Мұхан Исахан

Заңгер, шариғат бойынша маман

Өмірбаяны Арнау сөз Мақалалары Сұрақ қою

Өмірбаяны

Мұхан Исахан – заңгер, шариғат бойынша маман, 1978 жылдың 8 қарашасында Оңтүстік Қазақстан облысынының Ордабасы ауданында дүниеге келген. 2000 жылы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің заң факультетін тәмамдады. 2002 жылы осы университеттің магистратурасын, ал 2006 жылы аспирантурасын табысты аяқтап шықты. Қазіргі таңда «Нұр» Қазақ-Египет ислам университетінде «Дінтану» мамандығы бойынша докторантурада оқып жатыр. Бірнеше жылдар бойы ғылыми қызметкерлікпен, аудармашылықпен, «Қазақстан-Заман» газетінің дін істері бөлімін басқарумен айналысқан. 30 шақты ғылыми, 60 шақты публицистикалық мақалалардың және «Ислам және калам мазхабтары» атты монографиялық еңбектің авторы. 15 жылдан астам уақыттан бері «Мемлекет пен діннің қарым-қатынасын құқықтық реттеу» атты тақырып бойынша зерттеулер жүргізіп келеді. М.Исахан «ҚР діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заң жобасына ондаған ұсыныстарын енгізген. «Саяси мазхабтардың тарихы» атты монографиялық еңбегі баспадан шығаруға дайындалуда.

Арнау сөзі

Ассаламу алейкум құрметті оқырмандар!

Мен – Мұхан Исахан, теолог, «Нұр» Қазақ-Египет ислам университетінің докторантымын. Сарапшы ретінде келесі тақырыптарға қатысты сұрақтарыңызға жауап беруге дайынмын: Мұхаммед Пайғамбардың (с.ғ.с.) өмірі мен қызметі, Исламдағы мазхабтардың шығу тарихы, сопылық және тариқаттар, Исламдағы діни мерекелер, ҚР заңнамаларына сәйкес азаматтардың діни құқығы.

Еңбектері

  • Кітап №1
  • Кітап №2
  • Кітап №3

Мақалалары

  • Мәуліт мерекесі – Мұхаммед (с.ғ.с.) мерейі 
  • Садақа беру – сауабы мол игі іс! 
  • Зекет бермеу – дінге опасыздық жасағанмен тең 
  • Тарихи оқиғалар желісі бойынша имам Матуридидің сенім ілімі 
  • Ақтау қаласында «Діни экстремизм мен терроризмнің алдын-алу мәселелеріндегі БАҚ рөлі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті 
  • Айтайық, жарапазан... 
  • Тарауих намазының шариғаттағы дәлелі һәм рухани мән-мазмұны 
  • Исламның қазақ даласына таралуы 
  • Миғраж – ұлы жеңістердің хабаршысы 
  • Өзін-өзі жарған шаһид пе? 
  • Оразаны қанша күн тұтамыз? 
  • Сириядағы қанды қақтығыс «сунниттік-шииттік майдан» ба? 
  • Діни білім берудің заманауи тетіктерін игеру жайында 
  • Оразаның уақыты неге ауыспалы болып келеді? 
  • Қасиетті Қадір түні 
  • Көркем мінезді болудағы сабырдың орны 
  • Рамазан - Сабыр мектебі 
  • «Шахид болу» идеологиясының қателігі 
  • Ораза - мәңгілік бақытқа қол жеткізер құндылық 
  • Хақ үкімдері қатып-семіп қалған догма емес 
  • Уаһабшылдар қозғалысының ұлт жаназасын шығарудан басқа мақсаты жоқ 
  • Ислам үрейлендіруге қарсы 
  • "Қадір" сөзінің мағынасы 
  • Жұмаққа жолдама әперер иллаһи мүмкіндік 
  • Қасиетті кештегі айтылар дұға-тілек 
  • Қадір түнін күндізден күту керек 
  • Ораза - мәңгілік бақытқа қол жеткізер құндылық

Рух деген не? Ол туралы толық жазған кітап таппай жүрмін. Исламда рух туралы не айтады?

Сейсенбі, 29.09.2021

           Рух туралы діни әдебиеттерде аз мағлұмат беріліп, сирек талдау жасалады. Оның себебі Құран Кәрімнің «Исра» сүресінің 85-аятына негізделген. Бұл аятта Пайғамбарымызға қарата: «Олар сенен рух туралы сұрайды. «Рух Раббымның әмірінен. Сендерге өте аз мәлімет берілді» де» делінген.

          Шынында да бұл тақырып әркім өз түсінігінше талдай алатын немесе талдауға болатын тақырып емес, сондықтан осы сауалдың жауабында біздің тек алдыңғы  ислам ғұламаларының талдауларына жүгініп отыруымызға тура келеді. Осы тақырыптағы өзім оқыған еңбектердің ішіндегі ең толымдысы әрі жүйелісі ибн Хажар әл-Асқаланидің еңбегі болғандықтан, аталған ғалымның пікірлеріне көбірек ден қоюды абзалырақ деп білемін.

         Жоғарыдағы рух туралы аяттың түсу себебін Абдуллаһ ибн Масъуд сахаба былай баяндаған: «Бірде Пайғамбар (с.а.у.) екеуміз Мәдинаның қираған жерлерімен келе жатыр едік. Бір топ яһудилердің арасынан өтіп бара жатқанымызда, олар бір-біріне: «Одан рух туралы сұраңдар» десті. Олардың кейбірі: «Сұрамаңдар, өздеріңе жақпайтын бір нәрсе айтып қалар» деді. Ал кейбіреулері: «Міндетті түрде сұраймыз» деді. Олардың бірі орнынан тұрып: «Ей, Әбул Қасим! Рух деген не?» деп сұрады. Пайғамбар (с.а.у.) үнсіз тұрып қалды. Мен өз-өзіме «оған уахи келіп жатыр» дедім де, (кедергі жасамай) тұрдым. Айыққан соң ол: «Олар сенен рух туралы сұрайды. «Рух Раббымның әмірінен. Сендерге өте аз мәлімет берілді» де» деді».

