«Дін – терроризмге қарсы» халықаралық конференциясы өтеді

Сәрсенбі, 30.12.2021

Астана. 30 желтоқсан. E-ISLAM –  Сенат төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшылары съезі хатшылығының жетекшісі Қасым-Жомарт Тоқаев «Дін – терроризмге қарсы» халықаралық конференциясын ұйымдастыруға байланысты дайындық мәселелері жөнінде жұмыс отырысын өткізді.

Аталмыш шара Астана қаласында Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшылары съезі хатшылығының XV отырысы қарсаңында, 2016 жылдың 31 мамырында өтеді. Ауқымды форумға әлемдік және дәстүрлі дін өкілдері, парламентарилер, сондай-ақ сарапшылар қауымдастығы қатысады деп жоспарланған.

Конференцияға дайындық жөніндегі отырысқа Сенат төрағасының орынбасары Асқар Бейсенбаев, Сенаттың халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік бойынша комитет төрағасы Икрам Адырбеков, Сыртқы істер, Мәдениет және спорт министрліктері, Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы, өзге де мекемелер мен ведомствалар өкілдері қатысты.

Сенат спикерінің айтуынша, «Дін – терроризмге қарсы» конференциясын өткізу өзектілігі – уақыт талабы. Форум Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшылары съезі аясында көтерген бастамасы негізінде саяси және діни қызмет диалогындағы кезекті кезең болмақ. Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға қатысушыларға конференцияны ұйымдастырудағы маңызды да өзекті мәселелерге тыңғылықты әзірлік жасау керектігін тапсырды. 

Оқылды 388 рет
JoomShaper