Қазақ этнографиясының қызықты мәселелері. «Жеті ата» дәстүрі туралы

Жексенбі, 08.09.2021

Этнография ғылымы - этнос, яғни ел туралы ғылым. Этнограф елдің шығу тегінен бастап өмірінің барлық сан-саласын толық қамтиды.

 

Тарих  ғылымдарының  докторы,

профессор  Жамбыл  Омарұлы  Артықбаев

–  Қадірлі  Жамбыл  Омарұлы!  Салт-дәстүр  сырын  терең  түсінуде  этнографияға  соқпай  кете  алмаймыз.  Бірақ,  этнографтарымыздың  жазары  аз  ба,  әлде  мамандар  аз  ба,  кейде  автор  таба  алмай  қиналатынымыз  бар?..

–  Нағыз  ғалымдар  -  еңбекқор  халық,  әсіресе  біздің  алдымыздағы,  бізбен  қатар  академиялық  дайындықтан  өткен  этнографтар  жазбайын  демейді,  мәселе  этнографтардың  аздығында.  Этнография  ғылымы  -  этнос,  яғни  ел  туралы  ғылым.  Этнограф  елдің  шығу  тегінен  бастап  өмірінің  барлық  сан-саласын  толық  қамтиды.  Белгілі  дәрежеде  этнография  этносты  тек  әлеуметтік  емес,  биологиялық,  яғни  қайталанбас  құбылыс  есебінде  де  қарастырады.  Этнос  туралы  көп  ақпарат  оның  шығу  тегі  туралы  шежіре,  аңыздарында.  Өздерін  этнографпын  деп  жүргендер  бар,  бірақ  не  тілді  білмейді,  не  қазіргі  зерттеу  әдістерінен  мақұрым,  не  этнографияны  әлеуметтану,  саясаттану  деңгейінде  ғана  ұғынатын  білімі  саяз  адамдар.  Таза  академиялық  дайындықтан  өткен  ғалымдар  Қазақстанда  бірнешеу  ғана,  олардың  өзі  қоғам  мен  мемлекет  тарапынан  сұраныс  болмағандықтан  ғылымның  басқа  салаларында.

Іштерінде  археолог,  саясаттанушы,  т.б.  болып  жүргендері  бар.  Күнкөрістің  қамы.  Ол  жерде  оңай:  «тереңірек  қаз,  алысырақ  лақтыр»...  Алтын  тауып  алсаң,  оны  дабыра  қылатын  журналистер  бар,  алтын  десе  ішкен  асын  жерге  қоятын  шенеунік  бар.  Жалпы  қоғамның  пейілі  ғалымды  этнографиядан  археологияға  итермелейді.

Міне,  осы  себептерден  бізде  этнограф  мамандар  аз.  Неге  десеңіз,  нағыз  этнограф  жаңағы  айтқан  пейілді  зерттеуі  керек.  Этнос  неге  бұзылып  кетті,  оның  тарихи  себептері  бар  ма?  Этностың  басына  бұрын  осындай  күй  түсті  ме,  қазіргі  жағдайынан  сапалы  шыға  алатын  жағдайы  бар  ма?  Этнос  қаншалықты  сау,  қаншалықты  ауру?  Аласапыран  жағдай  болса,  этнос  өз  бірлігін  ұстап  тұра  алады  ма?  Өзге  этностардың  өкілдері  қалай,  қандай  құндылықтармен  өмір  сүріп  жатыр?  Бұл  сұрақтарға  этнографтан  басқа  ешкім  де  жауап  бере  алмайды.

