Алла алдындағы халал амалдардың ең ұнамсызы – талақ!

Жұма, 18.12.2021

Ислам, оның ішінде қазақ қоғамы, жалпы мұсылман әлемі әрқашан отбасы беріктігімен ерекшеленген еді. Отбасы құндылықтары – барша мұсылмандар қастерлейтін ұғымдар. Ілуде біреу болмаса, оның өзінде перзент сүйе алмау сияқты себеп болған жағдайда ғана отбасы ажырасып жатады. Қазіргі уақытта осы құндылығымыздан сәл де болса алшақтай бастағандаймыз. Мұсылман бауырларымыздың естеріне осы құндылықтың қадірін салу мақсатында бұл мақаланы жазып отырмыз.

Ислам шариғатындағы неке мен талақ үкімдері және қазақ халқының салт-дәстүріндегі үйлену мен ажырасу жоралғылары біте қайнасып жатқан дүние. Яғни, шариғаттағы неке мен талақ үкімдері қазақ салт-дәстүрінде көрініс тапқан. Сөзімізді тарқатып айтатын болсақ.

1.  Неке мен талақ қастерлі, маңызды ұғым; Мұхаммед пайғамбар () үйлену және ажырасу мәселесіне селқос қарауға болмайтындығын ескерткен. Алла елшісінің (с.ғ.с.) "Үш нәрседе қалжың жүрмейді. Ол мәселелердің қалжыңы да байсалды жауап ретінде қабылданады: неке, талақ және ражға (талақтан бас тартып, әйелін қайтарып алу)" деген мағынаны беретін хадисі осыған дәлел (Әбу Дауд, әт-Термези, сахих хадис). Бұл адам тағдырына, болашағына қатысты мәселе болғандықтан, оған селқос қараудан қайтарған.

Ал қазақта "үйлену оңай, үй болу қыйын" деген сөз бар. Яғни үйлену деген бас қосу ғана емес, одан кейінгі ерлі-зайыпты өмір сүру кезіндегі кедергілерге төзу, жеңе білу дегенге саяды. Бұл тақырыпқа тек байсалды түрде келу керек. Ол қалағанның ермегі емес. 

2. Өмірлік жарын таңдау;  Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) "Ұрықтарыңа жақсысын таңдаңдар, тең келетінге үйленіңдер және сол сияқтыларға қыздарыңды беріңдер"[1],  "Балаңды қай текке салатыныңа қара. Себебі қан – тыңшы" деген[2] хадистері бар.

Қазақта "анасын қарап қызын ал", "тең теңімен, тезек қабымен" және "қанына тартыпты" деген нақыл сөздер бар. Бұл мақалдар жоғарыдағы Алла елшісінің (с.ғ.с.) хадистерімен үндесіп жатыр.

Осы хадистен және мақалдардан түйетініміз, адам үйленердің алдын, өзіне лайықты жар таңдау керек. Адамның өзімен өскен ортасы, діни түсінігі, ділі, әдет-ғұрыптары ұқсас адамды таңдауы болашақ отбасының беріктігінің бір себепшісі болуы мүмкін.

3. Жарының кемшіліктеріне шыдау, сабыр сақтау. Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) әйел адамның нәзік жаратылғандығын, қыйсық жаратылғандығын талай ескерткен. Оның бойындағы кейбір кемшіліктерге көңілің толмаса, оның жақсы жақтарын еске алу керектігін бізге өсиет етіп кеткен. Мысалы, имам әл-Бұхари мен Муслим риуаят еткен хадисте Алла елшісі (с.ғ.с.): "Әйелдерге жақсы қараңдар. Өйткені әйел заты қабырғандан жаратылған. Ал қабырғаның ең қыйсық жері – жоғарғы жағы. Егер оны түзеймін десең, сындырып аласың. Ал тиіспей қойсаң, сол қыйсық күйінде қалады. Сондықтан әйелдерге жақсы қараңдар", – деген. Алла елшісінің (с.ғ.с) бұл хадисі әкеге, ағаға, ініге, күйеуге, яғни барша еркектерге арналған. Кез келген еркек әйел адамды құрметтеу керек, оның кемшіліктеріне шыдау керек. Бұл Алла елшісінің (с.ғ.с.) өсиеті!

