Алла жарылқаған пенде

Дүйсенбі, 04.01.2022

Иса пайғамбардың заманында (оған және біздің нәбиімізге сәлем мен салауаттың ең абзалы болғай) мынадай оқиға болған екен.

Бір күні Иса жолдың бойында ауру әбден айналдырып біткен зағип, алапес, денесі сал адамның жанынан өтіпті. Оның науқастығы сонша, денесінде сау тамтығы жоқ, тіпті, денесінен кейбір еттері үзіліп, түсіп жатқан екен. Хәлі осылай болса да, ол еріндерін ақырын жыбырлатып:

– Жаратқан мақлұқаттарына жіберген сынағынан мені аман алып қалған Аллаға мақтау болсын! –деп, Алланы дәріптеп жатыр екен.

Аллаға айтылған мақтауды құлағы шалып қалған Иса пайғамбар әлгі науқасқа:

– Ей, мүсәпір! Өзіңді қасіреттің қайсысынан аман қалдым деп ойлайсың?

Әлгі науқас:

– Ей, Алланың рухы! Мен, жүрегінде Алланы танымайтын пенделерден қайырлымын. Алла маған Өзін дәріптейтін тілімді және Оған шүкірлік қылатын жүрегімді сау қалдырмады ма? Мен сол үшін Алланы есіме аламын, Оған мақтау айтамын.

Науқастың шүкірлігі мен сабырлығына тәнті болған Иса пайғамбар:

– Сенің сөзің рас, - деп кейін сол адам үшін Аллаға ұзақ мінәжат қылады. Сөйтіп, Алла оны барлық дертінен толық сауықтырыпты. Оның жүзі жарқырап, адамдардың сұлуына айналған екен.

Иә, құрметті оқырман, Алла тағала кімді қалай сынаймын десе де, кімді қалай жарылқаймын десе де, Өз еркінде. Егер, Ол біреуді сынаса, онда ешкім Оған «неге оны сынадың?» деп айта алмайды. Сол сияқты, егер Ол біреуді жарылқаса, онда ешкім Оған «неге оны жарылқадың?» деп те сұрай алмайды. Біз тек Алладан бізді Өзінің сынақтарына алмасын деп сұраймыз және үміт етеміз. Алла тағала бізді ізгі пенделерінің қатарынан жазғай. 

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ

Оқылды 3993 рет
JoomShaper