Біз  қазір  шала  сауатты  әлеуметтанушылардың  (бұрын  бізде  ғылыми  әлеуметтану  мектебі  болған  жоқ)  кездейсоқ  жүргізіп  жатқан  мониторингтарымен  қанағаттанып  отырмыз.  Мәселен,  олар  кешке  қарай  жүз  адамға  «қарның  ашып  отыр  ма  ?»  деп  сұрақ  қояды.  Кешкі  тамақты  ішпеген  ел  басқа  не  жауап  берсін,  «иә,  қарнымыз  ашты»  дейді.  Әлеуметтанушыға  да  керегі  осы,  «мына  жүз  адамның  тоқсанының  қарны  ашып  отыр,  ендеше  бұл  ел  -  аш  ел»  деген  қорытынды  шығарады.  Бір  өкініштісі,  мемлекеттен  бөлінетін  гранттар  да  осы  сияқты  зерттеушілерге  бөлінеді...

–  Этнографияны  кейде  этнология  дейді.  Айырмашылық  бар  ма?  Сіздің  сөзіңізбен  айтсақ,  «өзін-өзі  этнограф  немесе  этнолог  деп  атағандар»  мен  нағыз  ғалымдарды  қалай  ажыратамыз?

–  Екеуінің  айырмашылығы  -  деңгейінде.  Француздың  атақты  ғалымы,  «құрылымдық  антропологияның»  негізін  салушы  Леви  Строс  «этнография,  этнология  және  антропология  -  бір  ғылымның  үш  сатысы»  деп  атаған.  Этнография  этносқа  қатысты  қарапайым  дерек  іздеуден,  экспедициялық  зерттеу  жұмыстарынан,  этнос  жадындағы  ақпаратты  анықтаудан  басталады,  ол  деректерді  жинақтап,  өзге  этноспен  салыстыра  бастасаңыз,  онда  ол  этнология,  егер  адамзат  баласы  туралы  ой  түйе  бастасаңыз  -  ол  антропология.

Ал  енді  өзін-өзі  этнограф  атап  жүргендерге  келсек,  ол  -  біздің  заманымыз  туғызған  құбылыс.  Қазір  қазақтың  дәстүрлі  этностық  мәдениеті  қолданыстан  шығып,  ұмытылып  бара  жатыр.  Сол  себепті  азды-көпті  осы  мәдениеттен  хабары  бар  адамдар  өздерін  этнограф  атап  жүргені  белгілі.  Ол  ғалым  емес,  ол  -  этнофора.

Этнография  ғылымы  дәстүрлі  мәдениетті  сақтаған  (қолданыста,  не  есінде)  адамдарды  «этнофора»  деп  атайтынын  ескерткім  келеді.

–  Этнография  этнос  өмірінің  бар  саласына  араласады  дейсіз,  осы  мәселені  тереңдете  түссек.  Этнография  саясатқа  араласа  ма  ?

–  Біз  жоғарыда  этнография  елдің  шығу  тегінен  бас-тап  қазіргі  күнгі  тіршілігіне  дейін  зерттейді  деп  айттық  қой.  Этнография  ғылымын  ХІХ  ғасырдың  ортасында  Еуропаның,  соның  ішінде  ағылшынның  отаршылдық  саясаты  туғызды.  Жер-жаһанның  бәрін  билеп-төстеу  -  ең  алдымен,  сол  жерді  мекендеген  халықтарды  да  білу.  Ағылшынның  Үндістандағы  вице-королінің  Лондонға  «маған  әскердің  керегі  жоқ,  оның  орнына  этнографтарды

жіберіңіз»  деуі  нені  көрсетеді?  Ол  Үндістанда  үш  жүзден  астам  этнос  бар  екенін,  олардың  дәстүр-салтын,  әдет-ғұрып  заңдарын,  арасындағы  қарама-қайшылықты  білсең,  басқару  да  оңай  екенін  көрсетеді!  Осыдан  кейін  сіз  этнографияны  саясаттан  қалай  бөліп  аласыз?