Қазақта "Ері әйелін сыйласа – ердің бақыт тапқаны, Ерін елі сыйласа – әйел бақыт тапқаны", "Өз жарыңды жаттай күт – жат көрсін де түңілсін. Бір-біріңді қадір тұт – жұрт үлгі алсын, үңілсін" деген мақалдар қаншама. Бұл мақалдар да Алла елшісінің (с.ғ.с.) өсиетімен астарласып жатыр.

Ислам тәлімдерімен сусынданған дана халықтан жоғарыдағыдай мақалдар қалған. Шариғатты өмірлік ұстанымы еткендіктен қазақ халқында неке қастерлі ұғым болған. Сондықтан, қазақ халқында ажырасу өте сирек кездескен. Ері әйелін әлпештесе, әйелі ерін сыйлаған. Бір-бірінің кемшілігін жасырған, елге жаймаған. Ер мен әйелдің арасындағы түсініспеушілікке үшінші бір адам тек зәру кезде ғана араласқан. Оған төмендегі мақалдарда дәлел болар: Ерлі-қатын ұрысар да керісер, керісер де келісер; Ерлі-зайыптының ортасына есі кеткен отырар.

Ислам дінінде неке және талақтың үкімдері мен мәселелеріне намаз және ораза сияқты құлшылықтардың үкімдері мен мәселелеріне қарағандай қараған. Ғалымдар фиқһ ілімінің "ахуал шахсияға" деп аталатын арнайы бір саласын неке, талақ, бала емізу сияқты адамдар арасындағы қарым-қатынас мәселелеріне арнаған.

Фиқһ кітаптарындары неке терминіне берілген анықтамаларды қорыта келе "неке" сөзіне былайша анықтама беруге болады: неке – ер мен әйелдің Аллаһтың халал еткен жолымен отбасын құруы.

Неке мен талақ мәселелері ер мен әйелдің арасындағы қарым-қатынас қана емес, ол екі әулет арасындағы да қарым-қатынас болып табылады. Сондықтан екі адамның ер мен жұбайы атанулары үшін қыз тарапынан уәли мен осы некені растайтын екі адам, яғни куәгер болу керек. Әйелдің құқықтары сақталу үшін оның қалыңмалы (мәһрі) белгіленеді. Той жасалып, елге екі адамның бір отбасы болғанын жариялайды. Бұл қоғамда әлгі екі адамның қарым-қатынасы шариғатқа негізделгендігін білдіреді.

Ислам шариғатында да қазақ салтында да ажырасу да тек екі адамның ғана проблемасы емес. Үйлену сияқты ажырасуда екі әулеттің ортақ проблемасы.  

Қазақта мынандай ғұрып бар. Егер ерлі-зайыптылардың бірге өмір сүрулерінің түсініспеушілік себебінен берекесі кететін болса, екі жақтан сол әулеттің сөзі өтер, сыйлы кісілері жиналып, ерлі-зайыптылардың арасындағы мәселені шешуге тырысады. Қазақ салтындағы осы ғұрып Аллаһ тағаланың "Ниса" сүресінің 35-аятындағы "Егер, екеуінің арасының ажырауынан қорықсаңдар, ердің туысынан бір төреші, әйелдің туысынан бір төреші жіберіңдер. Егер екеуі расымен татулықты қалайтын болса, Аллаһ ол екеуінің арасын жарастырады. Ақиқатында, Алла Білуші һәм Хабардар" деген үкіммен амал ету емей не?! Бұл қазақтың шариғатпен өмір сүргендігінің бір дәлелі десе де болар.

Егер шариғаттағы талақ мәселесіне қарасақ, оның үкімдерінің өте қыйын екендігіне көз жеткіземіз. Алдымен ажырасудың алдын алу. Оған жоғарыда келген аяттағы ерлі-зайыптылардың арасындағы түсініспеушілікті ажырасуға жеткізбей шешу үшін екі тараптан адамдар жиналып, отбасыны сақтап қалу мақсатында келіссөздер өткізу керектігі дәлел. Осы үкім қазақ дәстүрінде бар.

