Сəлəфилер əс-сəлəф ас-салихиндердің ұстанымдарына сай ма?

Жұма, 23.09.2021

Қазіргі өздерін сəлəфи деп атап, оны түрлі жолдармен дəлелдеуге күш салып, діндар жамағатты алдап өз қатарларын көбейтуді көздейтін шала түсініктегі керітартпалар бұл ардақты атқа мүлдем лайық емес.

Олар уақыт тұрғысынан да ұстаным тұрғысынан да əс-сəлəф əс-салихин, яғни алғашқы ізгі буыннан алшақтықпен ерекшеленеді. Бұлардың сəлəф-салихтерден ең негізгі айыр машылығы өздері секілді ойламайтындардың бəрін адасқан, бидғатшы санап, ақиқатты меншіктеп алуында. Алайда ең ізгі буын саналған сахабалар бұлай демеген.

Мəселен, алғашқы халифа Əбу Бəкір (р.а.) қандайда бір мəселеге қатысты ижтихад жасар болса, «Егер дұрыс болса, Алладан, ал қателессем өзімнен, яки шайтаннан» деген жоқ па? Сəлəф-салихиндердің ізінен ерген мужтахид имамдар да солай деген. «Сондай-ақ, сəлəфсалихтар құлшылықтарға қатысты үкімдер мен сенімдегі тармақты мəселелерінде бір ғана жолды ұстанбаған жəне олар үшін діннің тармақты мəселелерінде түрлі көзқараста болу алауыздыққа жол ашпаған. Айталық, фақиһтардың арасындағы тармақты мəселелерге қатысты пікір алуандығы сəлəф салихтардың да арасында бар еді. Сол себепті кей тармақты мəселелерге орай берілген үкімдерді ғана негізге ала оатырып оны сəлəф салихтардың ұстанымы деп есептеу дұрыс емес. Өйткені, мұндай көзқарастан екі түрлі ой туындайды.

Біріншісі: жекелеген ұстанымдарды сəлəф салихтардың бірауыздан келіскен шариғат заңы деп есептеу. Бұл – құр болжам ғана.

Екіншісі: Фиқһ имамдарының табиғин ұстаздарынан жеткізген ұстанымдарын сəлəф салихтардың жолы емес деп ойлау. Бұл – тек бүлікшінің аузынан шығатын сөз. Дұрысы, фиқһ мəзһабтары сəлəф салихтардың ұстанымдарын жеткізуші əрі олардың фиқһқа қатысты көзқарастарын насихаттап, түсіндіруші бірден-бір дəнекер болып табылады. Қалайша Құран Кəрімнің мутауатир қирағаттары – Алланың кітабын жеткізудің, хадистегі сəнад (тізбекті сақтау) – пайғамбар хадистерін жеткізудің жолы болса, дəл солай фиқһ мəзһабтары да сахабалардың фиқһқа қатысты көзқарастары мен ұстанымдарын жеткізудің бір жолы болып саналады» (А. Жұма. Муташаддидун. (Дінде шектен шыққандар). (Қазақ тіліне аударып, баспаға дайындаған Нұр-Мүбарак университеті, «Əбу Ханифа» ғылыми зерттеу оратылығы, Алматы, 2016 ж., 7-8-б.).

Бірақ өздерін сəлəфтарға ерушілерміз деп санаған осы керітартпа дінбұзарлар көзқарастарын Құран мен сүннет, сахабалар мен табиғиндердің істері мен сөздеріне негіздеген мужтахид имамдардың мəзһабтарын бидғат деп тауып, діндарларды бүліктер мен бидғаттардан арылған «таза исламға» шақырған болып көріну арқылы, ғасырлар бойы қалыптасқан ізгі дəстүрдің түбіріне балта шабу арқылы, дінге енді ғана бет бұрып, ықылас танытушылардың жүректеріне күмəн ұялату арқылы мұсылман жамағаты арасында бүлікке жол ашып, мұсылманды мұсылманға жау етіп, бір-бірінің қанын төгуге дейін алып баруда.

Сондықтан бұл үмбеттің ғалымдары өздеріне сəлəфи деп айдар таққан уаххабилік ағым өкілдерінің адасушылықтарынан сақтануды ескертеді. Неге десеңіз осы псевдо-сəлəфилік ағым таралған əлəмнің кез келген елінде өзге дін өкілдерін былай қойғанда мұсылмандар арасында үлкен кикілжіңдер туындап, мұсылман үмбетінің мазасын қашыруда.

Алау ӘДІЛБАЕВ,

исламтанушы

Оқылды 402 рет
JoomShaper
Top