Аспанды аңсау

Сейсенбі, 19.05.2022
Аспанды аңсау

 

     Хауа ананың зары

 

...Жазмышқа таңар жұмақы жанды

Саябыр еді сұрапыл алды.

Жаратушының жасампаз ісі

Жаратылысқа, сірә, тұман-ды...

 

Сиқыр боп тартар саналы жанды,

Сырқұмарлықтың  алауы жанды.

...Тәнімнің емес, жемісте сол бір

Жанымның, бәлкім, қалауы бар-ды.

 

Белгісіздіктің дерті күшті еді,

Тағдыр боп тапты толқын іштегі.

Жәннатты жайлап, сезінбей, сүймей,

Періште болу қорқынышты еді...

 

Адасқан сәттен айбынды сертім,

Қызығым емес, қайғым-дүр еркім.

Арман мен ажал арылмас мұң боп,

Жұмақтан жылап айрылдым сол күн...

 

Болмыстан берік бар ма тірегім?!

Адами ғұмыр –­­­­­­ арда тілегім.

...Жандауа жоқпен жол тарттым жырақ,

Жұмыр жер болғай жәннатым менің...

 

                         * * *

 

 

 

 

Нығметтің нұрына малынып,

Жеті көк жауһарын жия кеп,

Адамзат терісін жамылып

Күн кешу не деген қиямет!!!

 

Тұл қалу тағдырын тұғырдан

Жат жерлік жоқтаусыз жан ұқсын.

...Тозақтың отына жылынған

Сор жалған, сен де бір ғаріпсің...

 

 

                  * * *

 

Тамұқта тірі тұншығып,

Жер басып жүру – құлшылық.

Түсіңе тағдыр енеді

Ұшпаққа рухың ұмсынып.

 

Себезгі сәуле төгеді

Көңіліңнен сонда күн шығып.

Жарқ етіп, қайта сөнеді

Жалғаннан жаны түршігіп.

 

Бақыттың таппай дерегін,

Көшеді күндер күрсініп.

...Күйікпен толған кемері

Тозағым менің – тіршілік...

 

                      * * *

 

Тамырынан танатын тұс келгенде,

Тор нәпсіге тұтқын боп түскен жерге,

Жаза басып, жаңылғыш жаратылған

Періштеден мерейі үстем пенде...

 

Тағдыр сыны тағы да сағатсыз кеп,

Талауратқан тұл жалған тағатты үзбек.

...Шырқай алмай рух құсы шырқырайды,

Әлімсақта қырқылған қанатты іздеп...

 

 

                     * * *

 

 

Тағдырым тауқыметтей ғалам күткен,

Арылмай азалайды санам жүктен.

Тозғанша темір тағат тұралатқан

Азаптың арманы жоқ маған біткен.

 

Қалса да келте ғұмыр қас-қағымдай,

Пенделік парыз көшпес бастан ұдай:

Өтермін мұң арқалап, қайғы теңдеп,

Бір тамшы ақыретке жас қалдырмай...

 

* * *

 

Күрмеуі көп күңгірт әлем күрсініп,

Құс қанаты көңілімнің тұр сынып.

Ақылымның азабымен айқаста

Мазақ етіп кетті мені тіршілік…

 

Дүниені дөңгелентсе дарын-Күн,

Шындығымды шабақтайды арым мың.

Есалаң ем ғашық болған ғарышқа,

Жылусыз жер, жат әлемге таңылдым.

 

Күйік толы күйін шертер бөтеннің,

Жолсыздықтан жаратылған екен мұң.

...Жерсіне алмай жеруани тән – жалғанды,

Аспан жаққа алаңдаумен өтермін…

 

                                              

                      * * *

 

...Көргендей көңілсіздеу күлкімді көп

Жаныма жиып беріп мың түрлі дерт,

Елестей еркімді алып, бала жастан

Ғарышқа ғашық етті бір құдірет...

 

Ғайыптан ғаріп күтер жыр-тыныс тек,

Көңілімде көктен келген күрсініс көп.

