Күнәһар ма, жоқ кәпір ма?

Дүйсенбі, 10.10.2021

«Күнә жасаған мұсылман – кәпір» деп түсінетін харижиттердің бір-екі адамы имам Ағзамға келіп: «Мешіттің ауласына бірі араққа сылқия тойып жан тапсырған ер кісі мен зина жасап, кейін жүкті екенін сезгенде, өз-өзіне қол жұмсаған әйел әкелінсе, оларға қандай пәтуа шығарар едің? Сенім тұрғысынан қалай бағалайсың?» дейді.

– Бұлар кімдер? Яхудилер ме?

– Жоқ.

– Христиан ба?

– Христиан емес.

– Пұтқа табына ма?

– Жоқ.

– Олар кімдер сонда?

– «Аллаlан басқа тәңір жоқ, Мұхаммед (с.ғ.с.) оның елшісі» деген кәдімгі өзіміздің мұсылмандар.

– Кәлимә-шәһәдат иманның неше бөлігін құрайды? Үштен бірі, төрттен бірі...

– Үштен бірі де емес, төрттен бірі де емес. Иман бүтін нәрсе, ол бөлшектенбейді.

– Сонда иманның қаншасы?

– Тұтас иманның өзі.

– Олай болса жауапты өздерің беріп тұрсыңдар емес пе, олардың мүмин екенін айттыңдар. Хазірет Ибраһим (а.с.) бұл екеуінен де үлкен күнә жасаған қауым үшін былай деген: «Маған бағынғандар – менен. Маған қарсы келгендерге Сен өте Кешірімді әрі Рақымдысың...» (Ибраһим, 14/36).

Хазірет Иса (а.с.) да «Я, Раббым, егер Сен оларды азаптасаң, олар Сенің құлдарың. Егер кешірсең, Сен Ұлысың әрі Хакімсің» (Мәида, 5/118) демеп пе еді. Ибраһим (а.с.) мен Иса (а.с.) да дұшпандарының кешірілуін қалағанда, сендерге не жоқ? – дейді.

Харижиттер қате түсінікке барғандарын сол мезет түсініп, келген ізімен кері қайтады. 

Қ.Бағашар

Оқылды 639 рет
JoomShaper
Top