ДАИШ – Алланы алдаймыз деген шайтанның қолшоқпары

Жұма, 12.08.2021

Сирия мен Ирак мемлекеттерінде елдің тыныштығын бұзып, халықты туған жерінен бездіріп, босқын болып басқа елдерден пана іздеуіне бірден бір себепкер –  ДАИШ екендігі мәлім. Өздерін «Ислам мемлекетіміз» деп атап жүрген ұйымның ислам атына кір келтіретін  теріс пиғылды әрекеттерін бүгінгі күні әлемнің дін ғұламалары қатты сынға алып, арнайы пәтуа шығарып, өз көзқарастарын білдіруде.

Енді, бүкіл әлемді үрейлендіріп, халықтың назарын өзіне аударып отырған ДАИШ ұйымы туралы беделді исламдық ұйымдар мен дін ғұламаларының пікіріне назар аударайық.

Бүкіләлемдік мұсылман ғұламалар ұйымының бас хатшысы Әли Мұхиддин әл-Қарһадағи мәлімдеме жасап, қазіргі таңда ДАИШдеп танылған ұйымның ұстанымдары Мұхаммед пайғамбар алып келген ислам дініне сәйкес келмейтінін, олардың мұсылмандарға пайдасы емес, зияны тиіп  жатқанын  мәлімдеді.

Қалай құрылғаны беймәлім, ешқандай референдумсыз, халықтың қалауымен емес қарудың күшімен құрылған бір топ адам өздерінің қарамағына мәжбүрлеп қосып мұсылмандарды ойдан шығарып алған шариғаттарының тар шеңберіне қамап қойды.

Мемлекет құрған соң оның өзіндік заңдары, шарттары мен ережелері болуы керек. Елдің барлық ішкі және сыртқы мәселелері халықпен кеңесу арқылы шешімін табатыны белгілі. Өйткені, Құранда Алла Тағала: «Ей, Мұхаммед, олармен (мұсылмандармен) кеңесіп, ақылдасып қадам жаса»деген. Өкінішке қарай,  қазіргі Ирак жеріндегі халифат өз дегендерін жүзеге асырып, басқа мұсылмандармен санаспастан жеке бағытта мемлекет құрып алған. Тіпті, бұл құрылған мемлекетті исламның атымен айтуға да тіл бармайды. Олардың ұстанған жолдары, әрекеттері мен шешімдері тек өздерінің көзқарасымен ғана жүзеге асады.

Шынайы ислам діні халықтың татулығын көздеп, бүлікке жол бермейтіні Құран Кәрімде анық жазылған. Ал, қазіргі ДАИШ-тың жантүршігерлік әрекеті адамдарды ислам дінінен шошытады. Қарап отырсақ, лаңкестік пен экстремизм ДАИШ-тің шынайы бейнесі екенін анық байқаймыз.

Ирак мұсылман ғұламаларының қауымдастығыИрак елі бүгінде «адасушы тәкфиршілер» тарапынан түрлі шабуылдарға тап болып жатыр. Олардың мақсаты – Ирак жерін басып алып, онда террористік идеологияны тарату. Мосул қаласы фиқһ басқармасының басшысы Шейх Абдул Карим Шабан айтқандай, Иракта ислам ғұламалары пәтуа және фиқһ басқармаларымен бірлесіп, ДАИШ-ке қатысты шешім шығарды. Бұл шешімде Ирак халқын бірігіп, ислам атын жамылған ДАИШ-тің кез келген әрекетіне жұмылып тосқауыл болуға шақырған. Сонымен қатар, шешімде ДАИШ әділдік пен ақиқатты орнатамыз деген жалған ұранмен экстремистік идеологияны таратып келетіні айтылған.

Ирак ғалымдары да бірауыздан: «ДАИШ террористік ұйым екеніне бүгінде ешкімнің күмәні жоқ шығар. Олар –  әділдік пен ақиқатты көрмейтін соқыр адамдар. ДАИШ сүнниттік бағытқа қарама-қайшы келетін «хауариждер» деген.

Сауд Арабия бас мүфтиі Абдель Азиз бен Абдалла аш-Шейх кез келген ұлтты, нәсілді және жерді жоюды көздейтін экстремистік және террористік идеологияларға ислам дінінде орын жоқ екенін, «ДАИШ», «әл-Каида» және оларға қатысты барлық террористік ұйымдар ислам дінінің қас дұшпанына айналғанын айтты. Себебі, олардың бұзақы әрекеттерінен қаншама мұсылмандар ажал құшқан.  Ал, ислам дінінде жазықсыз адам өлтіру аса зор күнә екені бәрімізге белгілі.

Расында, мұндай ұйымдардың атын ислам дінімен байланыстырмау керек. Себебі, олар өздері сияқты ойламаған мұсылмандарды күнә жасаған кәпірге айналдырып, ислам дінінен ең алғашқы бөлініп шыққан хауариждердің әрекетін қайталауда.

  «Әл-Әзһар» университетінің шейхі Ахмед Тайб осы жағдайға байланысты Ирак пен Сирия халқы дәл қазір бойдағы бүкіл күшті біріктіріп, елдегі болып жатқан қантөгіске төтеп берудің жолдарын қарастыруы керектігіне, ДАИШ бүгінде елдің тыныштығын алып, көптеген бейбіт халықты аяусыз қырғанына, мешіттерді, тарихи жәдігерлерді жоюды әдетке айналдырғанына назар аударады. Өзге конфессия өкілдерін өздеріне дұшпан тұтып, ислам атын жамылып мұндай ұйымдардан және олардың сұрапыл әрекеттерінен ислам діні пәк. Осындай қантөгіске апаратын әрекеттер ешбір дәстүрлі дінде жоқ. Олай болса, конфессияаралық төзімділік, діндердің ынтымақтастығы, достығы деген ұстанымы жоғалған ДАИШ-ке дін түгілі оның жолынан садаға кетсін демегенде не дерсіз.

