Ұлын жәннатқа жетелеген кейуана

Сәрсенбі, 15.02.2022

Адамның жақсы жүріп-тұруы үшін тән (организм) тамаққа мұқтаж. Адам үздіксіз азықтанып тұрмаса, организм әлсірейді. Дәл сол сияқты адамның жаны да рухани азыққа мұқтаж. Жанның азығы – рухани әңгімелер. Адамның тәні тоқ, бірақ, жаны аш болса, онда ол рухани азғындап, әдепсіз қылықтарға бас ұрады. Мұны Абай атамыз дәл айтқан:

Қарын тоқтық,

уайым жоқтық,

аздырар адам баласын.

Қоғамдағы осындай рухани дағдарыстың салдарынан жастарымыз ата-анаға қарсы шығып, ертедегі дәстүрлер кенже қалып барады. Құранда Алла тағала:

«Раббың Жалғыз, Оған ғана құлшылық етулеріңді және де ата-анаға жақсылық істеулеріңді бұйырады»,деп әмір еткен (Исра: 23).

Ананың ақ сүтін ақтау міндеті сонау Адам ата заманының жалғасын тапқан. Алла тағала ананы сыйлау мен құрметтеуді тек Мұхаммед пайғамбар мен оның үмбетіне бұйырған жоқ. Баланың мойнындағы бұл міндет алқашқы кездегі пайғамбарлар үшін де парыз болған. Бір күні Мұса пайғамбар Алла тағаладан:

– Уа, Раббым! Маған жәннаттағы менің досымды көрсетші,–деп өтінеді.

Оған Алла тағаладан:

– Ей, Мұса! Мына жолдан бірінші болып кім өтсе, сол сенің жәннаттағы досың болады,–деп уахи келген екен.

Біраз уақыт өте жолдың бойымен бір адам өтеді. Мұса пайғамбар: «Бұл адам жәннатта пайғамбарлармен бірге болатындай қандай ізгі амал жасаған екен?» – деген оймен әлгі кісінің артынан ереді.

Бір кезде әлгі адам бір үйге кіреді. Мұса пайғамбар сығалап әлгі үйді қараса, үде қария кемпір бар екен.Әлгі  кісі бір уыс етті қуырып, кейін кемпірдің қасына отырып, етті оның аузына салады, оған су береді. Кейін далаға шығады.

Мұса пайғамбар сыртқа шыққан әлгі адамнан:

– Алланың атымен! Бұл кемпір кім?–деп сұрайды. Бұл кісі өзінің алдында Мұса пайғамбардың тұрғанын білмейді. Себебі, Мұсаны бұрын көрмеген еді. Мұсаның қойған сұрағына ол:

– Бұл қария, менің анам,–деді.

Мұса пайғамбар:

– Ол сен үшін Аллаға не деп дұға қылады? –деп сұрайды.

Әлгі адам:

– Расында анам мен үшін үнемі бір ғана дұға жасайды,–деп жауап береді. Мұса пайғамбар:

– Ол қандай дұға?–дейді. Әлгі адам:

– Анашым мен үшін: Ей, Алла! Менің ұлымды жәннатта Имранның ұлы Мұсамен бірге қылғайсың! деп сұрайды,–деді.

Сонда Мұса пайғамбар оған:

– Олай болса саған қуанышты хабарым бар. Алла сенің анаңның дұғасын қабыл етті! Имранның ұлы Мұса – мен боламын, – деп айтыпты.

Әрине, бұл ғажайып жағдай ананың дұғасымен орындалды. Қиссаны түсіне білген адам үшін үлкен ғибрат. Қазақ: «Әкесіз жетім – жарты жетім, шешесіз жетім – анық жетім», – деп бала өміріндегі ананың орнын дәл көрсеткен. Зер салып қарасаңыз, Алла Тағала мұндай мүмкіндікті біздің әрбірімізге нәсіп еткен яғни, отбасымызда бізді қолымыздан жетелеп, осылай жәннатқа кіруімізге себеп болатын жылы жүзді аналарымыз бар. Күндіз-түні сіздің тілеуіңізді тілеп отыратын бір адам бар болса, ол – анаңыз. Ақжаулықты аналарымыз бен ардақты әкелерімізді құрметтеу, қадірлеу – біздің перзенттік борышымыз. Ата-анамыз дайым аман болсын.

Жалғас САДАУАХАСҰЛЫ дінтанушы

Оқылды 491 рет
JoomShaper
Top