Бүгін Ақтау қаласында «Ислам және жихадизм» атты республикалық ғылыми–тәжірибелік конференция өтті. ҚР Дін істері агенттігінің Маңғыстау облысы әкімдігімен бірлесе ұйымдастырған жиында діни экстремизмнің таралуы, теріс сипаттағы діни идеялар, олардың алдын алу, радикалдық әрекеттерге қарсы пәрменді іс-қимылдар жасау туралы өзекті мәселелер көтерілді.
Конференцияға Дін істері агенттігінің төрағасы Қайрат Лама Шариф, ҚМДБ-ның уағыз насихат және ғаламтормен жұмыс бөлімінің меңгерушісі Ершат Оңғаров, Мароккодан келген ИСЕСКО кеңсесі Бас директорының сарапшысы, доктор Абдел Кадер әл Идриси, Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының Өркениеттер әріптестігі орталығының сарапшысы, исламтанушы Марат Ражбадинов, "Нұр" Қазақ-египет Ислам университетінің оқытушысы Мұхиддин Иса қатысты.
Сондай-ақ орталық және жергілікті мемлекеттік және құқық қорғау органдарының басшылары мен қызметкерлері, шетелдік және отандық дінтанушылар мен сарапшылар, ҚМДБ өкілдері, аймақ мешіттерінің имамдары, үкіметтік емес ұйымдар мен БАҚ өкілдері де болды.
Жиында алғашқы болып сөз алған Маңғыстау облысы әкімі Алик Айдарбаев конференцияға қатысушы қонақтарды таныстырып, ұйымдастырылып отырған шараның маңыздылығына тоқталды. Өңір басшысы ел азаматтарын дінді ұстануда адамзатты бейбіт өмір сүруге шақыратын дәстүрлі ислам дінінің жалпыадамзаттық құндылықтарын басшылыққа алуды, Ислам мемлекетін құрудың жолы жиһад еместігі турасында жастар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу керектігін айтты.
ҚР Дін істері Агентігінің төрағасы Қайрат Лама Шариф өз баяндамасында діни сауаты жоқ жастардың бүгінде Құрандағы «жиһад» терминін саясиландырып отырғандығын атап көрсетті. «Ислам дінінде «қасиетті соғыс» термині жоқ, ол христиандық термин. Ислам шариғаты бойынша «соғыс» әділ (қорғаныстық сипатта) орын алады»,-деді Қайрат Қайырбекұлы.
Конференцияның «Ислам және жиһадизм» деп аталуының себебін түсіндірген Қайрат Қайырбекұлы: «Мемлекетіміздің басым көпшілігін құрайтын мұсылмандардың мүддесін ескермей жасақталған кез келген стратегия экстремистік көріністердің көбеюіне алып келуі мүмкін деп пайымдауға болады» деді.
Қайрат Лама Шарифтің айтуынша, ағымдағы жылдың басынан бері Дін істері агенттігі 5 ірі республикалық форум өткізген. Ақтау қаласындағы кезекті форум алтыншы іс-шара болып табылады. Алдағы уақытта да Агенттік Ақтөбе, Семей, Петропавл қалаларында өзекті де өткір мәселелер бойынша республикалық конференциялар өткізуді жоспарлап отыр.
Мұнан кейін ҚМДБ-ның уағыз насихат және ғаламтормен жұмыс бөлімінің меңгерушісі, теолог, (Ph.D) доктор Ершат Оңғаров «Жиһадизм мен экстремизм» тақырыбында баяндама жасады.
ҚМДБ өкілі бүгінгі жиынға бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының сәлемін жолдап, «Біз дін мен дәстүрді даналықпен үйлестіріп, өнегелі өмір сүрген халықпыз. Қазақтың салт-дәстүрлері Исламның асыл құндылықтарыменен біте қайнасып кеткен. Пайғамбар (с.ғ.с) айтқан хадистер қазақтың нақылына айналып, халқымыздың таным-түсінігімен қабысып, тұрмыс-тіршілігімен ұштасып кеткені ешкімге жаңалық емес. Асыл дініміз адамдарды ізгілікке, өзара түсіністікке тәрбиелейді. Біз қазақ пен қазақты бір-біріне қайшы қойып, жастарды жалған ұрандармен арбаушы «жиһадизм» идеясын құптамаймыз» деген сөзін жеткізді.
