Ханафи мәзһабы бойынша ер кісіге бірінші әйелінің хабары болмаса да екінші әйел алуға рұқсат етіледі. Бірақ екінші әйелімен қидырған некесі де шарттарға сай болуы қажет. Сондай-ақ екі немесе одан көп әйел алғандар олардың бәріне теңдей қарауы талап етіледі. Некелі әйелдерімен бірге өткізетін түндерін де бірдей бөлісуі керек. Ал егер бірінші әйелінің хабары болмаса, ондай жағдайда ер азамат екінші әйеліне түнгі уақытын дұрыс бөле алмауы мүмкін. Сондай-ақ бұл теңдік үй мәселесі, киім-кешек, азық-түлік, сыйлық секілді материалдық жағдайлардың бәрінде орындалуы қажет. Ал бірінші әйелі күйеуінің екінші рет үйленгенінен хабары болмаған жағдайда өзінің осы құқығын талап ете алмайды. Мұндай жағдайда әйелдің құқығын аяқ асыт етілуі мүмкін. Себебі кейбір ер азаматтар бірінші әйелі білмегендіктен сыйлықтың бәрін жас әйеліне жасап, әділетсіздік танытуы көптеп орын алып жатады. Ал Құранда: «Егер әділетсіздік жасап қоюдан қорықсаңдар, біреумен шектеліңдер» деген.
Сонымен қатар, күндердің күнінде бұл неке туралы бірінші әйелдің білуі әбден мүмкін. Сондай жағдайда отбасында ұрыс-керіс басталып, шаңырақ шайқалуы да ғажап емес. Сондықтан осының алдын алып, бірінші әйелді хабардар етіп, санасын соған дайындап барып үйленген жақсы.
Сондай-ақ, бірінші әйелі күйеуінің үйленгенінен хабарсыз болса, күйеуі қайтыс болған жағдайда оның артында қалған мұраны екінші әйелмен бөліспеймін деп дау шығаруы мүмкін. Себебі оның бұл некеден дер кезінде хабары болып, қабыл алмағандықтан оған сенбеуі де мүмкін.
Сондықтан осындай салдарларға жеткізбестен, ойланып, екінші бір шаңырақ шайқалмайтындай етіп отбасы құрған дұрыс.