Наурызбай ТАҒАНҰЛЫ: Ислам ұлттық дәстүрді ұлықтайды

Сәрсенбі, 19.10.2021

Ислам дінінің адамзат өміріндегі орны ерекше. Əлемді ізгілікке үндеп, ілгері ниет, ілкімді ойға жетелер осынау дініміздің қадір-қасиетін ұғып, оны лайықты тұтынар жамағаттың қатары қалың. Десек те кейбір келеңсіз əрекеттердің кесірінен исламға орынсыз күйе жағылып, кінə тағылып жататыны бар. Осы орайда біз ҚМДБ-ның наиб мүфтиі, «Нұр Астана» орталық мешітінің бас имамы Наурызбай ӨТПЕНОВКЕ жолығып, сауалдар қойған едік.

– Ислам дінінің қоғамымызды сауықтырудағы рөлі жөнінде не айтасыз?

– Қай заманда да Ислам дінінің қоғамға ықпалы, оның орны мен мəн-маңызы жоғары болды деп айта аламыз. Бұған – тарих куə. Бүгінгі ғылыми жетіс тіктердің толысып, піскен, өсіп-өркендеген кезеңі ислам өркениетіне, мұсылман халқынан шыққан ғалымдарға тиесілі. Қазақтың таным-түсінігімен үйлесім тапқан ислам дінінің ұлы даламызда өрісін кеңейтуіне еңбек сіңірген, абырой-беделі асқан дін ғұламалары мен қай раткерлері аз болмаған. Кешегі өткен осы дін қайраткерлері, имам-молдалар халықты жақсылыққа үндеп, ізгі қоғам қалып тастыруда үлкен рөл атқарғаны белгілі. Аллаға сансыз шүкірлік айтамыз, бізге тəуелсіздік ең үлкен нығмет болып оралды. Тəуелсіздігімізбен бірге ата дін, баба салтымен қайта қауыштық. Тарихта имам-молдалардың қоғамдық іс-шараларда, ел басқару істерінде белсенді қызмет еткенін білесіздер. Имам – қашанда қалың бұқараны бірлікке ұйытып, имандылыққа шақырушы тұлға. Қазіргі қоғамда имамдарды халық құдайы ас, діни рəсімдердің басы-қасынан ғана емес, алуан түрлі маңызды мəдени іс-шаралардан, ғылыми кеңістіктерден де жиі көреді. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев мемлекетіміз зайырлы қоғам қағидаттарын басшылыққа алғанымен, діннің қоғамнан бөлінбейтінін əрдайым айтып келеді. Қоғам болған соң, сан түрлі мəселелер туындайды. Осы орайда имамдар мешіттерде, қоғамдық орындарда жəне бұқаралық ақпарат құралдары арқылы дəстүрлі дінімізді басшылыққа ала отырып, ақыл-кеңес, ұсыныстарын айтудан жалыққан емес. Қазір көп жастар құбылаға жүз бұрып, сəждеге жығылып жатыр, бұл, əлбетте, қуанышты жайт. Өйткені, иманды жас отаншыл, тəрбиелі, білімге құштар болып қалыптасады. Бұл ретте жастардың дұрыс бағыт тауып, дəстүрлі дініміз, яғни Матуриди ақидасы, Əбу Ханифа мəзһабы бойынша білім алуында имамдар үлкен міндет атқарады. Сонымен қатар, имандылық, Отанды сүю, ата-ананы құрметтеу сынды жалпы адами құндылықтарды насихаттау да маңызды деп ойлаймын.

– Бүгінгі таңда асыл дініміздің атына кір келтіретін түрлі жағымсыз əрекеттер жиі орын алуда. Мұның соңы неге апарып соқтыруы мүмкін?

