілді сыртқы ықпалдар да сенімге қатысты мәселелерде түрлі көзқарас пен топтардың тууына бірден-бір түрткі болды. Міне, осындай олқылықтардың орнын толтырып, мұсылман үмбетінің бірлігі мен тұтастығын қамтамасыз ету үшін діннің рухын терең түсінген ғалымдар Құран мен хадистерді дұрыс талдап, түсінудің жолдарын үйретті. Осының негізінде діни түсінік жүйеленіп, ретке келе бастады. Сондықтан діннің рухына сай дұрыс түсінікке, ғылыми тәселдерге негізделген сенімдік-құқықтық мәзһабтар (мектептер) келіп шықты. Ол мектептердің басында Құран, хадис және басқа да діни ілімдердің терең меңгерген пайғамбарымыздың өзі айтқандай «пайғамбарлардың мұрагері» саналған ғалымдар тұрды. Міне, мәзһабтар діни түсініктің жүйеленуіне, бір ізділікке түсуіне жағдай жасады. Сондықтан да мәзһабтардың шығуы базбіреулердің айтып жүргеніндей «бидғат» (дінбұзарлық жаңалық) емес, тарихи қажеттілік еді.  

Имам Ағзам мазһабының ерекшелігі

Имам Ағзамның мәзһабына тоқталмастан бұрын, оның негізін қалаушысы жайында қысқаша тоқтала кеткен жөн. Жалпы Ислам дініндегі фиқһ (ислам құқығы) ілімінің қалыптасуы, бір жүйеге келтірілуі мен кең жайылуы осы ұлық имам Әбу Ханифаның атымен тікелей байланыс-ты. Ислам дінінің дамып-өркендеуін қосқан орасан үлесіне орай ол «Имам Ағзам» (Ұлық Имам) деген атпен тарихта қалды. Имам Шафиғи «Фиқһта Әбу Ханифа алып бәйтерек болса, ал былайғы жұрт енді-енді көктеп келе жатқан көк өскіндер тәрізді» десе, тағы бір сөзінде «Адамдар  фиқһ ғылымында Әбу Ханифаға қарыздар. Кімде-кім Әбу Ханифаның кітаптарын оқымаса, ғылымға бойламағаны және фиқһ ілімін мүлдем білмегені» деп Имам Ағзамның фиқһ іліміндегі орнын шегелеп тұрып көрсеткен.

Ол – Ислам дінін терең ұғынып, өмірлік ұстанымға айналдырған шоқтығы биік  ғұлама. Имам Ағзам жалпы алғанда Ислам әлемінің, жалқы алғанда өзінің атымен аталатын ханафи ислам ойлау жүйесінің негізін сонау ерте  заманда (8-ғ.) қалаған дарабоз ғалымдардың бірі.

Барлық мұсылман үмбеті оны үлкен ғалым екендігін бірауыздан мойындаған. Әбу Ханифа фиқһ ілімін қалыптастырып, жүйелеген, фиқһ мәселелерін алғаш бабтарға бөліп, классификация жасаған, парасат-пайымы биік ғұлама. Ол фиқһ негізін қалап, Ислам әлеміне үлкен еңбек сіңірген әрі ұлы танымал ғалымдарды тәрбиелеген. Әбу Ханифа үкім шығару мәселесіне асқан жауапкершілікпен қарап, былайғы жұрттың зердесі жете бермейтін дәрежеде парасат-пайымы кең, кез келген жағдайды жан-жақты талқылай алуымен ерекшеленген ғалым еді.

Хижри II ғасырда (8-ғ.) Ирак фиқһының ішінде Әбу Ханифа және шәкірттерімен қатар Осман әл-Батти, Ибн Шүбрүмә, Ибн Әбу Ләйлә секілді фиқһ ғалымдарының да көзқарастары бар еді. Осы кезеңде Иракта жинақталған фиқһтық тәжірибелердің бертін келе Әбу Ханифаның атымен байланыстырылып, «Ханафи мәзһабы» деп аталуы Имам Ағзамның өз замандастары мен шәкірттері алдында білгір ұстаз ретінде көрініп, көзқарастары мен қолданған әдісінамасының салмақтылығына тікелей қатысты. Оның қажыр-қайраты мен жетілдірген түлектерінің арқасында мектебі «Ханафи мәзһабы» деп аталып кетті. 

