Жалған «пайғамбарлар» жазасыз қалмайды

Сейсенбі, 10.11.2021

«Пайғамбар» сөзінің этимологиясына қарайтын болсақ, ол парсы тілінің «пейгам» (хабар), «бер» (әкелуші)  деген сөздерінен алынған. Қазақша «хабаршы» деген мағынаны білдіреді. Бұл сөз түркі халықтарында да сол негізгі қалпында және тура мағынасында қолданылады. «Пайғамбар» сөзі араб тілінде «Расул» (елші) және «нәби» (хабаршы) деп айтылады. Бұл сөздерді діни терминологиялық тұрғыдан алғанда, «расул» – «Алла тағаланың адамдар арасынан елшілік үшін таңдаған және уахи арқылы Алланың әмірлері мен тыйымдарын адамзат баласына жеткізу міндеті жүктелген құлы әрі елшісі» дегенді білдіреді. Басқаша айтқанда, «жаңа кітап пен жаңа шариғатты адамзатқа түсіндіруге міндеттелген елші». «Нәби» сөзіне «Алланың әмірлері мен тыйымдарын адамдарға хабардар етуші», Нәбидің өзінен бұрын келген пайғамбардың ісін жалғастырған хабаршы деген анықтама беруге болады. Бұл «нәби» мен «расул» ұғымдарының арасында айырмашылық бар екенін ұғындырады. Хақ тағала елшілеріне адамдарды ақиқатқа үндеуді міндеттеген.

Олай болса, әрбір расул нәби болғанымен, әр нәби расул бола алмайды.  Мәселен, хазіреті Мұса нәби әрі расул еді. Өйткені, оған уахи арқылы кітап (Таурат) келген әрі ол бір дінді уағыздады. Ал оның бауыры Харун (ғ.с.) тек нәби ғана. Оған уахи келгенімен, кітап түсірілмеген. Ол Мұсаға (ғ.с.) келген шариғат негізінде әрекет еткен. Ал соңғы пайғамбар Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) – нәби әрі расул. Оған (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Құранның түсірілуі және оны – жаңа әрі соңғы дінді уағыздауы осыған мүмкіндік береді.

Пайғамбарлар бүкіл ғұмырын Хақ тағаланың тура жолына арнаған. Ал бұл жолдың бүкіл расулдар мен елшілерге ортақ атауы – «Ислам». Пайғамбарлар насихаттаған сенім негіздерінің арасында ешқандай айырмашылық жоқ. Өйткені, олардың барлығы бір ғана сенімге шақырған.Ақиқатты үндеу мақсатында келген пайғамбарлар тек рухани насихатпен ғана шектелмей, адамдардың күнделікті өмірлеріне үлгі-өнеге болған. Ислам сенімі бойынша барлық пайғамбардың міндеттері бір, сондықтан олардың барлығына иланып, иман келтіру – шарт.

Таңдалған елшілердің ешбірі пайғамбарлық келгенге дейінгі өмірлерінде ұрлық, жалған айту және алдау-арбау сияқты жаман қылықтарға бір қадам да басқан емес.Осы кіршіксіз, пәк мінез-құлыққа ие болған елшілердің ортақ ерекшеліктері бар. Олар – Ұлы Жаратушы тарапынан таңдалуы; турашыл болуы; сенімді болуы; зерек болуы және күнәдан пәк болуы.Ешбір пайғамбар өз табандылығымен немесе ерекше пысықтығымен пайғамбарлық міндетін иеленбеген. Хақ тағаланың өзі пайғамбар етіп таңдаған адамын рухани болмысы мен дене бітімін, пайғамбарлыққа бейім етіп жаратқан. Әрі пайғамбар міндетін атқаратын адамды Алла тағаланың өзі таңдаған.Десе де ислам тарихында соңғы елшіден кейін өздерін «пайғамбармын» деп жариялаған адамдар кездескен.

Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Хабаршылық пен елшілік менен кейін тоқтайды. Енді нәби де, расул да келмейді» деген хадисіне қарамастан бірқатар адамдар мүдде, мақам, мансап пен атақтың соңына еріп, өздерін пайғамбар жариялаған.Құран Кәрімде: «Өз ойынан өтірік айтып, сол өтірікті Аллаға телігеннен (яғни, «Алла еш нәрсе түсірген жоқ» деп өтірік айтқаннан) немесе өзіне ешқандай уахи келмесе де, «Маған да уахи келді» дегеннен, яки, «Алланың түсіргенін мен де түсіре аламын» деп көкігеннен (бөскеннен) асқан залым бар ма?...»  деген аят бар.Мұндай «пайғамбарлар» өздерін қоршаған ортасына зиян келтіргеннен басқа ешнәрсе әкелмеген.Мысалы, ислам тарихындағы өздерін «пайғамбармын» деп танытқан Мусәйләматул Кәззаб, Әсуад ибн Зәйд, Сәжах Харис ибн Сууәйд, Әсуад ибн Зәйд және Туләйха ибн Хууәйлид әл-Әсәди деген төрт жалғаншы адамдарды тура жолдан адастырып, қоғам ішінде бүлік шығарды. Өздерінің қарамағына жақтастар жинады. Бұлардың артынан тек діни, дүниелік жағынан да сауаты төмен бәдәуилер ғана ерді. Солардың ішінен Тулейха ибн Хууәйлид әл-Әсәди бірінші болып өзінің пайғамбарлығын жариялаған. Артынан Сәжах бинт Харис ибн Сууәйд есімді әйел өзінің пайғамбарлығын жариялады. Көп ұзамай мұсылмандар Сәжахты және оның жақтастарын басып тастады. Сәжах қара басын алып қашып, Мусәйлиматул Кәззабқа қосылады. Екі жалған пайғамбар күш біріктіру мақсатында үйленеді.

