ҚР ІІМ Ақтөбедегі жағдайға қатысты мәлімдеме жасады

Жексенбі, 05.06.2022

Бүгін Ақтөбеде суық қаруланып алған бірнеше адам «Паллада» қару-жарақ дүкеніне шабуыл жасады, деген хабар бүкіл елді дүрліктірді. Елді шулатқан оқиғаны еліміздің Ішкі істер министрлігі де ресми түрде растады. Ведомствоның Мемлекеттік тіл және ақпарат департаменті директоры Алмас Садубаевтың айтуынша, белгісіз біреулер тағы бірнеше қару-жарақ дүкендеріне шабуыл ұйымдастырған.

«Ақтөбе облысы ІІМ-ге белгісіз біреулердің «Паллада» қару-жарақ дүкеніне шабуыл жасағаны туралы ақпарат келіп түсті. Бұған қоса өзге қару-жарақ дүкені мен Ұлттық гвардияның әскери бөліміне шабуыл жасалынғандығы да белгілі болды. Қолға алынған арнайы шаралардың арқасында қаскөйлердің үшеуінің көзі жойылып, біреуі жараланды. Бірнешеуі қоршауға алынды. Шабуылдаушылардың бірқатары қашып, оқиға орнынан таса болды. Қазір оларды қолға түсіру операциясы қолға алынды» деп мәлімдеді Садубаев.

Алдын ала болжам бойынша қаскөйлер - дәстүрлі емес діни ағымның радикалдық ұстанушылары екендігі айтылуда. Алайда, бұл әлі де нақты ақпарат емес. Қару асынып, қақтығыс ұйымдастырушылардың дінге еш қатысы жоқ болу да мүмкін. Оқиғаның нақтылығын арнайы құзырлы орган алдағы уақытта анықтайтын болады. Қазір Ақтөбеде ойын-сауық орындарының жұмысы мен қоғамдық көліктердің қозғалысы тоқтатылған.

Оқылды 707 рет
JoomShaper
Top