«Жиһад» сөзіне тереңірек тоқталып, оның дінде қалай көрініс тапқанын, шын жиһад сөзі ең алдымен әр адамның өз нәпсісін, өзін тәрбиелеуге қолданатындығын баса көрсеткен Ершат Ағыбайұлы қазіргі таңда «жиһадизмді» желеу етіп, террорлық әрекетке барып жүргендердің дәстүрлі Исламға қатысы жоқтығын айтты.
ҚМДБ өкілінің айтуынша, жиһадизмнің алдын алу үшін жас ұрпаққа дұрыс тәрбие мен білім беру қажет. Мемлекет осыған қажетті заңдар мен ережелерді қабылдауы керек. Мұндай жағдайдан алып шығар жалғыз жол бар –ол адамдарға ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін үйрету. Шынайы мұсылман адам ешуақытта лаңкес бола алмайды.
«Жалпы террордың ұлты да, діні де жоқ. Сол тұрғыдан мұсылман адамның террорист болуы әсте мүмкін емес. Ислам дінінің терроризм, экстремизммен үш қайнаса сорпасы қосылмайды», дейді Ершат Ағыбайұлы.
Сөзінің соңында, ол қазіргі таңда ҚМДБ тарапынан жиһадизм мен экстремизмге қарсы, олардың алдын алу мақсатында жан -жақты ауқымды істер атқарылып жатқанын айтып өтті. Атап айтар болсақ, ең алдымен кадр мәселесін қолға алу үшін медреселер ашылып, жасөспірімдер діни және заманауи білімдерін арттыруда. Сондай-ақ, еліміздегі имамдардың білімі мен біліктілігін арттыру мақсатында республика аумағында семинарлар өтуде. Бас мүфтидің бастамасымен облыстарда радикалды идеялардың алдын алуға бағытталған әр түрлі конференциялар мен кездесулер ұйымдастырылуда.
«Алайда осы істерді діни басқарманың ғана атқаруы жеткіліксіз. Сонджықтан исі мұсылман баласы жаппай біріге атқарар болсақ, жиһадизм мен экстремизмнің алдын алуға болады деп ойлаймын»,-деп аяқтады сөзін Ершат Ағыбайұлы.
ҚМДБ өкілінен соң сөз алған Мароккалық ғалым, доктор Абдел Кадер әл Идриси де «жиһад» сөзінің бүгінгі күнде белең алып отырғаны соншалық, оған назар аударып қана қоймай, оның дұрыс-бұрыстығын халыққа түсіндіріп, кешенді шаралармен қолға алудың маңызы зор деп санайтындығын айтты.
Осылайша, конференция баяндамашылары ізгі мұраттарды ту ететін ислам дініне теріс идеяларды басшылыққа алатын жиһадшылық идеясы тән еместігін бірауыздан айта отырып, діни радикализмді зайырлы қоғамымыз бен мемлекетіміздің мүддесіне зиян тигізетін идея және зұлым әрекет ретінде тануға шақырды.
Конференция соңында ҚМДБ-ның Маңғыстау облысы бойынша өкіл имамы Тыныштық қажы Мырзаев іс шараға қатысушылардың Үндеуін оқыды.
Үндеуде: «Біз жиһадизмді қарулы қақтығыстар мен зорлық зомбылыққа шақыратын жалған аипаттағы исламдық идеология деп түсінеміз. Біз радикалдық және экстремистік пиғылдағы адамдардың «жиһад» ұғымын «дінсіздермен» күрес жүргізу деп түсіндіруін және зайырлы мемлекеттік құрылысқа қолдау білдіретін бейбіт мұсылмандарды «дінсіздер» дейтін түсініктерін айыптаймыз. Біз экстремизм мен терроризм қаупінің өсе түсіп отырған бүгінгі жағдайында азаматтық ауызбіршілік пен татулықты сақтау және нығайта беру Қазақстан азаматтарының ең жоғары құндылығы болып табылады деп мәлімдейміз» делінген.
Қай заманда да қан төгіп, зұлымдықпен, жазықсыз жандардың көз жасымен Ислам мемлекетін құру мүмкін болмаған және бұл пайғамбарымыз Мұхамедтің (с.ғ.с) ізгі өнегесі де емес. Осы асыл мұратты, тобықтай түйінді жиынның ең негізгі мақсаты еткен қатысушылар мемлекеттік және қоғамдық бірлестіктерді діни экстремизм мен радикализм көріністерінің алдын алуда және Қазақстандағы діни тұрақтылық пен ауызбіршілікті нығайта беруде қоян қолтық ынтымақтастықта жұмыс жүргізуге шақырды.
Маңғыстау облыстық орталық
мешітінің баспасөз қызметі