Ақбөпе ТІЛЕГЕНОВА: «Алып анадан туады»

Бейсенбі, 12.05.2022

Бүгінгі қоғамдағы жастарға бағыт-бағдар беріп отырған ата-ананың өзіне тәрбие қажет екендігі байқалады. Бұл қарапайым қоғамдық орындардағы мәдениеттің таяздығының бір көрінісі болса, ислами ілімі жоқ жандар тарапынан кететін олқылықтардың қай дәрежеде екенін өзіңіз-ақ бағамдай беріңіз. Біз осы тақырып төңірегінде исламтанушы Ақбөпе Тілегеновамен сұхбат жүргізген болатынбыз...

– Ақбөпе, мұсылмандықты әркім әрқалай түсініп, тағдырын шатқаяқтатып алатын жандар аз емес. Осындайда қазіргі қазақ қоғамындағы мұсылман әйелдің типтік образы қандай болуы керек?

– Сұрағыңыздағы  «мұсылман әйел» деген сөзді, «иман жүзді әйел» деп алайықшы. Өйткені, қазіргі таңда кейбір деструктивті ағымның жетегіне ілінген қаракөздеріміз намаз оқығанды мұсылман санап, намаз оқымайтынды «мұсылман емес» деп діннен шығарып жүр. Бұл – үлкен қателік.

Қазіргі таңда «жақсы әйел» деген атқа лайықты болу шыны керек оңай емес. Өйткені, әлеуметтік, қоғамдық небір қатпарлы мәселелер күнделікті өмірде толып жатыр. Мұның бәрі әрине, иманжүзді әйелдің типтік образын қалыптастыруға кедергі болары анық. Дегенмен, әйел «қоғамда өзін қалыптастырамын» десе, ниетіне жете алары сөзсіз. Мұсылман әйелі білімді, парасатты, қазақы тәлім-тәрбие алған, дін мен дәстүрді ұштастырып қатар алып жүретін, отағасына сүйкімді, ағайын-туысқа жанашыр, бала-шағасына мейірімді, қоғамда белсенді, жұмыста табысты болуы керек деп ойлаймын. Тырысса болады. Адамның істегенін адам істейді. Алынбайтын қамал болмайды, сол үшінде «Қыздың қырық шырағы бар» деген бабаларымыз.

– Аналардың бала тәрбиесінде ықпалы зор. Осы орайда аналар ұл балаларын нағыз мұсылман етіп, оң мен солын танитын, бүгінгідей дін мәселесі ушыққан заманда өз жолын айқын таңдай алатын азамат етіп тәрбиелеп шығаруы үшін не нәрсеге көңіл бөлгені абзал?

– Өте өзекті сұрақ қойып отырсыз. Баланы тәрбиелейтін, әрине, ана. Ер кісілер көп уақыттарын түзде өткізеді. Негізгі тәрбиенің тұтқасы әйелде. Сондықтан да, әйел баласы бірінші өзін жан-жақты жетілдіруі керек. Әрқашан психологиялық, педагогикалық, діни тұрғыдан білімін шыңдап отырғаны абзал. Бала туғаннан бастап күн сайын тәрбиеде болады. Қазақ: «Бес жасына дейін баланың құлы бол, бес жаспен он бес жас аралығында құлыңдай жұмса, он бес жастан кейін досыңдай сырлас» деген. Бірақ, бүгінгідей жаһанданған қоғамда  «он бес жас» деген тым кеш, бала жарық дүниеге келгеннен бастап онымен сырлас болғанымыз жөн дер едім. Сол үшін баланың негізгі досы ата-анасы, әсіресе, анасы болуы керек. Балаларымыз күнделікті бала-бақшада, мектепте түрлі оқиғалармен, келеңсіздіктермен, сәтсіздіктермен ұшырасады. Күнде оның көңіл-күйі, өмірге деген көзқарасы, қоғамды танудағы ойы мың құбылады. Сондықтан,  ертеңгі күні кеш болмас үшін күнделікті үйге келгенде анасы оның шын досы, сырласы болып, сан мың сұрағына жауап беріп, дұрыс бағытта тәрбиелеп отыруы қажет. Көп жағдайда ата-аналар «әлі бала, түк түсінбейді» деп сұрақтарына мән бермей немесе алдандырып басқа нәрсе айтумен үлкен қателік жіберіп жатады. XII ғасырда өмір сүрген көрнекті ислам ғұламасы Имам Әл-Ғазали «Ихия-у-улумуддин» кітабында баланың адам болып қалыптасуына төрт нәрсеге байланысты деген: олар «Ата-анасы, ұстазы, өскен ортасы, достары». Көріп отырғанымыздай баланың анасына үлкен міндет жүктеліп отыр.  

