Жауап:
Армысыз, Жансая әпке!
«Қожа Ахмет Ясауидің ақындық əлемі» атты монографиям 2007 жылы Алматыда «КИЕ» лингвоелтану-инновациялық орталығынан жарық көрген болатын. Қай мекемелерге таралғаны жөнінде мағлұматым жоқ. Одан кейін қайта бастыру мәселесін қолға алуға уақыт мүмкіндігім болмады.
Ал « Ғасырлар шыңынан шашылған нұр» ұжымдық ғылыми басылымы Оңтүстік Қазақстан облыстық әкімдігінің тапсырысымен 2007 жылы Алматыда «Қазэтнодизайн» баспасынан жарық көрген. Бұл кітаптың да кейінгі таралымы, көбейтілуі жөнінен хабарсызбын.
Өкінішке орай, астаналық жұмыс қарқыны өз шығармашылығымыздың жай-күйін ойлауға мүмкіндік бермейді, сондықтан көптеген еңбектерім әлі жарық көрмей, бұрын жарияланғаны қайта басылмай қалып қоюда.
Соңғы жылдары «Дін. Дәуір. Дәстүр» атты кітабым республика көлемінде көбірек таралды. Ал қазір қолымда тек «Дін, әйел және руханият» және «Хикмет-ғұмыр» атты кітаптарым ғана бар. Аталған кітаптарды Астана қаласында болсаңыз тікелей Өзіңізге табыстай аламын.
Ал «Қожа Ахмет Ясауидің ақындық əлемі» монографиясының электрондық нұсқасын «E-islam» сайтының кітапханасына орналастыруға жолдаймын, сол жерден оқып танысуыңызға болады. Бір атап өтерлік жайт –осы кітаптың негізгі желісі жеке мақалалар түрінде аталған сайтта кезең-кезеңімен жариялануда.
Шығармашылығыма қызығушылық танытқаныңыз үшін рахмет!