Имамдар Яссауи университетінде білім жетілдіреді (ФОТО)

Дүйсенбі, 11.01.2022

Астана. 11 қаңтар. E-ISLAM – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрт бағытқа арналған негізгі жоспарлы жұмысын жүйелі іске асыру мақсатында ҚДМБ Діни білім және ғылым бөлімінің меңгерушісі Бақтыбай Бейсенбаев Түркістан қаласындағы Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетіне арнайы іс-сапармен барды. Бұл туралы ҚМДБ-ның ОҚО өкілдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Университет президенті, профессор У.Әбдібековтің қабылдауында болған ҚМДБ өкілі білім ордасы жайында пікір алмасты. Діни басқарманың басты міндет-мақсаттарын таныстырып өткен Бақтыбай Қыдырбайұлы университет ректорына Қазақстандағы имамдардың біліктілігін жетілдіру курсын  осы оқу орнында ұйымдастыруды ұсынды.

Ректор өз кезегінде бұл ұсынысты қабыл алып, алдағы уақытта Қазақстан мұсылмандар діни басқармасымен бірлесе отырып имамдардың біліктілігін жетілдіру курсын ашуға университтеттің толық мүмкіндігі бар екенін айтты, сондай-ақ жемісті жобаға әрқашан қолдау көрсететінін білдірді. Мұнымен қатар, университет басшысы У.Әбдібеков 2016-2017 оқу жылына дінтану мамандығына Діни басқарма тарапынан ұсынылған талапкерлерге 15 грант бөлетіндігін жеткізді.

Іс-сапар барысында бөлім меңгерушісі Бақтыбай Қыдырбайұлы бастаған топ «Түркістан Ахмет Яссауи» Құран курсы орталығында болып, оқу ордасының ғимаратымен және  оның бүгінгі жағдайымен танысты. Аталмыш орталық жатақхана, асхана және оқу аудиторияларымен толықтай қамтамасыз етілген екен.

Арнайы топ тоғыз жолдың торабында орналасқан Отырар ауданына да ат басын бұрды. Онда бөлім меңгерушісі Бақтыбай Қыдырбайұлы «Арыстан баб» кесенесіне зиярат етіп, кесенеге қарсы бетте орналасқан «Арыстан баба» мешітінде болды. Сондай-ақ мешітпен қатар бой көтерген рухани кешіннің жұмысымен танысты. Онда алдағы уақытта дайындық курстарын ашу мәселесіне мол мүмкіндіктер бар екендігіне көз жеткізді. Айта кетейік, бұл кешен де жатақхана, асхана және дәрісханалармен қамтылған.


Оқылды 1283 рет
JoomShaper