Дәруіштей дидар-ғашық дала кездім

Тастардың тасасынан тылсым іздеп...

 

Сый етпес сансыратпай сыр-сандығын,

Құл-ғұмыр – құлықсызға құрсау мығым...

Тартуы тұл тірліктің талайыма –

Дарыған дала мұңы жусан-жырым...

 

Дарын ем даңқ асырар дара шыңға,

Бір тамшы бақ кемінен бар асылға

Арманда ағып барам қос қимасым –

Көк аспан, қара жердің арасында...

 

  * * *

 

Жер тартып, құл-ғұмыр жетегі,

Төменге телміріп жанарым,

Кіршіксіз көңілдер мекені –

Аспаннан алыстап барамын.

 

Сан ғасыр сұр өмір сүргендей

Сәулесі сұйылып жанымның,

Жамалың жылында бір көрмей,

Алтын күн, мен сені сағындым.

 

Күрмеуі шешілмей күндікке

Сыр түгіл, саулыққа жарамас,

Сезімді сиреген тірлікте

Ең жақын жан сенсің, қара ағаш...

                 * * *

 

Сел көшсе де селт етпейтін санаға

Сай қосылған пәруейсіз пана да.

Адам тұрмақ, ай мен күнді таппайсың,

Жер түгілі, аспан да тар қалада...

Болмысымен бірге сыйлап шалалық,

Тәңір сүйіп жаратқан ғой «дара» ғып:

Біздің елдің асқары да жермінез,

Біздің елдің аспаны да ала бұлт...

 

                    

 

                        * * *

 

Күмбір көңіл көк төріне тым асық

Кеңістікке кетпесе де ұласып,

Мен мөлдірлеу болдым ба екен, білмеймін,

Ол кездері болушы еді күн ашық...

 

Шуақ тұнып, жас жанға нұр толатын,

Бұлақ күліп, асқарға түн қонатын.

Мен биіктеу болсам керек, әйтеуір

Ол кездері аспан жақын болатын...

 

 

                 * * *

О, Алла!

Қайрылып саған кете алмай

Жатсыну тұнған жалғанда,

Аңсарға қолы жете алмай,

Ақының өтті арманда.

Мәңгілік шатыс мәлім күн

Қасірет кештім қорлана.

Жартыкеш бақыт, жарым мұң –

Үлесім Хақтан сол ғана...

Қайтейін...

    

       * * *

 

Тұтқын боп Тәңірлік тағлымға,

Әлімсақ антынан таймаған

Тұр мұңлық тізерлеп алдыңда

Өмірін өзіңе байлаған.

 

Жөнелткен жолсызың жыраққа

Сені іздеп сырылды санаттан.

...Сан ғасыр зарықтым шуаққа,

Бір тамшы нұр құйшы, Жаратқан!!!

 

 

Жадылап есті жыр-елес,

Күдікпен көшіп күн-егес,

Бағдарсыз кетіп барасың,

Бақыттың жолы бұл емес!

Жалғаннан күтпе жандауа!!!

 

Пәнидің пақыр қонағы –

Жербауыр сезім солады.

Адамға адам мәңгілік

Аңсар боп көрген жоқ әлі!

Өзіңді-өзің алдама!!! 

Еншінің біткен ерегі

Кемелдік болса керегің,

Мың соқпақ кезіп, маңып көр –

Дүниенің шықпас дерегі,

Бастайды бәрі Аллаға!!!

 

              

                   * * *

Босағаңа байланып бар ғұмырым,

Жадылап ед бейдауажанды нұрың.

Қайтар жолдың қорлығын қалай қидың,

Мені өзіңнен бөлгенде, Мәңгілігім?!

 

Құл-тағдырға қалаусыз қосқанда мұң

Жазмышыңнан жаны үркіп, қашқан бағым.

Жарсыздық пен жолсыздық маған аян

Сенен кеткен күнімнен басталғаны...

 

Құдіреттен дарыған құтым барын

Танып тұрып, жалғанға жұтылғамын.

