Сарыағаш медресі 2011 жылғы 12 мамырда лицензияланып, 2013 жылы 9 қаңтарда қайта тіркеуден өткен.
Қазірге дейін ҚМДБ құрамындағы барлық медреселер секілді Сарыағаш медресіне шәкірттер тек аяқталған (жалпы) орта білім жөніндегі аттестатпен, яғни 11-сыныпты бітіргеннен кейін қабылданатын. Осы санаттағылар үшін оқу мерзімі 2 жыл 10 ай болып бекітілген.
2016 жылдың қаңтар айында аталған оқу орны «медресе-колледж» мәртебесін алды. Соған сәйкес 2016-2017 оқу жылынан бастап, шәкірттерді 9-сыныптан кейін негізгі орта білім жөніндегі аттестатпен қабылдауға мүмкіндік туды. 9-сыныптан кейін медресеге қабылданған шәкірттер үшін оқу мерзімі – 3 жыл 10 ай.
Бітіруші түлектерге исламтану мамандығы бойынша «Имам-хатиб» (ұлдар үшін) және «Ислам негіздерінің мұғалімі» (қыздар үшін) біліктіліктері бойынша мемлекеттік үлгідегі диплом беріледі.
2013 жылы медресе жанынан қыздар бөлімі ашылған. Бөлімнің алғашқы түлектері үстіміздегі жылы маусым айында бітірді.
Қазіргі таңда медреседе 25 ұстаз сабақ береді. Барлық оқытушылардың діни немесе зайырлы жоғары білімдері бар. Қазақстандық және шетелдік жоғарғы оқу орындарын тәмамдаған.
Медреседе 220 ұл, 180 қыз бала білім алуда. Медресенің жаңа ғимараты 2016 жылдың қараша айында пайдалануға берілмек.
Медресенің оқу жоспары мен негізгі оқулықтары Діни басқарма тарапынан бекітіліп, Білім және ғылым министрлігінің Техникалық және кәсіптік білім департаментімен келісілген.
Медреседе 200 шәкіртке лайықталған дәрісханалар, ғаламтор желісіне және медресе бойынша орталық жүйеге қосылған компьютер бөлмесі бар.
80 орындық қыстық асхана және 150 орындық жаздық асхана бар, 160 орындық жатақхана бар. Футбол, баскетбол, волейбол ойындарына арналған ашық алаңдар және көлемі 8х40 метр бассейн жасалған. Жабық спорт алаңы заманауи жаттығу құралдарымен қамтамасыз етілген, күрес залы жабдықталған. Оқу ғимаратында қажетті құрал-жабдықтары бар медициналық кабинет орналасқан.
Медресе кітапханасында 12 000-ға жуық кітап қоры бар. Электрондық тасымалдағыштардағы ақпарат жүйесі қалыптасқан. Кітапханада мұсылмандық ілімнің тәпсір, ақида, хадис, ахлақ, фикх салалары бойынша кітаптар жинақталған. Сонымен қатар араб тілі грамматикасы, тарихи әдебиеттер, энциклопедиялық анықтамалар мен көмекші оқу құралдары да бар. 15 орындық оқу залы жұмыс істейді.
Медресе базасында 350 орындық «Таяқты Ишан» мешіті орналасқан.
Медресе меншігінде шәкірттерді тегін оқыту мен тамақтандыру мақсатында игерілетін 2200 га бау-бақшалық жер телімі бар.
Байланыс телефондары: 8 (725 37) 5-52-92 (Ерлер бөлімі)
8 (725 37) 7-00-40 (Қыздар бөлімі)