– Қазақ «Ердің жақсы болмағы нағашыдан» деп үйіне келген келіннің құрсағынан құт күтеді емес пе? Исламда бұл туралы не айтылған?

– Исламда бұл жөнінде көп айтылған. Дегенмен, мен бірнеше ғана мысалмен түйіндейін. Құран Кәрімде 176 аяттан тұратын «Ниса», яғни, «әйелдер» деп аталатын сүре бар. Осымен қоса «Мәриям» деген сүре де әйелдерге арналған. Бұдан басқа «Ахзаб», «Талақ», «Мұмтахина», «Тахрим» сүрелерінде де әйелдердің мәселелері кеңінен қаралған. Міне, осының бәрі әйелдің қоғамдағы орнының қаншалықты биік екендігін көрсетеді. Сонымен қатар, пайғамбарымызды (с.ғ.с.) ең алғаш болып қолдаған, барлық тұрғыда жәрдем еткен ең алғашқы мұсылман жұбайы Хадиша анамыз еді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзіне келген періштенің жын ба, әлде періште ме екенін ажырата алмай абдырап, қобалжығанда оның ақ-қарасын ажыратып берген бір әйел - Хазіреті Хадиша (р.а.) еді. Сол үшінде жақсы ұлдың тумағы анадан болмақ.

Хазіреті Омар (р.а.) өзі басқарып тұрған уақытта бір үйдің жанынан өтіп бара жатып, Алладан шынайы қорқатын қыздың сөзін естіп қалып, сол қызды ертесіне баласына алып беріп, келін қылған. Кейін сол келін мен баласынан туған Хазіреті Омардың (р.а.) шөбересі ислам әлемінде «Бесінші әділ халифа» аталып кеткен Омар ибн Әбдулазиз дүниеге келген еді. Міне, алтын құрсақты иманды, тақуа, адал әйелден осындай тұлғалар дүниеге келеді. 

– Арын жанынан қымбат санаған ұлтымыздың кей қыздары  «жыныстық жиһад» шырмауына ілігуде. Сізге осы мәселемен келген азаматшалар болды ма?

– Аллаға шүкір, ондай мәселемен алдыма әлі ешкім келген жоқ. Бұл  –  олардың тым аз екендігін білдірсе керек.  Сондай-ақ, олар титтей де білімге, ғылымға, дәлелге сүйенген болса, сондай лас қадамға бармайтыны анық еді. Парасаттылықты пір тұтқандар әуелі дін саласындағы білімді мамандармен келіп ақылдасар болар. «Жыныстық жиһад» деп шарқ ұрып жүргендер негізі шетелдің азаматтары. Әлі күнге дейін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасында (ҚМДБ) біздің елдің азаматшаларымен мұндай фактілер тіркелмеген. Ал, осы «қағидамен» уланғандардың арасында елімізде жүріп, ақша тауып, «жиһадшыларға» жібереміз деген түсініктегі адамдар болуы мүмкін. Ел аласыз болмайды. Осындай жайттарды болдырмас үшін оның алдын алу шараларын жүргізіп келеміз. Бұның исламға үш қайнаса сорпасы қосылмайтынын әрдайым шәкірттерге дәлелдермен айтып отырамыз.

