Дін істері комитеті орыс тілді уағызға байланысты түсініктеме берді

Жұма, 14.10.2021

Астана. 14 қазан. E-ISLAM – Республика мешіттерінде орыс тілінде уағыз жүргізу мәселесі Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі тарапынан көтерілген бастама емес. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен ведомстваның баспасөз конференциясында Дін істері комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин мәлімдеді.

«Дін істері және азаматтық қоғам министрлігіне ел азаматтарынан мешіттердегі имамдардың уағыздарын ислам дініне қызығушылық танытатын кей мұсылмандардың дұрыс толықтай түсіне алмайтыны туралы өтініштер түсіп жатады. Осыған байланысты олар ислам жайында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасынан тыс ақпарат көздерінен іздейді. Нәтижесінде олар деструктивті ағым ықпалына түседі. Қазақстанда террористік актілер жасаған лаңкестердің басым бөлігі орыс тілді қазақтар немесе өзге ұлт өкілдері» деген комитет төрағасы жұма уағызынан соң белгіленген тақырып бойынша қысқаша түсініктеме берілетінін, оның өзінде көпэтникалық аймақтардағы жекелеген мешіттерде жүргізілетінін атап өтті.

«Өкінішке қарай, кейбір журналистер мен қоғам қайраткерлері арзан сенсация үшін мәселенің мәнісіне бармай, бұрмалап, қоғамдық пікірталас тудыруда. Бұл мәселе кейбір бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері мен қоғам қайраткерлерінен кәсібилік мен этиканы талап етеді» деп ойын түйіндеді Ғалым Нұрмағамбетұлы.

Оқылды 143 рет
JoomShaper
Top