– Иə, расында, əлемде жəне елімізде орын алған осындай жайттар бізді қатты қынжылтады. Жалпы, дін ұғымы адамгершілікке, игілік пен құндылықтарға негізделеді. Ал ислам, түпкі мəнінде айтылып тұрғанындай, бейбітшілікті ту еткен дін ғой. Бұл турасын да Алланың сөзі Құран аяттарынан, ардақты пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) өнегелі өсиеттерінен сан мың мысал, айқын дəлелдер келтіруге болады. Баршамыздың есімізде болар, экстремизм мен терроризм əрекеттері əлемді шарпи бастаған тұста Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев террористік əрекеттерді бейбітшіл ислам дініне телімеу керектігін ашық айтқан еді. Біздің де айтарымыз, діннен терроризмді, терроризмнен дінді іздеп қажет емес. Əлемдік мұсылман қауымдастықтары бірауыздан мұндай зорлық-зомбылық əрекеттерінің кез келгенін қатаң айыптап, мəлімдеме жасады. Өз кезегінде бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы жетекшілігіндегі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы, барша ел имамдары қоғамға қауіп төндіретін, елдің тыныштығын бұзып, іріткі салатын, дінді бетперде ететін барлық құбылыстарға қарсылық танытады жəне жастарды, жалпы халықты ата дін, салт-дəстүрімізге жатағым идеологиясынан сақтандыру жұмыстарын одан əрі күшейтеді. Бұл орайда қоғамның басты мəселесіне байланысты əлеуметтік ортаға жүктелер міндет те біртарапты емес, жан-жақты жүргізілуі керектігін айта кетуіміз керек. Жастарды жат ағымнан сақтау мақсатында мешіт мінберлерінде имамдар мен дін қызметкерлері тарапынан уағыз-насихат жұмыстары белсенді жүргізіледі. Мемлекетіміз де мұндай зиянды ағымдарға заң тұрғысынан тыйым салып, қарқынды қызмет етуде. Жат ағым құрығына ой-санасы бекіп, ақыл тоқтатып үлгермеген жастар жиі ілігетіндіктен, ата-аналар балаларының діни біліміне үлкен жауапкершілікпен қарап, бағыт-бағдар берсе, қажет жағдайда жəне кез келген уақытта дін мамандарына жолығып, келеңсіздіктің алдын алуға ұмтылса жөн болар еді. Жалпы, бұл мəселеде бүтін қоғам болып жұмылуымыз керек деп ойлаймын.

– Жат ағымның жетегінде жүрген жастарымызды дəстүрлі дінімізге бұру бағытында нендей нақты шаралар қолға алынып жатыр?

– Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өз құзыреті шеңберінде «Діни қызмет жəне діни бірлестіктер туралы» Заңына сəйкес, Матуриди ақидасы, Ханафи мəзһабы негізінде қызмет етеді. Діни басқарма ел руханиятын көтеру, халықтың дəстүрлі діни сауатын арттыру мақсатында бірқатар ауқымды бағдарламаларды, жүйелі жобаларды қолға алып келеді. Төл мəдениетімізді жаңғыртып, дəстүрлі жолымызды жұртшылыққа жеткізу үшін бірнеше жылды қатарынан «Дін мен дəстүр жылы» деп жариялап, осы кезеңде дəстүрімізді ұлықтап, дінімізді дəріптеген оңды шараларды өткізді. Биылғы жылды «Дін жəне тарих тағылымы жылы» деп жариялауының да мəні ерекше болып отыр. Біз өткенімізге көз салмай, тарихымызды танымай, болашаққа нық қадам жасай алмайтынымыз белгілі. Осы себепті біздің ата дініміз, салт-санамыз, мəдениетіміз қандай болған, оның тарихи сабақтастығы қандай болуы керек деген игі мұратпен діни басқарма еліміздің тарихына, дініміздің бастауына тереңірек үңіліп, оны халыққа насихаттауды жоспарлайды. Ал ҚМДБ жалпы өз жұмысын басты төрт бағытта: атап айтсақ, уағыз-насихат, жат ағымдармен жұмыс, діни сауат ашу жəне қайырымдылық істері бойынша айқындап алған. Осы бағыттарға сəйкес имамдардың жұмыстары жоспарлы һəм жүйелі түрде жүргізілуде. Біз халықты дəстүрлі діни білімді, Ислам құндылықтарын мешіттен ғана алуға, үйренуге шақырамыз. Ал діни мəселелерге байланысты туындайтын сұрақтарға діни басқармаға, мешіттерге қарасты ресми сайттар арқылы білікті мамандар жауап береді. Мешіт есігі де əрдайым жамағатқа ашық. Əр күн сайын кешкілік маңызды тақырыптар бойынша уағыз-насихаттар айтылады.

Əңгімелескен Жолдыбай БАЗАР,

«Егемен Қазақстан»

Оқылды 306 рет
JoomShaper
Top