Ханафи мәзһабының ең негізгі ерекшелігінің бірі діни мәселелердің тек қана бір адамның көзқарасымен шектелмей «шура», яғни кеңес алқасының пікірі негізінде шешімін табуында. Яғни, Әбу Ханифа мәзһабының негізгі қағидалары қарамағындағы шәкірттері әрі танымал ғалымдардың көзқарастарымен санасу арқылы қалыптасқан. Осыған орай, Зәхид әл-Кәусәрий «Әбу Ханифа өзінің мәзһабын (шәкірттерімен) ақылдасып-кеңесу арқылы қалыптастырған. Ол (діни мәселелерде) шәкірттерінің пікіріне құлақ аспай, өз білгенімен үкім шығарған емес. Бұл оның дінде ижтихад жасау және Аллаһқа, Оның елшісіне (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) және мүміндерге ерекше шынайылық таныту жолын ұстанғандығын білдіреді. Ол діндегі көптеген түйінді мәселелерді ортаға салып, шәкірттерінің пікірін тыңдап, өзінің көзқарасын айтып, бір ай көлемінде немесе одан да көп уақыт бойы бір тұжырымға келгенше олармен пікір таластыратын еді. Соңында шәкірті Әбу Юсуф түйіні шешілген мәселені әдіснамаға енгізіп қоятын. Осылайша, ол әдіснаманы толық хатқа түсіреді. Әрине, бұл мәзһаб (жол, ұстаным) негізін бір ғана адам қалаған, соның ғана көзқарасына құрылған мәзһабқа қарағанда ақиқатқа ең жақын және көңілге қонымдысы» деген.

Жалпы, ақылдасу – Исламның бекіткен негізгі ережесі. Әбу Ханифаның кеңесуге басты мән беруі – шариғаттың өлшемдерінен қия баспаудан туындаған терең жауапкершілігінің айқын көрсеткіші.

Әбу Ханифаның өзгешелігінің бірі – қияс (аналогия, салыстыру) тәсілін жиі қолдануда. Оның себебі, ол Хижаздан мүлде бөлек, әрдайым түрлі толқулар орын алған орта мен дәуірде өмір сүрді. Фиқһтық мәселелерді әр түрлі қырынан алып талқылағандықтан, сол кезде орын алған жағдайлармен қатар болашақта орын алуы мүмкін деген ахуалды да қарастырып, ижтихад жасаған. Әлі орын алмаған мәселелерді қозғау кейбір білімді кісілерге аса ұнай қоймады. Олар мұндай тәсілге «Босқа уақыт жоғалту», «Пайдасыз істермен халықтың миын ашыту» деп қарады. Мәселен, Зәйд ибн Сәбиттен қандай бір мәселе жайында сұрала қалса «Бұл болған жағдай ма?» деп сұрайтын еді. «Әзірге бола қойған жоқ» десе, ол: «Болмайынша оның жауабын іздеп, әлекке түспеңдер» деп жауапсыз қалдырғанды жөн көретін. Ал мүжтәхид имам саналған Әбу Ханифа бұлай ойламайтын. Халыққа дұрыс бағыт сілтеп, жол көрсету үшін болашақта туындауы мүмкін деген мәселелердің шешімін табуға тырысқан.

Басқа мәзһаб имамдарымен салыстырғанда адам факторына ерекше мән берген, адами құндылықтарды мүмкіндігінше барынша қорғауға тырысқан Имам Ағзам Әбу Ханифа еді. Бұны мұсылман әрі мұсылман емес көптеген зерттеушілер мойындаған.

Әр түрлі мәселелерге қатысты оның шығарған үкімдеріне назар салған кезде күмәнді жағдайларда жаза беруден мүмкіндігінше сақтанып, адамдарды қорғайтын үкімдер шығарғанын және мұсылман емес адамдардың құқығын мейлінше қорғауға тырысқанын көреміз.

Адамдар үшін жеңіл жағын және оларға пайдасы тиетін істерді таңдау ұстыны ханафи мәзһабының негізгі ерекшеліктерінің бірі болып табылады. Бұны да өз ойларынан емес, діни негіздерге сүйене отырып шешеді. Өйткені, Құран кәрімде «Аллаһ тағала сендерге қиындық емес, жеңілдікті қалайды» («Бақара» сүресі, 185-аят) делінсе, Пайғамбарымыз хадистерінің бірінде «Дініңіздің жақсысы − жеңіл келгені» деген. Бұл, жалпы, ханафи мәзһабында «Истихсан» әдісі ретінде үкім шығаруда негізгі дәлелдердің бірі саналған.

