Дiнде ақырет пен дүние – үзеңгiлес

Жұма, 18.12.2021

Адам өмірде өзінің оң-солын танып-білуі үшін тəлімгерге мұқтаж. Шыр етіп дүниеге келгеннен сəбиді бағып-қағатын, жақсы мен жаман- ды үйрететін – ата-анасы. Сосын табалдырығын аттап, ұстаздан тəлім алады. Оқу мен жазуды үйренеді, жалпы білім алады. Сөйтіп сауаты ашылған бала əрі қарай жоғары білім алып немесе кəсіп үйреніп, əйтеуір тағы да жаңа ұстаздың алдына барады. Осылайша, адам ғұмыр бойы үйренумен, кейін үйретумен өтеді екен. Мұғалім, оқытушы біздің дүниетанымыздың қалыптасуына, өмірлік ұстанымдардың орнығуына ықпал етеді. Əсіресе, бұл жағдай діни тəлім алуда ерекше байқалады. Ұстаз дін үйренуге келген шəкірттің дүниеге көзқарасын өзгертуі бек мүмкін. Сондықтан, шəкірт те өзінің діни тəлім алатын ұстазын таңдауда мұқият болғаны жөн. Ұстаздың мінез-құлқына, киім киісіне, сөйлеу мəнеріне, араласатын ортасына, оның шəкірттерінің кімдер екеніне ден қойып, зерделеуі керек. Сонымен қатар үйреніп жатқан діни білімдерге (аят, хадистер жəне т.б.) тар шеңберде емес, түрлі қырынан назар са- лып отырғаны абзал. Өйткені, ислам – əмбебап дін.

Мұсылман адам діні мен ділін, ақыреті мен осы дүниесін тең ұстап, бірге алып жүреді. Белгілі мəселеге қатысты бір түйір хадис немесе «шейхтың» пікірімен шектеліп қалмай, сол мəселеге немес хадиске қатысты мəзһаб ғалымдарының айтқан түсіндірмелерімен танысып, ой жүгіртеді. Жылдар бойы медресе қабырғасында білім алған жəне ұстаз алдында тəлім көрген дін ғалымдарының, имамдардың ойымен санасады. Олар жас балаға бір жақты кетіп қалмай, дүние мен ақыретті тең алып жүруге кеңес береді.

Осы орайда, ақырет пен дүниені бірге алып жүруге қатысты айтылған Əнас ибн Мəликтен (р.а.) жеткен мына хадисті мысалға келтірейік: «Алла елшісінің (с.ғ.с.) жұбайының үйіне үш сопы келеді. Олар пайғамбардың (с.ғ.с.) қалай құлшылық қылатыны жайында сұрайды. Пайғамбардың (с.ғ.с.) күнделікті жасайтын құлшылығын естіген уақытта олар үшін бұл қарапайым əрі аз болып көрінеді. Сондықтан олар: «Ол – пайғамбар. Біз ондай бола алмаймыз. Алла оның өткен жəне келешек күнəларын кешірген» деп айтады. Кейін біреуі тұрып: «Мен түні бойы уақытымды намазбен өткіземін» дейді. Екіншісі: «Мен ғұмыр бойы ораза ұстаймын, ауызымды ашпаймын» деп уəде береді. Үшіншісі: «Ал мен ғұмыр бойы əйелге жақындамаймын, үйленбей өтемін» дейді. Бұл хабар пайғамбарға да (с.ғ.с.) жетеді. Сонда Ол əлгі сопыларға келіп: «Аллаға ант етемін! Ақиқатында, мен Алладан сендерден аса қорқамын жəне сендерден аса тақуалық етемін. Бірақ, мен ораза ұстаймын жəне ауызымды ашамын. Намаз оқимын жəне демала- мын, үйленемін. Ал енді кім менің жолымнан бас тартса, менен емес» деді» (Бұхари, Мүслим).

Əңгімеден түйетін пайдалы сабақ: «Дүние ақылдыға – жарық, ақылсызға – тамұқ». Мұсылман адам тек ақыретті ойлап, дүниеден баз кешіп кетпей, күннің белгілі уақытын бала-шаға, ағайын-туыс, жұмыс пен кəсіп деген сияқты дүние тіршілігіне де арнап отыруы керек. Шаңырақ көтеру, от- басын асырау, адамдармен дұрыс қарым-қатынаста болу, кішіге – ізет, үлкендерге құрмет көрсету деген сияқты т.б. ізгі амалдарды іске асыруы қажет. Мұның барлығы – ислам. Алла тағала былай деген: «Осылайша, сендерді орташа үмбет қылдық» (Бақара: 143). Ал пайғамбар (с.ғ.с.): «Менің үмбетімнің жақсысы – ортасын ұстағандарың» деп айтқан. Сондықтан, мұсылман адамның ақыретімен бірге, дүние тіршілігін де ұмыпағаны мақұл.

