ДАИШ-тың сұмдығын көзбен көргендер

Бейсенбі, 29.09.2021
ДАИШ-тың сұмдығын көзбен көргендер

Бүгінгі таңда ДАИШ ұйымы дүйім елді дүрліктіріп тұр. Бір өкініштісі ислам атын жамылған содырлардың қатары уақыт өткен сайын әр елдің жастарымен толығуда.  ДАИШ бүгінде Сирия мен Ирактың құтын қашырды. Бұл ұйымның адасқандар екендігін ислам ғұламалары бір ауыздан айтқан болатын. Шынында, ДАИШ-тың шынайы бет-бейнесі қандай? Бұл сұрақтың жауабын ДАИШ қатарында болған, зардабын тартқан жандардың жан айқайларынан білуге болады.


 
ДАИШ құрамында 2 жыл болдым

«Алғашында ДАИШ басшылығы маған «Біздің қатарға қосылсаң беделіңді арттырамыз»  деп уәде берген еді.  Менің міндетім – әлемнің барлық жеріндегі мұсылмандарға үндеу тастап, оларды ДАИШ қатарына тарту. Алайда, ДАИШ-қа қосылған сәттен бастап, мені Ирак Әмірінің қол астында қызмет етуге орналастырды. Ондағы міндетім­ Ирак пен Сирияда болып жатқан қақтығыстарға, яғни  ДАИШ әскеріне көмек ретінде қару-жарақ жіберіп отыру болды. Осылайша, әскер басшыларымен бірге жұмыс жасап жүрдім. Күндердің күнінде бір отырыста бір офицермен сөзге келіп, дауласып қалдық.  Сонда әлгі офицер тарапынан адамдар шығып мені дереу қамауға алды. Ешбір себебін түсіндірместен бірнеше күн қамауда ұстады. Сонда байқағаным ДАИШ көзқарасымен санаспасаң, дереу қамап тастайды екен. Ол жердегі әскер басшыларының шынайы аты аталмайды, тек бір-бірін лақап атпен таниды екен. Бұл Саддам Хусейн кезінен қалған ереже еді. Сол әскер басшылардың арасында Саддам Хусейннің қол астында арнайы қызметте істеген бір кісіні таныдым. Ол қазір ДАИШ-тың құпия құжаттарымен айналысып жүр.

Негізі ДАИШ-тағы маңызды деген негізгі әсери шешімдерді қабылдайтын – Ирактың бұрынғы офицерлері. Өйткені, ондағы қауіпсіздік қызметі, ақпарат қызметі және әскер басшыларының барлығы дерлік Ирактың офицерлері және олардың бәрі көп жылдар бойы әскери тәжірибеден өткен кәдімгі мамандар. Олар соғыстың қыр-сырын біледі.

ДАИШ-тың бір ерекшелігі,  олар түрлі атыс-шабысқа өзін-өзі жарып жіберу секілді әрекеттерге жалған жиһадтты аңсап келген шетелдік азаматтарды ғана жібереді.

ДАИШ құрамында 2 жыл болдым. Барлығын біліп ақ-қараны ажыратқаннан кейін, одан  қалайда қашып құтылудың жолын іздедім»  дейді Әбу Хамза Ас-Сури.

Айта кеткен жөн, Абу Хамза ДАИШ әскерінен Түркия шекарасы арқылы қашып шыққан. Қазіргі таңда ол өзінің қауіпсіздігі үшін шынайы есімін жариялаудан бас тартып отыр.

 «Қос бауырымды жоғалтқым келмейді»

Кезінде содырлардың торына түсіп, бауырларымен бірге әскер қатарында болғандардың бірі – Ахмад ал-Мутайри.  Ол өзінің сұхбатында сонда қалған тағы бір бауырының аман-есен елге оралуын тілейді. 