Қазіргі таңда теріс пиғылды ағымдардың алдын алу үшін ҚМДБ-на қарасты мешіттерде күнделікті түрлі пәндерде дәрістер, түрлі кездесулер ұйымдастырылып, көптеген жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар, ҚР МСМ Дін істері комитетінің жанынан Республикалық ақпараттық-насихат тобы (РАНТ), Астана қаласы әкімдігінің жанынан Жергілікті ақпараттық-насихат тобы (ЖАНТ) құрылып, түрлі мекемелерде, оқу орындарында  түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр. Өткен жылдың өзінде РАНТ жоспарына сай бір топ лекторлар Шығыс Қазақстан облысы, Сәтбаев пен Талдықорған қаласына барып конференциялар, семинарлар, жекелеген кездесулер өткізіп, түсіндіру жұмыстарын жүргіздік.

– «Діл-иман» Қазақстан әйелдері бірлестіктерінің қауымдастығы туралы да айта өтсеңіз...

– Қазіргі таңда елімізде радикалды діни топтардың қатарын ер кісілер ғана емес, әйел кісілер де толықтырып жатқаны жасырын емес. Әйел өзімен қоса балаларын да теріс бағытқа тәрбиелейтіні анық. Сол үшін де мұндай қоғамдық ұйымның атқарар жұмысы жетерлік. Қысқаша айтсам, сол деструктивті ағымның жетегіне түскен қыз-келіншектерді оңтайландырумен, отбасылық проблемалары бар әйелдерге психологиялық, моральдық көмек берумен, бақытты жанұя құрғысы келетін қыздарға қажетті тәлім-тәрбие берумен, сондай-ақ,, еліміздегі исламтанушы мамандардың білімі мен біліктілігін жетілдірумен, олардың орталық базасын құрумен, діни ортадағы түйткілді мәселелерді шешу тетіктерін қарастырумен айналысатын болады. Жақында ғана наурыз айында қауымдастықтың алғашқы отырысын өткіздік. Қауымдастықтың мақсаты отанымызға адал қызмет ететін иманды, парасатты ұрпақ тәрбиелеуде аналарға көмек қолын созу. Осындай маңызды қоғамдық ұйымды құруға бастамашы болғандарға шын көңілден алғысымды айтқым келеді! Қауымдастықтың ең алғашқы ауқымды шарасы Құдай бұйыртса «ІІ Орталық Азия әйелдер форумын» Астанада өткізу болып табылады. Бірінші форум өткен жылы Бішкекте өткен болатын.  

Жақында Дін істері комитеті Дін мәселелерін зерттеу және талдау орталығында діни білім мекемелерінің әйел ұстаздарына арналған семинар өтті. Мұндай шаралар  өзіңізге және Сіздің әріптестеріңізге не береді?

– Бұл бас қосу тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет өткізілген семинар екендігін айтқым келеді. Республикамыздың барлық өңірлерінен келген исламтанушы әйелдер бұл семинардан көптеген жағымды әсерлер алды. Ең алдымен бір-бірімізбен танысып, еліміздің діни өркендеуі жолындағы ойларымызды ортаға салдық. Мамандардың өзекті дәрісін тыңдадық. Өңірлердегі діни проблемалар мен оларды шешу жолдарын талқыладық.

– Үй шаруасынан босай алмайтын жандар иманын толықтыруы үшін көбіне интернет материалдарына жүгінеді. Бірақ, ғаламтордың жақсы ұстаз емес екендігін көріп жүрміз...

– Рас,  ағымның жетегінде кеткендердің дені көбі осы ғаламторды өзіне ұстаз қылғандар. Сол үшін қазіргі таңда ҚМДБ-ға қарасты «Muftiyat.kz»,«Muslim.kz»,«Ummet.kz»,«Azan.kz», «Mazhap.kz»  т.б. сияқты жиырма шақты сайт жұмыс істейді. Сонымен қатар, Дін істері комитетінің және ҚМДБ сараптамасынан өткен кітаптарды оқу арқылы да білім жетілдіре беруге болады.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Шарафат Рысбайқызы

Оқылды 1605 рет
JoomShaper
Top