Армысыз, Арман! Шынайы лебізіңізге Алла разы болсын!
«Сәлем – сөздің анасы» дейді қазақ, сөйлер сөздің сәлемнен бастап түзу болғанына не жетсін. Көпшілік аса мән бере бермейтін мәселеге көңіл қойғаныңыз қуандырып отыр.
Алдымен «Ассалаумағалейкүмнің» мәнісіне бойлап алсақ. Араб тілінде «Ассаләму аләйкум» деп дыбысталатын бұл сөздің мағынасы: «Сізге бейбітшілік (тыныштық, амандық, есендік) болсын» дегенді білдіреді. Оған жауап ретінде айтылатын «Уааләйкумуссалам» сөзінің де мәнісі сол («Сізге де бейбітшілік (тыныштық, амандық, есендік) болсын»). Ислам әдебінде бұл амандасуға «уа рахматуллаһи уа барәкәтуһ» («және Алланың рақымы мен берекеті болсын») деген тіркес қосылып айтылады.
«Әр елдің салты басқа» деген, ал салт-дәстүрдің сәлемдесуден бастау алатыны белгілі. Қазақтың ер азаматтары «Ассалаумағалейкүм» мен «Уағалейкүмүссаламды» сәлемінің салтына айналдырған. Одан өзге «аманбысыз», «есенбісіз», «армысыз», «армаңыз» секілді сәлем сөздер де қолданылады. Ал «Мал-жан аман ба?», «Үй-іші аман ба?», «Бақуатсыз ба?», «Күйлі-қуаттымысыз?» «Сау-сәләмат жүрмісіз?» секілді сөздер көбіне амандасудан кейінгі жағдай сұрасу барысында айтылады.
Өзге сәлемдесу түрлері әйел-еркекке қатысты болып бөлінбегенімен, «Ассалаумағалейкүм!» деп амандасуды қазақ тек ерлерге еншілеген. Мұның астарында өзіндік мән жатыр. Ең алдымен араб тілі мен ислам дінін бөліп-жармаған халқымыз арабтың тілінен енген «ассалаумағалейкүмді» діннің хабаршысы, сәлемнің төресі ретінде құрметпен қабылдап, мұндай сәлемдесу түрін отанның иесі, әйелдің пірі, елдің тұтқасы ер азаматқа лайық көрсе керек.
Екіншіден, ауыз толтыра айтылып, жуан дыбысталатын «ассалаумағалейкүмді» қазақ нәзік жанды, жұмсақ лебізді әйел затына қос көрмеген тәрізді.
Сәлемдесу салтының өзгеруі өзімен бірге басқа да үрдістерді ала келеді. Кешегі қазақ әйелі алыстан келген балаларын маңдайынан сүйіп, бауырына басатын, әйел туыстар бір-бірімен құшақтасып көрісетін. Ал бүгінгі жаттың тәліміне ұйыған құрбыларымыз бен сіңлілеріміздің ғана емес, бірқатар ақ жаулықты аналарымыздың да мұсылман болғанның жөні осы екен деп (қазақ бұрын мұсылман болмағандай), «ассалаумағалейкүмді» әндете созып, қайқайып тұратыны немесе ерлерше бірнеше қайтара төс қағыстыратыны көрер көзге де, естір құлаққа да ерсі екені айқын.
«Еркек мінезді әйелден без» дейді қазақ. Ұлтымыздың ұлағатты үрдістерін ескермей, оның мағыналы мәнісіне бойламай, ғасырлар бойы сынық сөзді, ибалы мінезді болған қазақ әйелін «қателестіге» балап, ерлерге тән ерекшелікті иеленгісі келетін құрбыларымыз бен апаларымыз дана дәстүрді тәрк ету арқылы ұлттық ұғымдар мен құндылықтарды қоса құрбан ететінін ескергені жөн.
«Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» болатыны белгілі, дегенмен әйел баласының сәлемінен бастап сыпайы болғанынан қазақтың опық жеген жері тарихта жоқ. Әрбір дәстүрді тәрк етуге оқталғанда үлкен-кіші замандастарымыз ең алдымен оның мәнісі мен ғибратын түсініп болғанына көз жеткізгені, екіншіден өзін өсірген ұлттың ұлағатты үрдісін үзіп тастауға құқығының бар-жоқтығын бір таразылап алғаны жөн болар еді.
«Ұялмасаң, қалағаныңды істе» деген Пайғамбарымыздың хадисі бар. Басбұзарға заң бар, ал кешегінің заңы болған дәстүрді бұзушыға, өкінішке орай, әзірге шара қолданатын заң жоқ. Әдеттегідей бұл мәселеде де моральдық нормалар арға жүктелген. Сондықтан, «арымызға абай болайық» демеске лаж жоқ...
А.Әбдірәсілқызы