Әр түрлі хадистер арасынан түпкі мақсатқа тура келгенін таңдау – хадис талдауда Әбу Ханифаның баса назар аударған мәселелерінің әрі негізгі ерекшелігінің бірі. Жалпы фақиһ (ислам құқық танушысы) ғалымдардың міндеті – естіген хадистерін екінші біреуге дәл естіген күйінде жеткізу емес, сол хадистерден негізгі мақсатқа сай үкімдер шығару. Ал бұл өз кезегінде хадистерді тереңірек түсіну әрі хадистен үкім шығаруға қатысты жақтарын мұқият зерттеу арқылы ғана мүмкін болмақ. Бұл – тек қана Имам Ағзамға тән емес, басқа да фақиһтар ұстанған әдіс.

Ханафи мәзһабының өзге мәзһабтардан ең негізгі айырмашылықтарының бірі – шариғат дәлелдерінің қатарына әдет-ғұрыпты да қосуы. Әдет-ғұрып діни үкім шығару, яки, пәтуа беру тұрғысынан мұсылман құқығының қайнар көздерінің бірі болып табылады. Әдет-ғұрыпқа мән беріп, оны негізге алу – Ислам құқығының динамизмін, барлық уақытта жергілікті халықтың дүниетанымына сай келетін кеңдігін көрсететін бірден-бір ерекшелігі. 

Ислам құқығының негізгі ұстанымдарының бірі саналған «Уақыт талабына, яғни, заманның өзгеруіне байланысты үкім де өзгереді» дейтін ережесі Исламның алғашқы кезеңдерінде-ақ қолданысқа енген болатын. Әбу Ханифа мен шәкірттерінің Ислам аймағының кеңеюі нәтижесінде қоғамдық құрылымы бөлек, басқа мәдениет өкілдеріне қарағанда орталыққа жақын аймақта өмір сүргендіктен, мұндай өзгерістерге көбірек куә болғаны белгілі. Берген үкімдері мен хадистерді талдауда осы мәселеге айрықша назар аударғаны байқалады.

 «әл-Алим уәл-мутааллим» атты кітабында Әбу Ханифа «Бүйректен сирақ шығарып, бидғатқа бастама, өйткені, сахабалар олай істемеген. Олар немен шектелді, сол сен үшін де жеткілікті» деушілердің бар екенін айтып шағымданып келген шәкіртіне: «Олар саған әлгі сөзін қайталаса, мен олардың жағдайында болсам, оларға жеткілікті саналған нәрсе маған да жеткілікті болар еді» деп жауап бер. Олардың кезіндегі жағдай мен біздің кезіміздегі жағдай екі басқа» деп, дәуір тынысына қарай үкімдердің де өзгеретіндігін баяндайды. (Бұл Құран мен сүннеттің рухынан туындаған үрдіс. Өйткені Аллаһ тағаланың Өзі шариғатқа қайшы келмеген арабтардың бұрынғы әдеттерін сол күйі қалбырған. Бұл өз кезегінде әр түрлі ұлт пен дін өкілдерінің Ислам дінін жатсынбай қабылдауына жағдай жасады.

Шариғат үкімдерінің және Ислам құқығының негізгі қағидаларына қайшы келмейтін әдеттер негізге алынуы керек. Өйткені, Ислам құқығындағы үкімдердің негізгі мақсаты – адамдардың игілігі, әділетсіздікті болдырмау және қиындықтың алдын алу. Олай болса, Ислам құқығы бойынша үкім берілер кезде белгілі бір қоғамда әдетке айналған ғылым, білімде өзіндік орны бар ғалым мамандардың да құптаған көзқарасымен есептеспеу былайғы жұртты қиындыққа итермелеп, тығырыққа тірейді. Ал бұл – өз кезегінде Ислам құқығының ең негізгі мақсатына қайшы.

Құран мен сүннетке жіті назар аударғанда, шариғаттың құқықтық нормалар бекітуде қоғамдық-әлеуметтік ерекшеліктерді назарға алғандығы, түбегейлі өзгерістерді бірден емес сатылай, бірте-берте өзгерту әдісін қолданғандығы, халықтың аят-хадиске қайшы келмейтін дәстүрлерінің жалғасын тапқандығы байқалады. Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) осындай ұстанымдарын негізге алған фақиһтар кейбір мәселелерге қатысты үкім берерде халықтың әдет-ғұрпына мән берген.