Жалған пайғамбардың төртіншісі – Йеменнің Сана кентінен шыққан Әсуәд ибн Зәйд. Әсад – Иемендегі Анси тайпасынан шыққан. Толық аты – Абхала Қағб ибн Ауф әл-Әсуад әл-Анси (?-11/632). Өзі қап-қара болғандықтан, ооны айналасындағылар «Әсуад» деген. Әсуад – араб тілінде қара деген мағынаны білдіреді. Бірқатар көзбояушылығымен танымал һәм сөзге шебер Әсуад надан халықты артынан ілестірді. Көрсеткен әрбір «кереметіне» артынан ерген халық таңырқасты. Сондай-ақ, Әсуад Зулхимар деген лақап атпен танылды. Оның бір есегі бар еді. Құлағын бұрап, «Раббыңа сәжде жаса» деген кезде, есек басын сәждеге қоя кететін. Хайуанның басын жерге игеніне мәз болған халық Әсуадтың өзіне бас иді.       

Тарихшы-ғалымдар аталмыш пайғамбарлардың қарамағына жиналғандарды олардың пайғамбарлық шақыруына емес, Мұхаммед пайғамбардың жолы мен халифа Әбу Бәкірге бағынбай, күш біріктіру мақсатындағы әрекеттер ретінде бағалаған. Шындығында, аталмыш төрт «пайғамбар» тек пайғамбарлық шақыруда болып қоймастан, алғашқы халифа Әбу Бәкірдің тұсында мұсылмандарға қауіп төндіріп, қарулы шабуылдар жасаған. Алайда, алғашқы халифаның қажыр-қайратымен олардың барлығы қатаң түрде жазаланып, жақтастарынан айырылды.

Кейінгі кезеңдерде бірқатар адасушы ағымдар арасында да «Пайғамбарлық әлі  аяқталмаған» деген пікірлерді алға тартқандар бар көрінеді. Сәбәи, Баяни, Харби және Муғири секілді ағымдар Әзіреті Әлидің, имамдарының немесе өз лидерлерінің бойында құдайлық сипат бар екенін айтқан . Жәнаһи, Ғурабия, Бабеки, Язиди, Бәзиғи, Бахаи және Қадияни секілді ағымдар құдайлық сипат туралы сөз қозғамаса да, Әзіреті Әлидің ұрпағынан немесе басқа адамдар арқылы пайғамбарлықтың жалғасатынын айтқан.

Құран Кәрімде Алла тағала: «Мұхаммед араларыңдағы бірде-бір еркек кіндіктінің әкесі емес. Ол Алланың елшісі һәм ең соңғы пайғамбар...» деген аят бар.Имам Табари өз тәпсірінде «пайғамбарлардың соңы» деген аяттың мағынасын Мұхаммед пайғамбардың келуімен пайғамбарлық есіктің жабылғандығын, бұдан былай пайғабарлықтың келмейтінін тілге тиек еткен.

Алла Елшісі (с.ғ.с.) де: «Мен соңғымын, менен кейін пайғамбар келмейді» деген.Ендеше, әлдекімнің «тағы пайғамбар келеді» немесе «қияметке дейін пайғамбар шығуы мүмкін» деген қате болжамына әлгі аятты арқау ету – бос әурешілік. 

Тарих беттерінде аталмыш жалған пайғамбарлардың мақсаты мен пиғылын көздеген тұлғалар ара-тұра бой көрсетіп тұрған. Соңғы жылдары елімізде де өзін пайғамбармын деп ел ішін дүрліктіріп жүргендер кездеседі. Алла тағала халқымызды, бүкіл адамзат баласын осы секілді халық ішіне, ел ішіне іріткі салып, алдап жүрген адамдардан, олардың уәсуәсасынан сақтасын. Ұлтымыздың бірлігін, халқымыздың амандығын, ұрпағымыздың баянды болғанын қаласақ, алаяқтардың алдауына ермей, әрқашан ата-бабамыздан жалғасып келе жатқан хақ жолдан таймайық!

Қалмахан ЕРЖАН,

теология ғылымының докторы, доцент

Оқылды 790 рет

Әлеуметтік желілер

Намаз уақыты

Сауалнама

Дінтанушылар блогы

JoomShaper