Қазақстанда  жүз  отыздан  астам  этностың  өкілі  бар  деп  біз  мақтан  қылып  жүрміз.  Осылардың  ішінде  жетеуі  жүз  мыңнан  астам  саны  бар,  диаспоралар  деуге  келетін  қауымдар.  Қазақ  ертеде  барлығын  бір  сөзбен  «қоңсы»  дейді,  қазір  біз  тіпті  «кіші  этностар»  деуге  қорқамыз.  Ертеде  қазақ  ортасына  енген  бөгде  этнос  өкілі  бір  ұрпақ  ауыспай  жатып  «шала  қазақ»,  «қойлы  орыс»  атанып,  кейін  қазақтанып  кететін.  Г.  Н  .Потанин

Ертіс  бойындағы  казак-орыстардың  ХІХ  ғасырда  қазақтанып  кеткенін  жазады:  «Казаки  настолько  поддались  влиянию  окружающих  их  киргизов  (Ресейде  ресми  билік  орындары  мен  әдебиет  қазақты  «киргиз»  деп  атаған-Ж.  А.)  что  почти  все  казачье  население  говорит  по  киргизски  и  нередко  предпочитает  этот  язык  родному;  для  многих  из  них  это  колыбельный  язык,  так  как  няньки  часто  выбираются  из  киргизок.  Киргизские  привычки  простираются  и  на  одежду  и  пищу  казаков...Как  и  киргиз,  иртышский  казак  любит  носить  широкие  плисовые  шаровары,  халат  из  бухарской  парчи  или  саранджи  и  лисью  шапку  (борьк),  они  любят  киргизские  национальные  блюда,  в  том  числе  конину...считает  стыдным  сесть  на  коня  без  нагайки,  надеть  холщевые  шаровары  и  т.п.».  Бұл  қазақтың  отаршылдық  бағыныштылықта,  тепкінің  астында  жүріп  жасаған  тірлігі,  ал  қазір  міне,  жиырма  жыл  өтті,  біздегі  кіші  этностар

қаншалық  қазақтанды?  Осыдан  жүз  жыл  бұрын  қазақша  сөйлеп  жүрген  Ертіс  бойының  орысы  мен  өзге  қоңсы  елдердің  қазіргі  қазақшасы  қалай?  Мен  осы  өңірде  диаспоралардың  этникалық  мектептер  ашу  туралы  ұсыныстары  мен  «тәжірибесін»  қарастыра  отырып  өте  нашар  деп  бағалар  едім.

Неге  патша  заманындағы  қазақтану  үрдісі  қазір  жоқ  деген  сұрақ  осындайда  туындайды?  Оның  себебін  орыстың  мықты  этнографы  Н.  Харузин  айтып  кеткен:  «из  двух  враждующих  сторон  киргизы  были  и  многочисленнее,  и  богаче,  и  более  опытны  в  степных  набегах  и  войне;  киргизы  являлись  лучшими  наездниками,  имели  лучших  лошадей  и  лучшее  оружие,  которое  они  покупали  или  получали  набегами  от  южных  соседей.  Для  того  чтобы  вести  успешную  борьбу,  русский  должен  был  учиться  у  киргиза...киргиз-степняк,  являясь  для  нового  посленца  идеалом  наездника,  должен  был  подчинить  себе  русский  элемент  и  повлиять  на  его  обычаи,  нравы-мировоззрение  и  язык».  Біз  де  осы  пікірге  қосыламыз.  Өзге  елге  әсер  ету  үшін  біздің  өзіміз  мықты,  мәдениетті,  бір  тілді  болуымыз  керек.  «Өзіңді  өзің  жаттай  сыйла,  жат  жанынан  түңілсін»  дейді  қазақ  мақалы.  Біздің  ішкі  саясатымыз  қазақ  халқының  түпкілікті  елдік  дәстүрлерін  жаңғыртып  және  нығайтуға  бағытталуы  керек,  сонда  ғана  өзгелер  біздің  соңымызға  ереді.  Бірнеше  тілде,  бірнеше  мәдениетте  өмір  сүріп  жатқан  елді  біртұтас  жүйе  деп  айтуға  келмейді.  Қазақ  бір-бірін  туыс  санайтын  халық,  одан  айрылып  барамыз,  оның  орнына  біз  мына  жиырма  жылда  бұрын-соңды  болмаған  әлеуметтік  жіктелу  үрдісіне  ұшырадық.  Елдің  іші  түгілі  сыртта,  шет  елде,  жат  жұрттың  ортасында  оқып  жүрген  біздің  жастарымыз  бай-кедей,  мәңгүрт-мәмбет  деп  бөлінетін  болды.  Бай  болғанда,  еңбекпен  байыса  екен,  ақшаның  қадірін,  сол  ақшаны  жасауға  мүмкіндік  берген  ел  мен  жердің  қадірін  білер  еді  ғой?!  Білмегендігі  ғой  бөлініп  жүргені.  Дулат  Бабатайұлы  айтқандай  «азған  елдің  бектері  қан  шықса  елін  жұлмалар  қасқырменен  аралас,  қазіргі  қазақ  ұлығы  жаман  иттен  несі  кем,  жемтік  көрсе,  қан  көрсе,  айрылар  мүлде  есінен».