Ханафи фиқһы – аят-хадистер негізінде жүйелі ойлаудың үлгісі, адам баласының сенім, ғибадат, ахлақ, жан-дүниесі мен сыртқы көрінісі арасында тепе-теңдікті негізге алған, уақыт өте келе бір жүйеге түсіп үлкен мектепке айналған, әлемнің түкпір-түкпіріне тараған, төзімділікті насихаттайтын даңғыл жол.

Ханафи мәзһабының кең таралу себебі неде? Орта Азиядағы дәстүрлі исламдағы Имам Ағзамның мазһабының ролі, біздің бабаларымыз өзге қандай мәзһабтарды ұстанды?

Ханафи мәзһабының құрылып, кең таралуының басты себептерінің бірі – Әбу Ханифа мен шәкірттері-нің жинақтаған фиқһтық тәжірибелерінің сол кезеңдердің өзінде хатқа түсіп, одан кейін де жалғасын табуында жатқан болатын. Алғашқы бір-екі ғасырдағы ханафи фиқһының жинастырылып-жазылуы мәзһабтың құрылуы мен танылуына жол ашса, кейінгі кезеңдерде һижра жыл санауы бойынша, IV біздің жыл санауымыз бойынша Х ғасырдан басталған кітаптарды жинастырып жазу ісі мәзһабтың қалыптасуы мен дәстүрлі түсінігінің орнығуына жағдай жасады.

Иракта туып, орталығы Куфада болған ханафи фиқһының шартарапқа таралуының тарихи кезеңдері мен қоғамдық, діни және әлеуметтік көптеген себептері бар. Солардың бірі, оның айналасында жиналған ижтихад шурасы (үкім шығару алқасы) мен фиқһ академиясының өздерінен бұрынғы сахаба және табиғиндардан келіп жеткен Құран мен хадис мұрасын, олардың көзқарастары мен ижтихадтарын терең зерттеп, бойларына сіңіре отырып, өмірдің барлық салаларын қамтитындай етіп кең көлемде дамытуында жатыр. Осылайша, фиқһты жеке адамның қажеттіліктерін өтейтін, қоғам мен басқару тәсілін оңтайландырған біртұтас әрі бай дәстүрге айналдыра алулары да ерекше рөл ойнады. Әбу Ханифа мен шәкірттерінің аят-хадиске сүйенген дәстүрлі діни түсінікті көңілге қонымды етіп түсіндіру арқылы, насс (аят-хадис) пен ақылдың арасында тепе-теңдік орната отырып, дамытқан фиқһ әдіснамасы нәтижесінде жүйесіз ойлауға негізделген түсінік тізгінделді. Осындай ерекшелігінің арқасында, сол әрі одан кейінгі кезеңдердегі ғалымдар мен мүжтәхидтер арасында беделге ие болып, көпшілік ғалымдар фиқһтың осы бағытта дамығанын құп көрді. Әбу Ханифаның ақида саласында сәләф деп аталған ең алғашқы ғалымдардың түсінігіне ие болуы да ғалымдар арасында сенімділікке бөленуіне оң ықпал жасады.

Ханафи Фиқһының кең жайылуының ең басты себептерінің бірі – шәкірттерінің қажырлы еңбектері мен атқарған қызметтері. Әбу Ханифа өзінің ерекше дәріс беру жүйесі арқылы көзі тірісінің өзінде қырыққа жуық мүжтәхид ғалым әрі төрт  мыңға жуық шәкірт тәрбиелегендігі тарихи кітаптарда келтірілген. Имам Ағзамның және оның ең хас шәкірттері Әбу Юсуф, Имам Мұхаммед, Зуфар, Хасан ибн Зияд секілді мүжтәхид шәкірттерінің жетілдірген түлектерінің Хорезм, Батыс Түркістан, Хорасан мен Мәуараннахр секілді жаңадан мұсылман болған аймақтарда белсенді қызмет атқарулары ханафи фиқһының ел арасында тарауына өзіндік ықпалын жасады.

Аббастықтар әулетінің халифасы Харун әр-Рәшидтің Әбу Юсуфты қадиул-қудат (қазылардың қазысы, жоғарғы сот) міндетіне тағайындауы және барлық қазыларды тағайындау ісін соған тапсыруы сот істерінде жүйе мен біркелкілікті қамтамасыз ету ел аумағында құқықтық тұрақтылық пен сенімділік ортасының құрылуы жолында жасалған маңызды қадам болумен қатар, әсіресе кейінгі дәуірде мұсылман билігінің қол астына өтіп, халқы жаңадан мұсылман болған елдерде ханафи мәзһабының танылуы мен таралуына елеулі ықпал етті.

