Қайтыс болған кісінің жетісі, қырқы және жылын беру шариғатқа қайшы ма?

Дүйсенбі, 13.06.2021

Қазақ дәстүріндегі қайтыс болған кісінің артынан жетісін, қырқын, жылын беру әдеті шариғатта міндетті түрде атқарылуы тиіс парыз амалдарына жатпайды. Ол – адамның еркіне қалдырылған сауапты іс. Яғни, жасалмаған жағдайда ешбір адам күнәһар саналмайды.

Жетісін, қырқын беру ғұрпы қазақ халқының тұрмыс ерекшелігінен туындаған үрдіс. Ол – ұлан-ғайыр аймақты мекендеп, алыстан қыз алысып, қыз беріскен, қарға тамырлы қазақ үшін туған-туысына көңіл айтуға бір күнде немесе аза тұтылатын үш күн ішінде келуіп жету мүмкін болмағандықтан әрі қара жамылып отырған шаңырақ иелеріне де бей-берекет уақытта келіп қолайсыздық тудырмау мақсатында туындаған игі іс. Қайғыға да қуанышқа да ортақтасуды әдетке айналдырған халқымыз туған-туыс, құда-жекжат көңіл айтып, қайғысына ортақтастығын білдіруді өздеріне қарыз деп білгендіктен міндетті түрде келуге барын салған. Туған-туыспен қарым-қатынасты үзбеу де шариғат талабынан туындағандығы мәлім.   

Сонымен қатар «қырықтың бірі қыдыр» деп сенген халқымыз қайтыс болған кісінің артынан құдайы ас беріп, дуалы ауыз ақсақалдардан бата алып, қайтқан кісі үшін кешірім тілеуді перзенттік борыш деп білген.      

Жалпы алғанда ислам шариғатында дүние салған адамның артынан Құран оқытып, құдайы ас беріп, садақа жасаудың сауапты іс екендігі белгілі. Сондықтан да осындай ізгі мақсаттан туындаған халық дәстүрін мансұқтап, шариғатта мүның негізі жоқ деу жөнсіз.

Алайда мына нәрсені де ұмытпаған жөн дінімізде адамдарға қиындық тудыруды көздемейтіндіктен қарызданып немесе өзіне қажетті қаржыны жұмсап міндетті түрде өлі атынан үлкен мал сойып, садақа бер деген үкім жоқ. Ас ысырапқа жол берілместен атқарылуы тиіс.

Оқылды 670 рет
Жауап берген:
JoomShaper
Top