Елбасы: халықаралық терроризммен күрес – әлемдік қауымдастықтың міндеті

Жұма, 07.10.2021

Астана. 7 қазан. E-ISLAM –  «Дін терроризмге қарсы» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы барысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жаһандық террористік қауіпке тойтарыс беру үшін жұмыла қарсы тұруды күшейту керек деді. Конференция екі ел – Ресей мен Қазақстан президенттерінің бастамасын орындау аясында Мәскеудегі Ресей Халық достығы университетінде басталды, деп хабарлайды BNews.kz.

Елбасының ресми баяндамасын ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаев оқыды.

«Қазір халықаралық терроризм басқаша белең алды. Адамзатқа қарсы лаңкестік актілер жиілеп кетті. Онымен күресу – әлемдік қауымдастықтың міндеті. Қоғамның белгілі де ықпалды өкілдері, дін қайраткерлері мен парламентарилер терроризмге қарсы жауапкершілікті жауапкершілігіне алуы керек» деп айтылған Мемлекет басшысының баяндамасында.

«Бір өкініштісі – әзірге бұл проблеманы шешудің біртұтас және ауқымды тәсілі жоқ. Сол себепті, ғаламдық қауіпке айналған бұл мәселені шешу жолын бірлесіп қарастырған жөн. «Дін терроризмге қарсы» конференциясы саяси және діни қайраткерлердің диалогының өрби түсуіне ерекше қарқын береді деп сенемін» дейді Б.Майлыбаев.

ҚР Президенті Әкімшілігінің жетекшісі бүгінгі күні Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей басшысы Владимир Путиннің халықаралық терроризммен күресте діннің рөлі жайлы ғаламдық диалогты ұйымдастыру жөніндегі бірлескен бастамасы өте өзекті екенін тілге тиек етті.

«Стратегиялық одақтас және әріптес ретінде біздің мемлекеттеріміз терроризм мен экстремизмге қарсы күресте мүдделес. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев терроризм мен экстремизмге қарсы күресті күшейту жөнінде бірқатар халықаралық бастама көтерді. Нақтырақ айтсақ, БҰҰ қорғауымен Терроризм мен экстремизмге қарсы ғаламдық одақ құру, Терроризм мен экстремизмге қарсы күрес жөніндегі БҰҰ ауқымды құжаты – «Әлем. XXI ғасыр» манифесін қабылдау» дейді Б.Майлыбаев.

Оқылды 311 рет
JoomShaper
Top