Бір күні ұлы сахабалардың бірі Ханзала әл-Әсадий (р.а.) көшеге уайымшыл болып шығады. Мұны байқаған Әбу Бәкір (р.а.) одан мұның себебін сұрайды.
Ханзала әл-Әсадий:
– Ханзала екі жүзділік танытты – дейді. Әбу Бәкір оған:
– Қылған екіжүзділігің не? – деп сұрайды. Ханзала әл-Әсәдий:
– Расында біз Алла елшісінің қасында жүргенімізде, ол жәннат пен тозақ жайында айтқан кезінде, оны көріп тұрғандай сезінеміз. Ал енді отбасымызға оралып, бала-шағаның ортасына кіргенде оның барлығын ұмытып кетеміз – дейді.
Әбу Бәкір Сыддық (р.а.):
– Аллаға ант етейін! Мен де өзімді солай сезінемін – дейді. Сөйтіп, екеуі мұның себебін сұрауға Алланың елшісіне (с.ғ.с.) барады.
Алланың елшісі (с.ғ.с.) ол екеуіне:
– Алланың атымен! Егер сендер менің қасымнан кеткеннен кейін де ақыретті дәл солай елестетіп жүретін хәлде болсаңдар еді, онда періштелер сендермен далада және үй ішінде амандасып жүрер-ді. Алайда ей, Ханзала! Жағдай бұлай болмайды. Әр нәрсе сағат-сағатымен (яғни бір уақыт ақыретті еске алып, зікір қылылынса, енді бір мезгіл бала-шағамен болу тиіс, дүние қамы) – деп жауап береді.
Әңгімеден шығатын пайдалы сабақ
«Ақылдыға ишарат...»
Мұсылман ғалымдары күнді бес түрге бөледі.
Олар: өткен күн мұны «қайта келмеске кеткен күн»; өмір сүріп жатқан күн мұны «бүгінгі күн»; келешек күн мұны «ертеңгі күн»; Алланың уәде қылған күні мұны «есеп-қисап күні»; мәңгілік күн мұны «ақыреттік өмір».
Мұсылман адам өзіне берілген уақытты тиімді әрі тең пайдалануы керек. Белгілі уақытта ақыреттік азығын жинайды. Алла тағала уақыттың қәдірін біліп, ақыреттік өмірге азық жинап асығуға шақырады:
«Ендеше түнерген мезгілге әрі таң атырған уақытта Алланы пәктеңдер! Көктер мен жерде, кешке және түскі уақытқа кіргенде, барлық мақтау Аллаға лайық» (Рум: 17-18).
Сондай-ақ, пайғамбарға (с.ғ.с) бір сахаба келіп:
– Уа, Алланың елшісі! Менің әйелім бар. Егер ол менің үйге қайғырып келгенімді көрсе, қасыма жақындап, шапанымның бір шетін жүзіне сүртеді де:
– Егер сенің уайымың дүние үшін болса, оны Алла кетіреді. Ал егер қайғың ақыреттік болса, онда Алла оны күшейтсін деп айтады – дейді.
Алланың елшісі (с.ғ.с.):
– Расында сенің әйеліңе сол үшін шаһидтердің сауабы мен ризығы жазылады – деп кеңес береді.
Мұнда Аллланың елшісі (с.ғ.с.) «Егер қайғың ақыреттік болса, онда Алла оны күшейтсін» деп айтқан сахабаның әйеліне де, отбасына да жақсылық тілеп отыр. Өйткені әйел күеуінің Алланы, ақыретті, есіп күнін жиі ойлап тақуа болғанын қалауда. Құдайын ұмытпаған пенде құдайшыл, тәубешіл және шүкіршіл келеді.
Екінші пайдалы сабақ:
Күннің белгілі уақытын бала-шаға, ағайын-туыс, жұмыс пен кәсіп деген сияқты дүние тіршілігіне де бөлу қажет. Пайғамбардың (с.ғ.с.): «Менің үмбетімнің жақсысы – ортасын ұстағандарың», – деп айтқан. Сондықтан, мұсылман адам ақыретімен бірге бұл дүниесімен де шұғылданып отырғаны мақұл.
Омар ибн Хаттабтың (р.а.) үйіне кірген қызметші, оның шалқасынан түсіп, үстінде сәбилердің ойнап жатқанын көреді. Бұл жағдай қызметшінің көңіліне ұнамағанын байқап қалған Омар:
– Сен өз бала-шағаңмен қалай қатынас қыласың? – деп сұрайды.
Қызметші:
– Мен үйге кіргенімде, сөйлеп отырған адамның ауызына құм құйылады – дейді. Мұны естіген Омар (р.а.):
– Сен қызметтен босадың! Өз отбасың мен бала-шағаңа қатыгез болсаң, онда Мұхаммедтің үмбетіне қалай рақымды болмақсың? – дейді.
Үшінші пайдалы сабақ
Діннің тыйым салған амалдардан сақ болу. Жоғарыдағы әңгімеден көргенімздей екі ардақты сахаба да, яғни, Ханзала әл-Әсадии мен Әбу Бәкірде (р.а.) екі жүзді болудан қатты қорықты. Пайғамбардың (с.ғ.с.) қасында ақыретті ойлап, жалғыз қалғанда дүние тіршілігімен әлек болып мұсылманға лайық емес әрекет жасап жүрміз бе деген үрейге тұсті. Өткенні дінімізде екі жүзділік қайтарылған. Мұнафықтың бойында бар сипаттар мұсынанда болмауы тиіс. Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен хадисте Алланың елшісі (с.ғ.с) былай деп айтқан: «Мұнафықтың үш аламаты бар – сөйлесе, өтірік айтады; уәде берсе, орындамайды және сеніп аманат тапсырылса, (оған) қиянат жасайды» (Бұһари, Мүслим).
Жалғас Садуахасұлы дінтанушы,
философия ғылымдарының кандидаты