Отанды қорғау – ұлы қызмет

Дүйсенбі, 21.12.2021

Бүгінде қоғамдағы жастар арасында «Отанды қорғау қаншалықты қажет?», «Дініміз ислам бұған не дейді?» деген сұрақтар жие талқыға түседі. Бұған қоса діннен білімі таяз деструктивті ағымдарға түсіп кеткен азаматтар арасында: «Бұл мұсылман мемлекеті емес, сондықтан әскерге барып, отанды қорғау міндетті емес» дейтін «данышпандар» да бар көрінеді.

Деструктивті ағымдар демекші, мен өзім куә болған жағдайым бар еді. Бұл бұдан бірнеше жылдар бұрын болды. Мен баламның сыныбындағы ашық сабағына қатыстым. Мемлекеттік Әнұран орындалды. Сонда қолдарын жүрек тұсына көтермеген бір-екі орыс балаларын көрдім. Мұғәлім олардан мұның себебін сұраған уақытта, олар: «А нам так нельзя» деп жауап берді. Сөйтсем, олар ата-аналарымен бірге теріс пиғылды ағымның жетегінде кеткен екен.

Сонымен, отанды қорғау бізге міндет пе әлде міндет епес пе? Мұсылман ғалымдары исламдағы адамгершілік міндеттеріді 5 түрге бөліп қарастырады. Олар:

1. Алла тағалаға және пайғамбарға (с.ғ.с.) әрі Құран кәрімге қатысты орындалуы тиіс міндеттер;

2. Өзінің алдындағы міндеттер;

3. Отбасының алдындағы міндеттер;

4. Отаны және ұлты алдындағы міндеттер;

5.Адамзат алдындағы міндеттер.

Осылайша Ислам мұсылман адамға бірнеше міндеттерді жүктейді. Біз мұнда тақырыбымызға сәйкес мұсылманның Отан алдындағы міндетіне ғана тоқталғанды жөн көрдік. Ибн Омардан жеткен хадисте пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) былай деп айтқан:

«Сендердің бәрің де бақташысыңдар, бәрің де өз отарларыңа жауаптысыңдар. Әмірші адамдарға бақташы, ол сол отарына жауапты, ер кісі өз отбасына бақташы, сол отарына жауапты, ал әйел күйеуінің үйіне және баласына бақташы әрі соларға жауапты, кісінің құлы (қызметшісі) қожайынының малына бақташы әрі соған жауапты. Әлбетте, бәрің де  бақташысыңдар әрі бәрің де өз отарларыңа жауаптысыңдар» деп айтқанын жеткізген.

Пайғамбардың мұнда бақташы деп отырғаны – жауапты адам, ал отар дегені – жауапты кісінің қарамағындағы қызметшілер, соның қарауындағы мал-мүлік. Демек, қоғамда жауапсыз адам жоқ, барлығы әйтеуір бір нәрсеге жауапты. Сол үшін Алланың алдында жауап береді. Әке отбасы үшін, ана балалары мен үйі үшін, бастық қарамағындаңы қызметшілері үшін, ал қызметші қолындағы мүлкі, құрал-сайманы үшін жауапты. Олай болса, Отанды қорғау, ел мен жердің тәуелсіздігін сақтау біздің міндетіміз. Ер адам отаны үшін жауапты.

Кіндік қанымыз тамып, өсіп-өніп жатқан еліміз – біздің Отанымыз. Мұнда біздің ағайын-туысымыз, бала-шағамыз, шаңырағымыз және мектебіміз бен мешіттеріміз бар. Бұл жерді ата-бабамыз найзаның ұшымен, білектің күшімен қасықтай қаны қалғанша жаулармен соғысып біз үшін сақтап қалған. Мұны біздер үнемі қадірлеп, естен шығармауымыз қажет. Аталарымыз күні бүгінге дейін баталарында елдің, жердің, халықтың амандығын тілеп келеді. Иә, осы кісілердің ақ батасымен бүгінгі жетістіктерге жетіп отырғанымызды ешкім жоққа шығара алмайды. Сондықтан, отанды қорғау біздің әрбіріміздің қасиетті борышымыз. Тіпті, дініміз Ислам да  отанды қорғауға, оны жақсы көруге шақырады.