Бір күні Омар ибн Хаттабтың (р.а.) үйіне кірген қызметші оның шалқасынан түсіп, үстінде балалардың ойнап жатқанын көреді. Бұл жағдай қызметшінің көңіліне ұнамай қалады. Мұны байқап қалған Омар:

– Сен өз бала-шағаңмен қалай қатынас қыласың? – деп сұрайды. Қызметші:

– Мен үйге кіргенімде сөйлеп отырған адамның ауызына құм құйылады – дейді. Мұны естіген Омар (р.а.):

– Сен қызметтен босадың! Өз отбасың мен бала-шағаңа қатыгез болсаң, онда Мұхаммедтің үмбетіне қалай рақымды болмақсың? – дейді. Осыған ұқсайтын мынадай да риуаят бар. Пайғамбар (с.ғ.с.) немерелері Хасан жəне Хусейнмен ойнап жатқанда бір бəдауй келеді. Сонда ол пайғамдардың (с.ғ.с.) балалармен бала болып ойнап жатқан бұл қылығына қайран қалады. Алланың елшісі (с.ғ.с.) оған: «Кім мейірімді болмаса, соған мейірім болмайды» деп жауап берген (Бұһари, Мүслим). Хадистен шығатын екінші пайдалы сабақ: Мұсылман екі дүниесін де тең ұстауы керек.

Енді керісінше, мұсылман адам өзіне берілген уақытты ақыреті һəм дүниесі үшін тиімді пайдалануы керек. Күйбең тіршіліктің қамымен жүріп, ақыретін естен шығарып алмауы тиіс. Ақыреттік азықты жинау – маңызды əрі жауапты іс. Сондықтан да мұсылман ғалымдары күнді бес түрге бөліп қарайды екен.Олар: өткен күн – «қайта келмеске кеткен күн»; өмір сүріп жатқан күн – «бүгінгі күн»; келешек күн – «ертеңгі күн»; Алланың уəде қылған күні – «есеп-қисап күні»; мəңгілік күн – «ақыреттік өмір». Осы аталған күндердің ішінде ең маңыздысы – ақыреттік өмір. Есеп-қисап күнінде таразының басы ауыр келуі үшін адам бұл өмірде жеке басының рахаты мен дүние қызығына бойымен батып кетпей, ақыретін ойлап, жақсылықты көп жасағаны дұрыс. Алла тағала біздің уақыттың қадірін біліп, ақыреттік өмірге азық жинауға шақырады: «Сендер кеш кіретін уақытта жəне таң ататын уақытта Алланы пəктеп, дəріптеңдер! Көктер мен жердегі барлық мақтау Аллаға лайық. Түн мен түскі уақыттарда (Оны дəріптеңдер)» (Рум: 17-18).

Пайғамбарға (с.ғ.с) бір сахаба келіп:

– Уа, Алланың елшісі! Менің əйелім бар. Егер ол менің үйге қайғырып келгенімді көрсе, қасыма жақындап, шапанымның бір шетін жүзіне сүртеді де: «Егер сенің уайымың дүние үшін болса, оны Алла кетіреді. Ал егер қайғың ақыреттік болса, онда Алла оны күшейтсін» деп айтады, – дейді. Алланың елшісі (с.ғ.с.):

– Расында, сенің əйеліңе сол үшін шаһидтердің сауабы мен ризығы жазылады, – деп сүйіншілейді.

Жоғарыдағы аят-хадистерден байқағанымыздай, дінде дұрысы – ортаны ұстану. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «Əрнəрсе сағат-сағатымен» деп айтқан. Қаласаңыз, діни біліммен бірге зайырлық білімін алыңыз немесе керісінше, жоғары білікті маман болсаңыз, онда діни сауатыңызды ашыңыз. Бастысы, бірінің біріне кесірі тимесін. Екі білім бірін-бірі толықтырсын. Бұл дүниеде абырой берсе, ақыретте ардақты қылсын. Сонда сіз екі қанатты құсқа ұқсайтын боласыз. Мұсылман адам келте ойламайды, қайта ойы – тұнық, көреген, парасатты, байсалды əрі көркем мінезді келеді.

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ,

философия ғылымының

кандидаты, дінтанушы

Оқылды 658 рет
JoomShaper