Осының  бәрін  айтып  аборигендерше  жылай  беру  бір  басқа,  зерттеп  тығырықтан  шығар  жол  іздеу  бір  басқа.  Соңғысын  бүкіл  адамзаттың  озық  қауымдарында  этнографтар  атқарып  келеді.

–  Қазақтың  салт-дәстүрінің  сырын  этнограф  тілімен  сөйлетсек,  аға.  Мысалы  біздің  қалың  көпшілік  те,  басшылық  та  «жеті  ата»  туралы  білгісі  келеді.  «Жеті  атаны»  заңдастыру  керек

деген  мәселені  қазақ  газеттері  анда-санда  көтереді...

–  Бұл  -  расында  да,  қызық  тақырып.  Мен  осы  таяуда  жаңағы  өзіңіз  айтқан  ұсыныстардың  бірін  оқыдым.  Біздің  депутаттарымыздың  бірі  «жеті  ата»  туралы  заң  қабылдауды  ұсыныпты...

Алдымен  жұрттың  «жеті  ата»  деп  жүргені  не  нәрсе?  Этнография  ғылымы  «жеті  атаны»  дәстүрлі  қазақ  қоғамының  ішкі  қарым-қатынастарын  реттеп  отыратын  тетік  есебінде  қарастырады.  Қазақ  таным-түсінігіне  қарасақ,  «жеті  ата»  заң  ережесіне  де  келеді,  бірақ  әдет-ғұрып  заңдарында  бұл  мәселе  арнайы  ережемен  бекітілмегендіктен  оны  біз  институт  деп  қабылдаймыз.

Дәстүрлі  қоғамның  институттары  жалпыға  бірдей  құндылық  есебінде  ешқандай  заңға  енбей-ақ  өмір  сүре  береді.  Мысалы,  біздің  ата-бабаларымыз  қазақтың  Уыз  хан  заманынан  қалған  киіз  үйінде  тұрды.  Оның  сыртқы  түрі  де,  жасалуы  да,  ішіндегі  жасауы  да  ерекше  сәнді.  Бізбен  көрші  башқұрт,  түркімен,  торғауыт,  т.б.  да  киіз  бар,  олар  да  ертеде  көшпелі  тіршілік  кезінде  киіз  үйдің  өзінше  бір  нұсқасын  пайдаланған.  Егер  қазақтың  ішінде  отырып  қазақтың  киіз  үйінің  орнына  торғауыттың  төбесі  шошақ  киіз  үйін  жасатсаң,  сені  ешкім  де  жазаға  тартпайды,  бірақ  елде  сен  туралы  теріс  қоғамдық  пікір  пайда  болады.  Бұл  біздің  ата-бабаларымыз  үшін  өліммен  пара-пар.  Жеті  ата  да  -  осы  сияқты  құндылық.  Жеті  атаны  туғызатын,  қажет  қылып  ұстайтын  көшпелі  өмір  салты.  Біз  мыңдаған  жылдар  бойы  туыстық  жүйемен  өмір  сүрдік.  Қазақтың  мемлекеті  де,  оның  әкімшілік-территориялық  құрылымы  да,  әскер  ісіміз  де,  т.б.  туыстық  жүйеге  бағынышты  болды.  Қазақ  әлі  күнге  дейін  жасына  қарай  Елбасынан  бастап  жергілікті  әкіміне  дейінгі  басшыларына  «аға-іні»  деп  бастайды  әңгімесін.  Қазақ  әйел  адамға,  қыз  балаға  «апа-жеңге,  қарындас»  демесе  сөзінің  мәні  мен  жылылығы  жоқтай  сезіліп  тұрады.  Осы  қарым-қатынастардың  негізінде  «жеті  ата»  институты  тұр.