Екі тарап ортақ мәмілеге келе алмаған жағдайда, талақ беруге рұқсат етіледі. Бірақ талақтың өзі бірнеше кезеңдерден тұрады. Алдымен әйелдің туһр (хайыздан тазарған кезі) кезінде болғанын күтеді. Туһр уақыты болғанда бір рет талақ жасалады. Одан кейін идда мерзімін күтеді. Ол үш хайыз өтуімен есептеледі. Осы аралықта олар төсек қатынасына түспеу керек. Егер төсек қатынасына түсетін болса, ері әйелін қайтарып алды деп есептеледі. Ері ашуынан қайтып не басқа да себеппен әйелін қайтарып алуды қаласа, оған ондай құқық беріледі. Егер қайтарып алатын болса, олар ерлі-зайыптылар болып ары қарата өмірлерін жалғастыра береді. Үш хайыздан тұратын идда мерзімі біткенше қайтарып алмайтын болса, екінші рет қайта бір талап жасайды. Бұл мерзім ішінде де оған бірінші талақтан кейінгі мерзім ішіндегі үкімдер жүреді. Егер, осы мерзімнен кейін де ажырасуға бел буған болса, үшінші рет талақ жасап, ерлі-зайыптылар ажырасады. Ажырасу барысында әйелдің барлық құқытары сақталады. Екеуінің ортақ балалары болса, олардың нәпақасы әкесіне жүктеледі. Алла елшісінің (с.ғ.с.) үйреткен талақ жасау кезеңдері осылай орындалуы тиіс. Сонда ғана адам сүннетке сай талақ жасаған болып табылады. Біз талақтың орындалу процесін қысқаша сипаттап қана өттік. Шын мәнінде, талақ біз сипаттағаннан да терең, қыйын үлкен жауапкершілікті талап ететін мәселе.

Қарап отырсақ, ажырасу немесе талақ жүрдім-бардым шешілетін мәселе емес екен. Талақ жасау процесі бірнеше айға созылуы мүмкін.

Кез келген діни тақырыпты бүгінгі күнмен байланыстыру, ол тақырыптың өзектілігін, маңыздылығын айқындайды. Бұл мақаланы намазхандар арасындағы, әсересе, сүннетпен жүреміз дейтін жастар арасындағы талақ мәселесімен байланыстырамыз. Себебі, осы мақаланың жазылуына солардың сүннетке қайшы әрекеттері түрткі болған еді. Неке мен талақ мәселесін бүгінгі күнімізбен байланыстыратын болсақ, бізді қынжылтатын тұстары көбірек болып шығады.

Құран аятындағы үкімнен де, қазақ дәстүрінен де бейхабар кей намазхан жастар "неке мен талақ" мәселесіне жеңіл қарайтын болды. Бүгін үйленіп, ертең ажырасып жатады. Біздің ойымызша, намазхан жастардың арасындағы ажырасудың жиі орын алуы әу бастағы некенің сүннетке де, дәстүрге де сай орын алмауында. Асылы, некен қыздың әкесінің, ол болмаса ағасының не еркек тусықанының рұқсатымен қыйылады. Сонда қыздың құқығын талап ететін, қарындасын не қызын қор қылуға жол бермейтін арқа сүйер жанашыр ер адамның бар екенін білетін еркек те ол жарын ермекке талақ ете алмайды. Ал қазіргі жағдай қалай? Қарындастарымыз "Намазхан емес ата-ана намазхан қыздарына уәли бола алмайды" деген мағынадағы дүмше пәтуаларды желбіретіп тұрмысқа шығады. Оның салдары "күйеуден қайтқан" деген атқа алып келеді.

 Намазхандар арасындағы ажырасу көп жағдайда екінші әйел тақырыбымен де байланысты. Көтере алмайтын шоқпарды беліне байлап, "екінші алу – сүннет" деп шапқылағандар, ақыр соңында сол шоқпардан таяқ жеп жатады. Өзі ғана опық жесе жақсы ғой, алайда сол таяқтың ащылығын соры құрыған әйел және сол некеден дүниеге келген бейкүнә сәбилер тартып жатады. Екінші алу – сүннет. Бірақ бұл сүннетті орындаудың шарттары бар. Сол шарттарды орындауға шамасы келетінге ғана екінші алу – сүннет болады. Жалпы, бұл тақырып төңірегінде талай жаға ұстатар оқиғалар орын алып жатқандығына ел куә. Ол басқа мақаланы немесе мақалаларды талап етеді. Сондықтан, осымен тоқталамыз.

Сөзімізді "Неке – ер мен әйелге қосымша міндеттерді жүктейтін аса маңызды пайғамбарлар сүннеті" деген сөзбен аяқтағымыз келеді.

Рашид МҰХИТДИНОВ,

исламтанушы

Оқылды 925 рет
JoomShaper
Top