...Мен – мұңлықпын баянсыз болмысымнан,

Үзірім сол, ей, мұңсыз Үкімдарым!

 

                      * * *

 

Сұрапыл сүр үрлеген сынды лебің,

Әз жалған, әзел күннен сүргін едің.

Арсауға алас-қапас тіршілікте

Тұғырым тоз-тоз болып сүрдім өмір...

 

Жербауыр жанымды егеп жүрді жегім,

Көкөзек көңіл, ақыр күлдіредің.

Үзіліп тынып майда тамыр біткен

Ілініп жалғыз тінге тұр жүрегім...

 

                  

                       * * *

 

 

 

Тұлпар тозып,

тұғырдың туы тұрып,

Бірі тасып, жанқайғы бірі ұтылып.

...Алмағайып ғұмыр жат ғарібің ем,

У ішкендей барамын үгітіліп...

 

Жазмышымда жоқ екен жанға дауаң:

Шартарабым қалмады шарламаған...

...Жан да, тән де құрбандық!!!

                                          Тек рухы азат

Адам-тағдыр сыйлашы, Алла, маған!!!

 

                        * * *

 

 

 

Сергелдең салып ерік

Сор тұнған сорабыма,

Тірелдім тағы келіп,

Тоғыз жол торабына.

 

Парықтап пақыр ісім,

Дертіме ем сұраман.

Пенделік ақым үшін

Бір аян берші маған!!!

Жалғанның жанын ластама,

Күдікпен жолын күрмелеп.

Сен сенген өмір басқа да,

Шындықтың түсі бір бөлек...

 

Татырды татқан теңіз деп,

Пиғылың пәни маған жат:

Алладан басқа жол іздеп,

О, сорға бөккен адамзат...

 

                 

                  * * *

 

Зар құштырып зырлайды зауалдай күн,

Қан құстырмай қыңбайды қарау қайғың.

Үміт зая, серт зая, сының зая –

Мен ешкімнен Өзіңді таба алмаймын...

 

Тозған тілек тұғырын табардай бір,

Ойлыға да ойсызға алаңдаймын.

Ғұмыр зая, мұң зая, жырым зая –

Мен ешкімнен өзімді таба алмаймын...

 

                   

                   * * *

 

Арылып бітпес күрсінісіндей

Аңсауға толы жалғанның,

Мұңая сөнді мың сыр ішімде,

Жоқтаудан жаным талған күн.

 

Жүз жылға жетер жалығыс емі

Санама сыймас сұры бар.

Көкірек толы сағыныш еді,

Енді оның жайын кім ұғар...

 

     

          * * *

 

Сыралғы кеуде сыздайды келіп

Алаңсыз күлсе әлдекім.

Мазасыз жаннан мұздайды желік,

Мың жылдық дертім бар менің...

 

Зауалың жоқтай зар етерге түк

Сезбейсің сырды, замандас...

Мендегі мұңды тәуекел етіп,

Аспан да, жер де ала алмас... 

 

                           * * *

 

Тамырымды кезең қинап құнарсыз,

Тұғырсыз тін бебеулетер бұғаусыз.

Бұлдыр күндер бір арылмай басымнан,

Сәуле сүймей солып барам сұраусыз...

 

Болмысыма бір жаралған нұрменен,

Жылусыз бақ жолығарын білмеп ем.

Күн елінде көктеп еді тамырым,

Түсімде де күн көремін түнде мен...

 

                            * * *

 

 

Естіген де еліткен күйді алыстан

Әзиз жүрек ән сынды ед дидар құштар.

Мұң да үлбіреп, мұңсыздау күйге енетін

Мизамшуақ кез еді мизам ұшқан...

 

Айрылғалы ай құлап, асқарымнан,

Бұл мұң бірақ өзгерек басқа мұңнан.

...Сүріндім бе соңғы рет, кім біледі,

Ақ бұлт көшіп барады аспанымнан...

 

Оқылды 1307 рет
JoomShaper