Мемлекет басшысы террорлық қатердің алдын алуды тапсырды

Дүйсенбі, 11.01.2022

Астана. 11 қаңтар. E-ISLAM – Бүгінгі әлемнің тыныштығын бұзушы кез келген қауіп-қатерге Қазақстан әскері де бес қаруын сайлап, дайын болуы керек. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қорғаныс министрлігі басшылығымен өткізген кездесуінде ел әскерилеріне осындай салмақты жауапкершілік жүктеді. Бұл жайында Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақстан Президенті әлемдік экономика мен халықаралық саясаттағы қиындықтарға қарамастан еліміздің тұрақты дамығанын, дағдарысқа қарсы тиісті стратегиясын әзірлегенін және биылғы жылды оң көрсеткіштермен аяқтап отырғанын атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев армияның қазіргі заманғы әскери және террорлық қатерлердің алдын алу және болдырмау үшін атқаратын рөлінің маңыздылығына тоқталды.

«Әрбір қазақстандық өз қауіпсіздігі туралы ойлай отырып, ең алдымен Қарулы Күштерімізге үміт артады. Сондықтан ешқайсыңыз мұны ұмытпауларың керек. Сіздер өздеріңіз әрдайым тас-түйін дайын тұруларыңыз керек және бес қаруларыңыз сай болғаны жөн. Мемлекет өз тарапынан армияға қажетті барлық жағдайды жасауға тиіс. Сіздердің міндеттеріңіз – офицерлер мен сарбаздарды тәрбиелеу және сапалы деңгейде даярлау» деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, Жоғарғы Бас Қолбасшы Қарулы Күштердің әскери қызметшілері қарулы қақтығыстардың жаңа үрдістері мен ерекшеліктерін қаперге алып, кәсіби, жауынгерлік және моральдық-психологиялық даярлық деңгейін ұдайы арттырып отыруға тиістігін де ескертті.

Оқылды 351 рет
JoomShaper