Жеті  атаны  этнография  ғылымында  «патронимия»  деп  те  атаймыз.  Бір  атаның  баласы  деген  мағынада,  расында  да  жеті  ата  өзінің  арасынан  шыққан  ақсақалдардың  ақылымен  жүреді.  Кім  жасы  үлкен,  елге  сыйлы,  ақылы  кеніш,  бәйбішесі  берекелі  аналық  болса,

көшпелі  ортада  ақсақал  атанады.  Соңғы  мәселеге  ерекше  назар  аудару  керек,  себебі  қазақ  «Құдайға  жаққың  келсе  азаның  болсын,  елге  жаққың  келсе  қазаның  болсын»  дейді.  Ақсақалдың  ақылынан  не  пайда,  егер  жақын-жуық  ағайын  аға-жеңге  деп  үйіне  еркелеп  кіріп-шықпаса?!  «Өзі  көкайыл,  өзі  дию-пері,  өзі  долы  қатынға»  жолығып  небір  мықты  азаматтардың  «жалғанда  қор  болып»,  шал  қатарында  қалып  қоятын  да  жағдай  болады.

Жеті  ата  деңгейінде  ақсақалдардың  билігі  шексіз  болады.  Бәрінің  үлкен  атасы  болып  отырған  соң  бұл  қызметтің  жауаптылығы  да  аса  мол.  Жеті  атаның  ішінде  бай-кедей  деген  ұғым  жоқ,  бай  болса  да,  кедей  болса  да  өз  ағайыны.  Жоғарғы  билік  қазақтың  әлеуметтік  өміріне  араласпайды,  жеті  ата  деңгейінде  барлық  билік  ақсақалдың  қолында.  Егер  осы  жеті  атаға  енетін  ағайынның  ішінен  ел  көшкенде  бір  үй  көш  көлігі  болмай  жұртта  қалып  қоятын  болса,  өзгесінің  бетіне  шіркеу.  Егер  осы  жеті  атаға  енетін  ағайын  жігіттер  жауға  барып,  біреуі  майданда,  не  тұтқында  қалып  қоятын  болса,  өзгесіне  өлім.  Егер  осы  жеті  атаның  ішінде  бір  үй  «құдайы  жолаушымын»  деп  келген  қонақты  күте  алмай,  аш  қондырса,  өзге  ағайынның  бәріне  ұят,  т.б.

Бірнеше  жеті  аталардың  басы  қосылып  ру  (сүйек,  топ,  ұру)  түзеді.  Бір  қарағанда  ол  да  туыстық  қағидамен  құрылғанымен,  ру  дегеніңіз  -  саяси-әкімшілік  қауым.  Оның  басшысы  не  мұрагерлік  жолмен,  не  жеке  өз  басының  қасиетіне  байланысты  ақсақалдардың  кеңесінде  сайланатын  би  (бек,  батыр,  мырза,  көсем).  Би  патриарх  емес,  оның  жасы  келген  адам  болу  қажеті  жоқ,  оның  атқаратын  қызметі  ру  басылық,  ру  намысын  әр  түрлі  саяси  кеңестерде  қорғау,  соғыс  жағдайында  ру  жасағын  бастау.  Біздің  тарихшыларымыз  бен  әдебиетшілеріміз  қазақ  этнографиясын  білмеген  себепті  би  деген  сөзді  орысша  «судья»  мағынасында  түсінеді.  Сөз  жоқ,  би  ел  арасындағы  дауда  төрелік  жасайды,  бірақ  төрелік  жүгініс  болсын,  кеңес  болсын  халықтың  ортасында  беріледі.  Осы  жерде  әр  ру  басы  өзінің  елінің  қорғанышы  болуға  бар  күшін  салады,  егер  өз  руының  адамы  кінәлі  болып  жатса,  өзі  жазасын  береді.  Сол  себепті  екі  рулы  елдің  бір-бірімен  дауы  болса,  төрелікті  үшінші  бір  елдің  биі  береді.  Қазақтың  дауының  көпшілігі  «жан  беру»  арқылы  шешілетін  болғандықтан  би  алдында  өтірік,  жалған  сөйлеу,  аруақтан  аттау  бола  қоймайды.