ДАИШ қатарынан қашқан Сауд Арабиясы азаматы Ахмад ал-Мутайри «аль-Хаят» газетіне былай деп сұхбат берді:

«Менің ДАИШ ұйымынан қашқан себебім, бұл ұйым Ислам атын жамылғанын, дұрыс бағытта еместігін аңғардым. Себебі, ДАИШ қатарында жүргенде әскер басшылары есірткі сатумен айналысқанын көрдім. Сонымен қатар, өз көңілдерін көтеру үшін түнгі клуб ашып алған. Бұдан бөлек, қыз-келіншектерді аяусыз қинап, бейкүнә мұсылмандарды азаптап өлтіргенін көрдім. Сондай-ақ, ДАИШ содырлары әр адамды өлтірер алдында «калима шахадат» айтып өлтіреді. Осындай жантүршігерлік әрекеттерден кейін ДАИШ-тың мақсаты да бағыты да теріс екенін түсіндім.

Біз үйде үш ағайындымыз. Үшеуімізде Алланың жолында қасиетті соғысқа шыққанбыз. ИШИМ қатарына Шам еліндегі азап көріп жатқан мұсылмандарға қол ұшымызды береміз деген ниетпен қосылғанбыз. Біздің үлкен Фахд есімді ағамыз Сирияға барғаннан бір айдан кейін-ақ «Жабхат ән-Нусра» қатарында ажал құшты. Ал, мен өз еркіммен беріліп елге ИШИМ қатарынан аман қашып құтылдым. Ендігі жерде ИШИМ-нің қатарында бір бауырым жүр. Басымнан өткен бұл жайтты сол бауырым оқып өз райынан қайтып ол да елге орала ма деген ниетте айтып отырмын. Себебі, оның артында Абдул Азиз деген кішкентай ұлы бар».

 

«Балдарды сабап өлтіргенін көзім көрді»

Лаунд 14 жасында түрме камерасында  21 азаматпен бірге болған. Айтуынша, абақтыда  арнайы азаптайтын жертөлесі бар. Онда ДАИШ содырлары тәртіп бұзған балдарды азаптап, ұрып-соғып қинайды. Азаптың ауырлығы сонша, шыдай алмаған балалардың дауысы жер жарып, үрей ұялататын. Арада екі ай өткенде 9 бала әлгі түрмеден  амалын тауып Ефрат өзенінің бойымен қашып кетеді. Лаунд – сол 9 баланың  бірі.

Лаунд басынан өткен оқиғасы туралы былай деді: «Түрмеде біз секілді қамауға алынған жеткіншектердің жалпы саны 150-дей болды. Олардың барлығы ДАИШ-тың  Сирияның Алеппо қаласына шабуыл жасағанда, мектептен қайтып келе жатқанда қолға түскен жазықсыз оқушылар. 

Түрмеге түсе сала біздерге Ислам шариғаттары туралы дәрістер өткізе бастады. Оның басым көпшілігі «жихадқа» қатысты тақырып. Ол жерде «жәннатқа кірудің оңай жолы осы жихад» деген насихаттар көп айтылды. Бірнеше дәріс өткеннен кейін емтихан алатын. Онда «жихад дегеніміз не?», «жиһхадтың үкімі мен түрлері қандай?» сынды  сауалдар  қойылатын. Сонымен  қатар, Құранды қинап жаттататын. Бұған қоса атыс-шабысты, адам өлтірген сәттерін, бас кесу, дарға асу сияқты жантүршігерлік бейне роликтерді үздіксіз зорлап көрсететін.

Біз жас балалар болғандықтан күніне 1 сағат доп ойнауға мүмкіндік берілді, ал, түрмедегі үлкен кісілерге күніне 5 минут қана сыртқа шығатын.  Тәртіп бұзушыларды азаптау жарты сағатқа дейін созылады. Кейде доп ойнауға алаңға шыққанда бізді қашып кетпесін деген ниетпен белдерімізге жіп байлап қоятын.