Мекке шаһарынан Мәдинаға қоныс аударған уақытында ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) «Хазрауа» деген жерге жеткенде түйесін тоқтатқан екен. Кіндік қаны тамған Меккеге жабырқаған көңілмен қимай ұзақ қарап тұрып:

– Уаллаһи! Сен жер бетіндегі ең көрікті, ең сүйікті мекенсің. Мен үшін сенен артық жер жоқ. Егер тағдыр тауқыметіне ұшырамағанымда, өзіңнен бір сәтке де алыстамас едім, – деген. Келесі бір риуаятта пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Меккеден шығып бара жатып, арқасына қарап: «Отаным. Менің отаным» деп айтқан.

Сондай-ақ, тағы бір жолы Ұхуд тауына қарап: «Біз Ұхудты жақсы көреміз, Ұхуд та бізді жақсы көреді» деп айтқаны да тегін емес. Бұл пайғамбарыдың (с.ғ.с.) туған жерге деген махаббатын көрсетеді. Ол кісінің туған жеріндегі әрбір тау-тасқа, шөл мен көлге деген зор сүйіспеншілігін байқатады. Әйтпесе, шындап қарасаңыз, ол жерлерде егін егетін егістік жері, малды жайылымға жіберетін жайлау, тонналап түрлі жеміс жинайтын бау-бақшалар жоқ. Төбеңнен қақшиып тұрған күні басым, шөлейт. Күннен қашып паналайтын ағашы жоқ ашық жер. Бірақ, солай бола тұра пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ол жерді жақсы көрді. Неге деп ойлайсыз? Өйткені, ол – Отан. Ол кісі сол жерде дүниеге келді. Сол жердің табиғатында өсті, топырағына аунады, суын ішті. Сол жердің мәдениетінде жасап, халқымен бірге ғұмыр кешті. Сондықтан да пайғамбар (с.ғ.с.): «Отанды сүю – иманнан» деп айтқан. Кеудесінде иманы бар адам отанын сүйеді, оны қорғайды.

Ахмет Байтұрсынұлы атамыз: «Балам деген жұрт болмаса, жұртым деген бала қайдан шықсын?!» деп айтқандай, ата-ана баланы жастайынан иманға бауылып, махаббатына бөліп, дұрыс тәлім беруі міндетті. Атасы мен әжесінің жұмсақ алақанын ұстап, олардың ақыл-кеңесін тыңдап өскен бала рухани бай болады. Ал рухани бай адам Отанды сатпас болар.

Ал енді бала тәрбиесіне немқұрайлы қарап, оған жетерлік ата-аналық махаббат пен мейірім бере алмаған отбасы қоғамға тиісінше пайда келтіре алмайды.Мұндай отбасынан отансүйгіш баланың шығуы қиын.

«Қолда бар алтынның қадірі жоқ» деп тегін айталмаған. Отанның қадірі алыс жырақта жүргенде білінеді. Мұны шет мемлекетке шыққан отандастарымыз жақсы біледі. «Мен қазақпын» немесе «Отаным – Қазақстан» деген уақытта яки болмаса елдің байрағын, рәміздерін көргенде қуанышың қойныңа симайды. Отанымның бар екеніне құдайға шүкір деп айтасыз. Расында, жер бетінде отансыз, тәуелсіз жері жоқ ұлттар мен ұлыстар қаншама?!

Сондықтан да, ардақты азаматтар, Отанды қадірлей білейік. Егеменді Қазақстанның әрқашанда еңсесі биік, өзге мемлекеттермен терезесі тең болсын десек, патриот болайық. Әрбір ел азаматына жүктелетін Отан алдындағы адал борышымызды өтейік. 

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ,

философия ғылымының

кандидаты, дінтанушы

 

 

Оқылды 357 рет
JoomShaper