«Әл-Әзһар» ғұламалар кеңесінің мүшесі Махмуд Маһнә Махмуд та «Ирак пен Сириядағы ДАИШ  содырлары мұсылмандар қатарынан емес» деп мәлімдеді. Өйткені, әһли сүннет мұсылмандары еш уақытта бейбіт халықтың тыныштығын алып, оларға қарсы күш қолданбайды және Алла харам еткен қантөгіс әрекеттеріне бармайды. Міне, әһли сүннет мұсылмандарының сипаты осындай болса, онда ДАИШ әһли сүннет атына өшпестей қара дақ түсіріп отыр. Алланың дінін қаралап, исламды қантөгіс, бұзақылықты қолдайтын дін етіп көрсетуде. Нәтижесінде, бүкіл әлем ислам дінін теріс жағынан танып жатыр.

Осыған қарап-ақ, ДАИШ-тің Алла Тағаланы алдаймыз деген Шайтаның қол шоқпарына айналғанын анық көреміз.

Мысырдың бас мүфтиі Абдул Карим аш-Шауқи ДАИШ– тура жолдан тайған шайтанның шоқпары деп дұрыс баға беріп отыр. Ақиқатында да ДАИШ-тің исламнан алар орны жоқ. Өйткені, ДАИШ-тың әрекеті исламның барлық құндылықтарына, шариғи амалдарына толықтай қарама-қайшы. Бұған қоса,олар адами құндылықтар мен моральдық қасиеттерден жұрдай. Қазіргі таңда мұндай террористік ұйымға тосқауыл болу бүкіл әлемдік халықаралық күшті қажет етеді. Сондықтан, барлық әлемдегі ислами ұйымдар жұмылып, осындай ислам атын жамылған террористік ұйымдардың жолын кесуге тиісті шараларды қолдануы қажет екенін көрініп тұр.

«Әл-Әзһар» ғұламалар кеңесінің мүшесі Ахмад Омар Хашим:

«Мұхамед пайғамбар біздерді осындай бүлік шығарушы ұйымдардың келетінін алдын-ала ескерткен болатын. Пайғамбар: «Қиямет күні жақындағанда жас жігіттерден, ақымақ адамдардан құрылған қауым шығады» деген. Расында, ДАИШ-тің құрамында жас жігіттер көп және олардың барлығы дерлік саналары уланғандар. ДАИШ-тің басты ерекшелігі – ислам шариғатынан білімдері таяз. Олардың басым көпшілігі ғұламалардың алдында отырып білім алмаған. Тек саналарында қалыптасқан қате түсініктерімен ғана біржақты шешім қабылдайды. Құран аяттарын жаттанды түрде оқып дәлелдер де келтіреді, алайда, ол аяттың түпкі мақсатын ұқпайды. Осылайша,  Ахмад Омар Хашим «ДАИШ – олар тура жолдан тайғандар, қазіргі заманға хауариждер» деген баға береді.

ДАИШ ұйымының тарихи жәдігерлер мен мешіттерді қиратуына байланысты Мысыр пәтуа шығару басқармасы оларға қатысты пәтуа шығаруға мәжбүр болды. Осы пәтуада кез-келген исламда қасиетті саналатын жәдігерлерді қирату – Аллаға тікелей қарсы шығумен тең болатыны баяндалды. Себебі, Алла Тағала Құранда: «Кімде-кім Алла алдында қасиетті саналатын белгілерін құрметтесе, күдіксіз ол, жүректің тақуалығынан» (Хадж: 32)деген. ДАИШ бүгінде Алланың осы бір аятын ұмытқан секілді. Олар өздерінің сорақы қылықтарымен мешіттерді бомбалап, тікелей Аллаға қарсы шығып жатыр. Бұған дәлел –  Мосул қаласының батысында орналасқан «ХушХан» елді мекеніндегі «Мариам Хатун» атты мешіттің қиратылуы.

Бұдан бөлек Мосул қаласында орналасқан ең көне саналатын «Сұлтан Уайс» мешіті де бомбалаудың салдарынан қирады. Бұл мешіттің тарихы сонау 1838 жылда жатыр. Сонымен қатар XIX ғасырда салынған «әл-Хадар» мешіті, Омар ибн Хаттабтың халифатында салынған «әл-Фаруқ» мешітін де ДАИШ содырлары жермен-жексен етті. Бұдан басқа да көптеген тарихи діни көне жәдігерлер елдегі шиеленістің салдарынан жоқ болып отыр.

Бүгінде ислам және христиан діндерінің қасиетті жерлерін қирату ИМ-нің бас­ты мақсатына айналды. Бұл өз кезегінде ДАИШ өзін тағы бір террористік ұйым екенін дәлелдеді.

Ғибадатханалар – бұл діндарлардың өздерінің құлшылықтарын орындайтын қасиетті мекені. Сондықтан, кез келген ғибадатханаға құрметпен қарау керек. Қазіргі таңда ДАИШ осындай қасиетті, атадан балаға қалған діни жәдігерлерді қиратуымен ешбір дін құптамайтын қылмыстық әрекет жасап отыр.

Балғабек МЫРЗАЕВ,

теология ғылымының докторы

Оқылды 1077 рет
JoomShaper
Top