Негізінде, мемлекеттердің ресми мәзһаб ұстанымдары құқықтық бірлік пен тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған шара еді әрі өзіндік пайдасын да тигізді. Бұл өз кезегінде мәзһабтардың бір елде тарауының сырт көзбен қарағандағы негізгі себептері секілді көрінгенімен, сол аймақтардың ерекшеліктеріне сай келгенін де есепке алған жөн. Мәселен,  қоғамда қалыптасқан әдет-ғұрыптардың белгілі бір мәзһабты қабылдауда жағымды немесе жағымсыз рөл ойнағандығы белгілі. Мәуараннахр, Хорасан, Үндістан, Батыс Түркістан және Ислам мемлекетінің қол астына өткен араб емес өзге ұлттардың ханафи мәзһабын өздерінің әдет-ғұрыптары мен қоғамдық өмірлеріне сай келгендіктен қабылдағандықтары да әбден мүмкін.

Ханафи мәзһабының араб емес ұлттардың арасында кең таралуының негізгі себептерінің бірі – әр аймақтағы халықтың ұлттық ерекшеліктерін сақтай отырып, мұсылмандықты ұстануға ерік беруінде. Сонымен қатар діни мәтіндерді сөзбе-сөз, тек тікелей түсінуден бұрын оның астарындағы арнасының көзін ашып, зерттей отырып, ақылмен шешуге тырысуы, дініміздегі жеңілдікті ту етіп ұстануы – басқа дін өкілдерінің, соның ішінде ата-бабаларымыздың да сонау ықылым заманда осы мәзһабты қабылдауына жол ашты десек қателеспеген болармыз.

Орталық Азияда ислам берік орнамай тұрған кездері түрлі діндер мен қатар,  ханафилік кең тарамастан бұрын шииттердің, мұғтазилиттер мен шафиғилердің болғандығы белгілі. Алайда Қарахан патшасы Абдулкәрім Сатұқ Бұғра ханның 921 жылы сүнниттік ханафи бағытты  түркілер үшін ресми дін ретінде жариялауы нәтижесінде бұл аймақтарда ханафи мәзһабы  кең тарай бастады. Мәуәрәннахр аймағында көптеген ханафи ғалымдары өсіп жетілді. Осы кезеңнен бастап біздің бабаларымыз ханафи мәзһабын ұстанып, ислам мәдениетінің өркендеуіне өзіндік үлестерін қосты. 

 

Қожа Ахмет Иассауи Имам Ағзам мәззһабын ұстанған ба?

Ахмет Иассауи бабамыздың қай мәзһабты ұстанғанына қатысты әр түрлі пікірлер айтылғанымен, мен өз басым Имам Ағзам мәзһабын ұқстанған деген пікірді қолдаймын. Өйткені мұны қуаттайтын айғақтар аз емес. Мәселен хикметтерінің Қазан баспасында ханафилікті ұстанғандығына қатысты өлең жолдары бар. Сонымен қатар оның ұстазы Жүсіп Хамаданидің де ханафи мәзһабын ұстанғандығына қатысты мәліметтер бар. Әрі Жоғарыда айтып кеткеніміздей Сатұқ Бұғра ханн билігі кезеңіне бастап ханаифилік тұркілер арасында кең тарала бастады. Түркі халықтарының ислам дінін қабылдап, өмірлік салтына айналуы жолында зор үлес қосқан, «Пир-и Түркістан» атанған Иассауи бабамыздың Имам Ағзам мәзһабын ұстанғандығын иассауитанушы ғалымдарымыз да айтып жүр.

Қорытындылай айтар болсақ, қазіргі қалыптасқан діни жағдайдың күрделілігін ел игілігінің пайдасы жолында шешу мақсатында Имам Ағзам мен ханафи мәзһабының өміршең ұстанымдарын барынша уағыздап, оның ғылыми әрі идеологиялық негіздерін қалыптастыруымз қажет. Осының маңыздылыған ескерген өкіметіміздің жаңа қабылданған « Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңның кіріспесіне «халықтың мәдениетінің дамуы мен рухани өмірінде ханафи бағытындағы исламның және православтық христиандықтың тарихи рөлін танитынын» деп көрсетуі өте орынды әрі тарихи мәнге ие. Ал бұның жүзеге асырылуы көптеген ғылыми жобаларды қажет етеді.

Алау  ӘДІЛБАЕВ,

исламтанушы

Оқылды 608 рет
JoomShaper
Top