Өсімқордың мекені – тозақ

Сәрсенбі, 15.06.2021

Саф таза дінімізде өсімқорлықтың харам екендігі туралы және оның апатқа ұшыратушы үлкен күнә екендігі жайында айқын дәлелдер Құран мен хадисте молынан кездеседі. Әрі бүкіл мұсылман ғұламаларының бұл мәселедегі ғылыми пікірлері де бір. Өсімқорлықты халал деп есептеген жан, Алла сақтасын, кәпір болады. Өйткені ол дініміздегі әрбір мұсылман біліп, мойындауға міндетті мәселелердің бірі. Ал өсімқорлықпен айналысқан жан ең үлкен күнәлардың бірін жасаған болады. Әрі сол қылмысы арқылы әділдік, куәгерлік сипаттарынан айрылады.

Ғұламалардың сөзіне қарағанда, Алла Тағала өсімқорлықтан бірден емес, сатылы түрде қайтарған. Құранда: «Адамдардың малына берген өсімдері Алланың қасында өспейді. Алланың ризалығын тілеп берген зекеттерің өседі. Міне, солар – артық сауапқа бөленушілер» делінген. Өсімқорлықтан тыйған осы аят Меккеде иман мен тәрбиенің іргесі қаланып жатқан кезеңде түсті. Аят өсімді тікелей харам етпей, өсімқорлықтың жағымсыз және берекеті жоқ екендігін ғана ескертіп, астарлы түрде қайтаруда. Енді «Ниса» сүресінде «Сонда яһудилердің зұлымдықтарының және көптеген адамдарды Алланың жолынан тосулары салдарынан оларға халал етілген көптеген жақсы  нәрселерді оларға харам қылдық және оларға тыйым салынған бола тұра, өсім алулары және адамдардың малдарын орынсыз жеулері» деп айтылған. Яһуди дініндегілерге бұрын өсім харам етілгенімен, олар бұдан тыйылмаған еді. Мәдинада түскен бұл аят олардың осы себепті көптеген азапқа душар болғандықтарын айтып, өсімнің  харам екендігіне назар аудартады.

Құранда: «Әй, мүминдер! Үсті-үстіне өсім жемеңдер, Алладан қорқыңдар. Әрине, құтыласыңдар» дейді Жаратушы. Бұл – өсімқорлықтан қайтарған үшінші аят.

«Өсім жегендер (қабірлерінен) жын соққандай, есенгіреп тұрады. Бұл олардың: «Сауда да бейне бір өсім сияқты» дегендіктерінің салдарынан» дейді қасиетті кітап тағы да. Өсімқорлықтан тыйған бұл аят арқылы Жаратушы құлдарын одан қайтарып қана қоймай, өсімқорларды ауыр жаза күтіп тұрғанын ескертіп, нақты түрде оны харам етеді.

Банктен несие алуға болмайды

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) да өсімнен тыйған. Ол өзінің бір хадисінде: «Алла Тағала өсімқорларды, өсімге зат алушыларды және оның куәгерлері мен қағаз бетіне түсірушілерді лағынеттейді» деген. Тағы  бір хадисінде: «...Оның ең жеңіл дегені еркектің өз анасымен үйленуі (ауырлығы) іспетті» деп, өсімнің ең жеңілінің өзі өз анасымен үйленгеннің күнәсімен тең екендігін ескерткен. Өсімнің (несие, риба, пайыз), әсіресе, бүгінгі біздің күнделікті өмірімізге әбден сіңісіп кеткенін жасыра алмаймыз. Қазіргі кезде арамызда той жасауға, адам жерлеуге, үй-баспана алуға, автокөлік мінуге, т.б. үшін несие алып жататындар қисапсыз.

Ибн Аббас өсім жеушіні «қиямет күнінде қылқынып жатқан мәжнүн сияқты тіріледі» десе, «Шындығында өсім, тіпті, көбейсе де, оның соңы аздыққа (қорлыққа) айналады» дейді. Адам пенде болған соң, пендешілікке бой алдырып жатады. Аз күндік жалған дүниеде ақша тауып, бай болуға, мал-дүние жинауға бейім келеді. Көздеген мақсаттарына жетудің оңай жолдарын іздеп, өсімге бас сұғады. Белгілі бір сомаға қарыз ақша алып, оны бірнеше есе (пайыздық мөлшермен) қайтарып жатады. Пайызбен ақша, мал-дүниені алған да, берген де Алланың алдында күнәһар.

Үйді жалға беру шариғатқа жат емес

Қазіргі таңда қалалық мекендерде үйін немесе пәтерін жалға берушілер көп. Негізі үйді жалға беру мен өсім берудің арасында үлкен айырмашылықтар бар. Ислам шариғаты екеуіне екі түрлі анықтама берген. Бұл туралы заңгер, шариғат маманы Мұхан Исахан былай дейді: «Нақты мысалдармен түсіндірсек, біріншіден, өсім беруші қарыз алушыға белгілі уақытқа ақша беріп, сол ақшадан өсім беруші мен қарыз алушы пайда табу мақсатында келісімшарт жасайды Ал, жалға беру келісімшартында екі жақтың коммерциялық мақсаты болмайды. Әсіресе, жалға алушы үйді тек баспана ретінде пайдаланады. Одан ешқандай ақшалай табыс таппайды.

Екінші ескеретін нәрсе, өсімге ақша берілгенде борышкер ғана тәуекелге бас тігіп, қауіп-қатерге ұрынады. Борышкер банкротқа ұшыраса да, әлдебір себеппен ақшаны жоғалтып алса да, өсім берушіге үстеме ақымен төлеуге міндетті. Ал жалға алу келісімшартында үйді жалға алушы ақшаны өсімге алған секілді қауіп-қатерге ұрынбайды. Үй иесіне үстемеге ақша бермейді. Үшіншіден, тұтынған кезде түгесілетін нәрселер ғана өсімге берілуі мүмкін, бірақ жалға берілмейді. Ал, жалға алынған үй тұтыну барысында түгесілмейді. Зілзала секілді табиғи апаттардан немесе үйді жалға алушының қатысуынсыз болған өрт секілді тілсіз жаулардан үй зардап шексе, шығынды үй иесінің өзі көтереді. Өсімге ақша беруде қандай қиыншылық орын алса да, ақша беруші шығындалмайды. Тек, қарыз алушы ғана тәуекелге бас тігіп, қауіп-қатерге ұрынады. Міне, сондықтан шариғатта үйді жалға беруге немесе жалға алуға рұқсат етілген. Тек үйді жалға бергенде бағаны тым шарықтатуды құп көрмейді».

Біздің үйді жалға беріп, пайда табатын замандастарымыз баспана ақысының жоғарылығын шариғат құп көрмейтінін ескерсе деген тілек қой. Үй тұрмыстағы белгілі бір қажеттілікті өтейтіндіктен, үйді жалға беру мен өсімге ақша беруді бір-бірімен байланыстыруға болмайды екен. Иманымыз бен мейірім-жылуымыз азаймасыншы...

Асан ЫСТЫ

 

Оқылды 426 рет
JoomShaper
Top