Рамазан айы келгенде кейде ауызашарда бір жұтым су ғана беретін, оған риза болмасаң ағашпен сабап тастайтын. Осындай сұмдықтан көптеген балалар қашуға әрекет жасайтын. Алайда, қашамын деп қолға түскен балдарды аяусыз сабап өлтіргенін көзім көрді,  ал кейде тамаққа пышақ басып өлім аузына келгенше азаптайтын.

Маусым айының соңында мен өзімнің сегіз досыммен бірге қашудың жоспарын ойладық. Түн болып, күзеттің барлығы ұйқыға кеткенде терезеден секіріп шығып, жақында орналасқан ғимараттың ішіне жасырынып қалдық. Таң атысымен жергілікті бір отбасыдан қарызға ақша алып, дүңгіршектен үйге телефон шалдық. Үйдегілер дереу айтқан жерімізге көлік жібертіп ДАИШ-қа қарасты бақылау пунктінен аман өтіп,  24 маусым күні үйге аман-есен оралдым».  

 

«Сен бізбен біргесің немесе бізге дұшпансың»

ДАИШ қатарында болған мысырлық азамат ВВС журналистерімен сұхбаттасып, басынан өткен жайттармен бөлісті. Алайда, ол өзінің есімін жария етуден бас тартты. Себебі, ДАИШ қатарында әлі де болса туыстары бар екен. Соларға зияны тиіп кетуден қорқады.

«Алғашында мен Сирияда Башар Асадқа қарсы соғыстарға қатыстым. Кейін біздің әскер ДАИШ-қа қосылды. Міне, содан бастап ислам шариғаты жайлы дәріс өте бастадық. Алайда, ол жердегі шариғат ислам дініне мүлдем сәйкес келмейді. Олар өздері ойдан құрастырып алған ислам жайлы сабақтар жүргізе бастады. Осылайша, ДАИШ өздерінің алғашқы этаптарын адамдардың санасын улаумен айналысады.

Екінші этап – қарулы жорыққа дайындық. Алғашында Сирия халқы ДАИШ-ты дұрыс бағытта деп ойлады. Себебі, Башар Асадтың саясатынан әбден шаршаған халық ДАИШ-ты құтқарушы күш деп қабылдады. Уақыт өте келе халық олармен тығыз байланыс жасағаннан кейін, соларға бағынышты болды.

ДАИШ-тың «Сен бізбен біргесің немесе бізге дұшпансың» деген ұрандары бар. Олар қарапайым халықты өздері ойлап тапқан шариғат жолмен жүруге мәжбүр етті. Ал, бұл жолмен жүрмегендерді аяусыз өлтіріп жатты.

Ер адамдар міндетті түрде сақал өсіріп жүруге тиісті, ал, әйелдер барлық жерлерін бүркеп алулары керек. Кез келген көзқарас олардың көзқарасымен сәйкес болуы керек. Егер шариғи тұрғыдан артық сөз сөйлеп немесе теріс көзқарас білдірсең, міндетті түрде жазалайтын.

Шетелдерден жастарды қатарына тартумен көп айналысады. Жастардың санасын улап, әбден мәңгүрт етіп, дайын әскер қылып шығарады. Осындаймен айналысатын білікті психолог мамандар бар.

Сонымен қатар, қол астындағы жергілікті жерлерде тек өздері ғана билік жүргізеді. Қарапайым халыққа олардың ісіне араласуға мүмкіндік бермейді.

Қазіргі таңда Әбу Бакрәл-Бағдадидың қолында мыңдаған бейкүнә мұсылманның қаны жатыр. Бұл ұйым ешбір ислам дініне сәйкес келетін амал жасап жүрген жоқ. Бұлардың қатыгездігін көріп мұсылмандыққа жат тірліктер істеп исламды қаралап жатқандарына бүгінде көзім жетті». 

Оқылды 1116 рет
JoomShaper
Top