Ғалым ШОЙКИН: «ИШИМ»-нің Қазақстанға кіруі ғаламтор арқылы орын алуда

Бейсенбі, 12.11.2021

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Дін істері комитетінің төрағасы Ғалым Нұрмағамбетұлы Шойкин қазіргі таңда көптеген елдерде бүлік тудырып отырған террористік ұйым «ИШИМ» жайлы берген сұхбатында олардың ғаламтор, әлеуметтік желілер арқылы елімізге мысқалдап кіре бастағанын айтты.

– Өзіңіздің бір мәлімдемеңізде 400-ден астам қазақстандық Сирияда соғысып жүргенін айттыңыз. Бұл мәліметті қайдан алдыңыз?

– Аталған мәліметтерді ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Н.Ермекбаев, ҚР Бас Прокуратурасы, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдері және де еліміздің қауіпсіздік саласындағы сарапшылар тарапынан БАҚ беттерінде кеңінен мәлімделген. Сонымен қатар, бұл санға Сирияға кеткен адамдардың әйелдері мен балалары да кіретіндігін ескеру қажет.

– Оларды кері қайтару жұмыстары қалай жүріп жатыр? Қазақстанға қайтып келгендері бар ма?

– Сириядағы отандастарымызды елімізге кері қайтару жұмыстары Дін істері комитетінің құзыретіне кірмейді. Дегенмен, ол жаққа барудың алдын алу мақсатында комитет тарапынан халық арасында жалпы ақпараттық-түсіндіру, профилактикалық жұмыстар жүргізіліп тұрады. Қауіпсіздік органдарының мәліметінше қайтып келген азаматтар бар және оларға қатысты тергеу амалдары жүргізілуде.

– Алдын алу жұмыстары мешіт төңірегінде, университеттердің мәжіліс залдарында көбірек жүреді. Сіздер тарапынан қолданып жатқан басқа қандай шаралар бар?

– Қазіргі таңда комитет тарапынан алдын-алу жұмыстарына қатысты түрлі бағытта, әртүрлі деңгейде бірқатар іс-шаралар атқарылуда. Атап айтқанда, ақпараттық түсіндіру топтары арқылы жекелеген және топтық кездесулер өткізілуде. Дөңгелек үстел, семинар, лекция, кездесу, республикалық және халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциялар ұйымдастырылуда. Отандық телеарналардан түрлі форматтағы бағдарламалар көрсетілуде. Өңірлердегі театрларда діни радикализмді әшкерлейтін тақырыпқа қатысты бірнеше драмалық-спектакльдік қойылымдар («Жан шырылы», «Шырмауық», «Хақ жолы», «Адасқандар», «Ойран», «Жаннат») дайындалып, көрсетілді. Ғаламтор және әлеуметтік желілерде мемлекеттің дін саласындағы саясатын түсіндіретін түрлі бағыттағы сайттар, топтар жұмыс істейді. Мұндай сайттарда сонымен бірге, діни тақырыптағы түрлі жаңалықтар, мақалалар және бейнероликтер жарияланып тұрады. Қылмыстық атқару жүйесі мекемелерінде жазасын өтеушілерге қатысты дерадикализация жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. Деструктивті діни ағымдардан зардап шеккендерге консультациялық көмек көрсететін «Қауырт желі – 114» байланысы 24 сағат қызмет көрсетуде.

– «ИШИМ»-нің Қазақстандағы өкілдері кімдер? Олармен күресті қалай жүргізіп жатырсыздар?

– Сирияға кеткендердің Қазақстандағы өкілдері туралы ақпаратты жинақтау біздің құзіретімізге жатпайды. Алайда, елімізде тыйым салынып, террористік ұйым ретінде танылған бұл ұйымды «Ислам мемлекеті» деп атауды құптамаймыз, оларды ортақ атау ретінде қалыптасқан «ИГИЛ» немесе «ИШИМ» деп атаған жөн. Комитет Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен бірлесе отырып, Сириядағы әрекеттердің ислам дінімен ешқандай да байланысы жоқ екендігі туралы тұрғындар арасында жүйелі түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отырады.

– Олардың Қазақстанға келу қаупі бар ма?

– Бұлардың қаупі радикалды көзқарасында. Мұндай көзқарастың қандай форматта болмасын елімізге енуі үлкен қауіп тудыратындығы сөзсіз. Бұл ұйымның Қазақстанға кіруі қазіргі таңда ғаламтор желілері арқылы орын алуда. Кейбір радикалды ағымның ықпалында болған азаматтарымыз олармен түрлі әлеуметтік желілер арқылы байланыс орнатуда. Бұл ұйымның діни түсініктері өте радикалды бағытта екендігін ескерер болсақ, бір адамның улануы да біз үшін үлкен қауіп. Сондықтан еліміздің арнайы құқық қорғау және басқа да өкілетті мекемелері мен қоғамдық ұйымдар әрбір радикалды көзқарастағы азаматтарымызбен түрлі форматтағы алдын алу және түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отырады.

Сондай-ақ, біз ғаламтор желілеріне әрдайым мониторинг жүргізіп отырамыз. Осылайша экстремистік бағыттағы сайттарды анықтап, оларды жабу жөнінде құқық қорғау органдарына жолдаймыз. Комитет ғаламтор кеңістігінде жаңа ақпараттық сайттар ашып, әлемде және еліміздегі мемлекеттік конфессиялық қарым-қатынас және діни ахуал туралы матерриалдармен толықтыруды әрдайым жүзеге асырады.

– «ИШИМ» өзінің астанасын белгіледі. Өз ақшасын шығарып жатыр. Территориясын нақтылау үстінде. Ертеңгі күні дербес мемлекет атануы мүмкін бе?

– Қазіргі таңда көптеген мемлекеттер «ИШИМ»-ді террористік ұйым ретінде таниды. Бұл ұйымның жасап жатқан әрекеттері көптеген мемлекеттердің БАҚ беттерінде наразылық акцияларын өткізуге себеп болды. Түрлі мемлекеттен 126 ислам ғалымының «ИШИМ» іс-әрекеттерінің ислам дінімен ешқандай байланысы жоқ екендігін айтып хат жібергендігі де белгілі. Сондықтан мұндай террористік сипаттағы ұйымның дербес мемлекет атанып, толыққанды өмір сүруі мүмкін емес. Көптеген мемлекеттер қарсы күресу үшін халықаралық ұйымдардың бірігіп жұмыс жүргізулеріне күш салуда. Мұндай күрестің уақыты келгенде нақты нәтижесін беретіндігіне сенімдімін.

Сұхбаттасқан Майгүл СҰЛТАН

 

Оқылды 1114 рет

Әлеуметтік желілер

Намаз уақыты

Сауалнама

Дінтанушылар блогы

JoomShaper