Ана сүтін ақтау мүмкін бе?

Жұма, 23.09.2021
Ана сүтін ақтау мүмкін бе?

Ананың өмірдегі орны айырықша. Қазақтың дарынды ақын қызы Ақұштап Бақтыгерееваның ананың балаға деген мейірімі туралы аңызды өлең жолдарымен өрнектегені сияқты:

...Ананың кезі бар ма кекті болған,

Оқыста жүрек түсіп кетті қолдан,

Ұмтылса, топырақта жатқан жүрек:

«Құлыным, байқасаңшы», – депті оған...

Оның ақ сүтін толық ақтау мүмкін емес. Бір күні Алланың елшісіне (с.ғ.с.) бір адам келіп:

«Уа, Алланың елшісі! Менің анашым­ның жасы ұлғайып, бойынан қуаты кетті. Мен оған қызмет қылудамын: тамағын беремін, суын ішкіземін, киім-кешегін ауыстырамын. Мен оның ақысын өтей аламын ба?, – деп сұрайды.

Алланың елшісі (с.ғ.с.):

– Жоқ. Сен анаңа қандай қызмет қылсаң да оның ақысын өтей алмайсың, – деп жауап береді.

Әлгі адам сонша машақат шексем де қалайша анамның ақысын ала алмаймын деген оймен:

– Не үшін, уа, Алланың елшісі!? – деп сұрайды.

Пайғамбар (с.ғ.с.):

– Себебі ол саған сенің кішкентай шағыңда қызмет қылды және сенің өсіп-өнуіңді қалады. Ал сен болсаң оған оның жасы ұлғайған шағында қызмет қыласың және оның тезірек бақилық болғанын (өлгенін) қалайсың – деп жауап береді.

Өкінішке орай осы хадисте айтылған жағдай өмірде жие болатын шындық. Расында да, ата-анасын қартайған шағында бағып-қағуға, оларға қамқорлық жасауға жалқауланып, олардың тезірек бақилық болғанын қалайтындары да жоқ емес.

Хадисте пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Не үшін ана сүтін ақтау мүмкін емес?» – деген сұраққа ашық әрі нақты жауап берген. Біріншісі, анамыз бізді шақалақ кезінде бақты; екіншісі – біздің өсіп-өңгенімізді қалады. Ал біз, керісінше, оларды қартайған шағында бағамыз және олардың бізді артық мазалағанын қаламаймыз. Ана мен әкенің қартайған шағындағы арызы мен өтінішін естімеу үшін оларды қарттар үйіне де өткізіп жатамыз. Жоғарыдағы хадис ананың дін исламдағы орнын және оның маңызын көрсетіп отыр.

Негізінде, ана мен әке бұл дүниеде жүрген тірі – ақ бата. Егер адам бұл дүниеде бақытты, ал ақыретте жәннатты болуды қаласа, онда сол екеуінің батасын алып қалуға ұмты луы қажет. Себебі, Алла тағаланың Өз пенделеріне «Менен сұрап,мінажат еткен батасын пердесіз қабыл аламын» – деп уәде берген бірнеше ерекше адамдары бар. Ана – осы адамдардың қатарына жатады.

Алланың елшісі (с.ғ.с.): «Үш адамның дұғасы күмәнсіз қабыл болмақ. (Олар): жәбір көрген адамның дұғасы, жолаушының жасаған мінәжаты және ананың баласына қылған дұғасы», – деп айтқан (Ахмад, Бұхари).

Бір күні екі адам келіп, пайғамбарға (с.ғ.с.) былай деп сұрақ қойыпты:

– Уа, Алланың елшісі! Адамдардың арасынан көркем сөзге ең лайықты адам кім?

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

– Көркем сөзге ең лайық адам – сенің анаң, – деп жауап береді.

Сахаба тағы да:

– Сонан соң кім? – деп сұрайды.

Пайғамбар (с.ғ.с.):

– Көркем сөзге ең лайық адам – сенің анаң.

Сахаба тағы:

 – Сонан соң кім? – деп сұрайды.

 Пайғамбар (с.ғ.с.):

– Ең лайық адам – сенің анаң.

Сахаба тағы:

 – Сонан соң кім? – деп сұрайды.

 Пайғамбар (с.ғ.с.):

– Ең лайық адам – сенің анаң.

Сахаба тағы:

 – Сонан соң кім? – деп сұрайды.

 Пайғамбар (с.ғ.с.):

– Кейін, сенің әкең лайық. Сосын барып, кезекпен жақын туыстарың келе береді, – деп кімге жақсы сөз сөйлеу керек­тігін айқын көрсеткен (Бұһари, Мүслим).

Хадистен көргеніміздей Алланың елшісі (с.ғ.с.) бұл дүниедегі жылы сөзбен, жақсы лебізге ең лайық адамның – ана екенін үш мәрте айтып, қайталап көрсетті. Сонымен қатар пайғамбардың (с.ғ.с.): «Жәннат – ананың аяғының астында», – деген әйгілі хадисі де ананың қадірін айғақтай түседі (Ахмад, Нисай).

Сондықтан Ислам «Ғанкабут» сүре­сін­дегі сегізінші «Адам баласына әке-ше­шесіне жақсылық қылуды нұсқадық...», – деген аятты басшылыққа алып, ата-ананы өмір бойы құрметтеп өтуге шақырады. Бұл айтылған хадистердің барлығы да ананың исламдағы орынын көрсетеді. Оның ақ сүтін ақтау мүмкін болмаса да, бірақ оның ризалығын және аналық ақ батасын алуға мүмкіндік бар. Алла Тағаланың мейірімі кең.

Гүлнар Жаладинқызы,

дінтанушы

Оқылды 502 рет
JoomShaper
Top