Өтірік өрге баспайды

Жұма, 18.12.2021

Қазақта осындай даналы сөз бар. Ал ислам дінінде өтірік сөйлеу – күнə. Өтірік дегеніміз, шындықты жасырып айту немесе ақиқатты бұрмалап, шындыққа жанаспайтын мəлімет жеткізу.

Адамдарға өтірік айту – арсыздықтың белгісі. Өтірік адамның еңбегін күйдіріп, жоқ ететін қате амалдардың санатына жатады. Өтірікті – адамның ашық дұшпаны екенін Абай атамыз былай айтып кеткен:

Өсек, өтірік, мақтаншақ,

Еріншек, бекер мал шашпақ –

Бес дұшпаның, білсеңіз...

Бұл өтіріктің залалы басқаларға өтіп, қоғамдағы əділдік пен тəртіпті бұзып, тұрақтылыққа сызат түсіруі мүмкін. Өтірік жүрген жерде адамның бір-біріне сенімсіздігі пайда болады да, береке кетеді. Сондықтан да асыл дініміз өтірік сөйлеуден сақ болуға шақырады.

Негізінде, өтірік сөз көп жағдайда мына əдістердің бірімен жасалады: бірінші əдіс – адам əңгімені ойдан құрастырып айтады; екінші əдіс – болған оқиғаны қосып, бояуын қоюлап, көркемдеп айту арқылы жасалады; үшінші əдіс – болған оқиғаның мазмұнын өзгертіп, қысқартып айту арқылы жасалмақ; төртінші əдіс – мəтінді бұрмалап, өзгертумен жүзеге асады.

Мəлик ибн Динар: «Жүректе шындық пен өтіріктің арасында тартыс жүреді. Екеуінің бірі жүрекке əмірші болғанша, ұрыс жалғаса бермек» деген. Сондықтан адам жүрегінде өтірік жеңіп, шындық жеңілсе, онда оның сөйлейтін сөздерінің барлығы – өтірік.

Ойдан шығарып айтылған əңгімені шариғатта «əл-ифтира» немесе «ихтилəқ» деп атайды. «Əл-ифтира» сөзі жала жабу, ойдан құрастыру деген мағыналарды білдіреді. Ал «ихтилəқ» сөзінің мағынасы – қолдан жасау, ойдан шығару.Егер адам болған оқиғаға жалғандық қосып, көркемдесе немесе мазмұнын өзгертіп, қысқартып айтса, оны исламда «мəйнун» деп таниды. «Мəйнун» сөзінің арабша мағынасы – өтірік айту.

Əдетте адам өтірік айтқан уақытта оқиғаның куəгері ретінде айтады немесе басқадан естуші, яғни, үшінші кейіпте сөйлейді. Бұл екі жағдайдың арасындағы қауіптісі – адам оқиғаның куəгері бола тұра, оны басқа біреуге баяндаған кезде болмаған жағдайды қосып айтуы. Басқаша айтқанда, болмаған нəрсені болғандай, болған нəрсені болмағандай етіп айту – өтіріктің қауіптісі.

Уасилə ибн əл-Аскағ (р.а.): «Пайғамбар (с.ғ.с.): «Жалғаның көкесі – бөтен адамды əке деп айту немесе көз көрмегенді көрдім деу, яки болмаса, Алла елшісінің айтпаған нəрсесін айтты деп сөйлеу» деп айтты» деген хадис жеткізген. (Бұхари) Сонымен қатар, адамның өзіне болашақта тигізер пайдасын ойлап, жалған сөйлеуіне ислам тиым салады. Мұндай өтірік сөз оған келешекте пайда- сын емес, кесірін тигізеді. Яғни, ол адам бұл дүниеде өзінің көздеген пайдасына жетуі ықтимал, бірақ, ақыретте сол үшін жауап бермек. Сондықтан, өтірік сөздің жақсысы жоқ. Өтірік сөз жақсы, орташа жəне жаман деген топтарға бөлінбейді. Əш-Шағби сараңдық пен өтірік сөзге қатысты: «Тозақта екеуінің қайсысы төменде болатынын білмеймін, өтірік сөз бе, əлде, сараңдық па?» деп айтқандай, оның жақсы-жаманы да жоқ.

Өтіріктің барлығы жаман. Тіпті, адам естіген кез келген нəрсесін айта берсе, ол да өтірікке жатады екен. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Пендеге естіген нəрсенің барлығын айта беру, өтірік үшін жетіп жатыр» дейді. (Мүслим)

Тақырыпқа орай, мынадай риуаят еске оралып отыр. Абдулла ибн Амир (р.ғ.) былай дейді:«Бір күні үйімізде Алланың елшісі (с.ғ.с.) отырған кезде анам:

– Бері келе ғой, бірдеңе беремін, – деп мені шақырып алды. Мұны көрген Алланың елшісі (с.ғ.с.):

– Оған не бермекші едіңіз? – деп сұрады. Анам:

– Бір түйір құрма бермекші едім, – деді. Сонда Алланың елшісі (с.ғ.с.):

– Егер ештеңе бермегеніңде, саған бір өтірік жазылар еді, – деді» (Əбу Дəуіт).

Расында да, адам үшін қайырлысы – ылғи шындықты айту ережесін ұстануы. Себебі, өтірік айтқан кісіге адамдар арасында сенімсіздік пайда болады. Өтірікші адам үнемі өзінің өтірік сөйлегенін естен шығарып қояды. Егер ол мұндай əдетінен арылмаса, онда əрбір қас-қағым сəтте өзінің басына арсыздық қасіретін шақырғанмен тең.

Мұсағали ҚЫЗДАРБЕКОВ

Оқылды 681 рет
JoomShaper