         Осы хабарға талдау жасаған ибн Хажар әл-Асқалани осындай оқиғаның Ибн Исхақ Абдуллаһ ибн Аббас арқылы басқа риуаятпен де жеткенін айтады. Сонымен қатар ибн әт-Тинге сілтеме жасай отырып, Асқалани Құранда «рух» сөзінің бірнеше жерде әртүрлі мағыналармен берілгенін мынадай мысалдармен көрсетеді: «Оны (Құранды) сенімді Рух алып түсті» («Шуъара», 193-аят), «Сол сияқты біз саған Өз әмірімізден Рух уахи еттік», «Ол (Алла) Өз әмірінен рух түсіреді» («Ғафыр», 15-аят ), «Алла оларды Өз тарапынан бір рухпен қолдады» («Мужәдәлә», 22-аят), «(Сол) күні Рух және періштелер сап түзеп тұрады» («Аълә», 38-аят), «Онда періштелер және Рух түседі» («Қадыр», 4-аят). Ибн әт-Тиннің пайымдауынша, мұнда бірінші аятта –Жәбірейіл періште, екінші аятта – Құран Кәрім, үшінші аятта – уахи, төртінші аятта – күш-қуат, бесінші және алтыншы аяттарда Жәбірейіл немесе басқа туралы айтылған. Сондай-ақ Құранда «Алланың рухы» деген сөз Иса пайғамбарға да қолданылғанын да ибн әт-Тин айтып өткен.

          Ал «яһудилер Пайғамбарымыздан қандай рух туралы білгісі келді?» деген мәселеге келгенде, әл-Асқалани екінші бір ғалым әл-Қуртубидің: «Көбірек көкейге қонымдысы, олар Пайғамбардан (с.а.у.) адам рухы жайлы сұраған. Өйткені яһудилер Иса Алланың рухы екенін мойындамайды. Ал Жәбірейілдің періште екенін, періштелердің рухтар екенін олар біледі» деген пікірін келтірген.

         Асқаланидің пайымдауынша, Құранда адам баласының рухы «рух» деп аталмай, «нәфс»  (жан, нәпсі) деген ұғыммен берілген. Сонымен қатар Асқалани рух пен нәфс жөнінде ғұламалар арасында едәуір пікір қайшылығы бар екенін, біреулері оларды екі бөлек нәрсе десе, біреулері екеуі бір нәрсе деп санайтынын айтып өткен.

         Көптеген ислам ғалымдары рух туралы кеңінен қозғап айтудан және жазудан тартынған. «Рух ақиқаты жайлы таным – Алла Тағала білімін жасырған жайт. Оны жасырудағы хикмет – адамның өзі түсініп жете алмайтын жайттарды білуге шарасыз екенін көрсетіп, сынау, шексіз білімді Аллаға телуге мәжбүр ету. Өз бойындағы жанының ақиқатын білмесе, онда адамның Алланың ақиқатына жетудегі дәрменсіздігі тіпті шарасыз. Рух жөнінде көп пікір қозғаудан тыйылу және  Пайғамбардың (с.а.у.) әдебін ұстану жөн болмақ. Алла Тағала рух жайлы жаратқандарынан ешкімге білдірмеген. Сондықтан ол жайлы қолда бар мәліметтен артық сөз қозғауға болмайды» деп білген. Осы пікірді ибн Баттал, әл-Қуртуби, Әбул Қасим, Жунайд, ибн Атия секілді көптеген ғалымдардың ұстанғанын Асқалани атап көрсеткен.

         Рух туралы өзге кітаби діндерде (христиан, иудаизм) де аз түсінік берілген. Тәуратта да адам баласының рухын Жаратушыдан басқа ешкім блмейтіні айтылған. Ғалымдар йаһудилердің Пайғамбарымыздан рух туралы сұрауының себебі оның жауабын Тәуратта айтылғандармен салыстырып, пайғамбарлығына көз жеткізу мақсаты болған деп түсіндірген. Кейбір риуаяттарда жоғарыдағы аян Пайғамбарымызға түскеннен кейін яһудилер: «Бұл бізде де осылай» деген» делінеді.

         Қазақ даласында кеңінен тараған «Кимйиаи-саъадат» («Бақытқа жету ілімі») кітабында имам Ғазали рух жайлы былай деп жазады: «Рух – адам жаратылысы болмысының асылы болар. Барлық дене құрылысы соның қызметшісі. Біздің рух асылы дейтініміз – Алла Тағаланың бізге сыйлаған білім орны. Хайуандарда бұл рух жоқ. Рух – дене емес, бөлінетін де емес, нәзік бір жауһар десе болады. Періштелер осы жауһар жынысынан болар. Бұл рух – ең бір нәзік ақиқатты танымақтық, оны талдауға рұқсат жоқ».

         Осындай ұстанымдар мен тыйымдар себепті исламда рух туралы көп айтыла бермейді. Есесіне «Өзін таныған адам Жаратушысын да таниды» деген ұстанымға ұйыған ислам ғұламалары адамның нәпсімен күресу, жанын тазарту, рухын кемелдендіру арқылы өзін және жаратылыстың хикметін тануға ұмтылуын көбірек өсиет еткен.

Оқылды 6949 рет
Жауап берген:
JoomShaper
Top