–  Ел  арасында  жеті  ата  биологиялық  тұрғыдан  адам  баласының  өсіп-өнуіне  дұрыс,  әр  түрлі  аурулардан  ем  деген  сияқты  пікір  айтылады.  Сіз  қалай  ойлайсыз?

–  Бұл  сұрақтарға  биолог,  генетик,  дәрігерлердің  жауап  бергені  дұрыс.  Қазақтың  кейбір  дәстүрлеріне  қарасаң,  әулие  халық  болған  сияқты,  бірақ  жеті  ата  институтын  кіргізу,  ең  алдымен,  көшпелі  мал  баққан  қоғамды  туыстық  ретпен  ұжымдастыру  үшін  жасалған.

Отырықшы  халықтар  жеті  атаны  ұстанбайды,  Сырдың  бойын  ертеден  мекен  еткен  сарт  қауымдары  (қазір  өзбек  аталып  жүр)  немере  арасында  үйлене  береді.  Неге  десеңіз,  егінші,  бағбан  қауымдар  үшін  меншігіндегі  жердің  бөлінбегені  жақсы,  жұмыс  күшінің  сырттан  келгені  де  қажет  емес.  Ал  қазақтарға  сыртқы  байланыс  аса  маңызды,  себебі  орнықты  өмір  сүру  үшін

көшпелі  қауымның  үш  жұрты  болуы  керек.  Өмір  бақи  жаугершілікте,  көшіп-қонып  жүрген  халық  қашанда  одақтас  іздейді.  Қазақтың  «астың  дәмін  келтірген  тұз  әулие,  елмен  елді  қосқан  қыз  әулие»  дейтін  сөзі  осыны  дәлелдейді.

–  Жеті  атаны  бұзғандар  ертеде  қатал  жазаланыпты...

–  Сіздің  айтып  отырғаныңыз  Шәкәрімнің  жырлайтын  «Қалқаман-Мамыр»  оқиғасы  ғой.  Мәшһүрдің  Шәкәрімді  осы  үшін  «өлең  болып  шыққан  соң  ел  дәстүрді  бұзғандарға  аяушылық  білдіреді»  деп  сынағанын  білесіз  бе?  Жаугершілік  заманда  елдің  ынтымағын  сақтау  үшін  амалсыз  жасалған  шешім.  Бұл  жерде  сіз  Әнет  бабаңның  шешімін  қатты  ойлануыңыз

керек.  Әнет  бабаң  қазақтың  сол  кездегі  ең  мықты,  білімді  билерінің  бірі,  егер  әдет-ғұрып  заңдарында  қайтсе  де  өлтіру  керек  деген  ереже  болса,  ол  ойланбастан  Қалқаманды  ат  құйрығына  байлар  еді.  Болмаған  себепті  «тисе  терекке,  тимесе  бұтаққа»  деп  елдің  алдынан  жүйрік  атпен  шауып  өтуге  бұйырады...Егер  қазақтың  әдет-ғұрып  заңдарында  ондай  ереже  болса  төрелер  мен  қожалардан  да  «жеті  атаны»  талап  етер  еді,  олар  бұл  ережені  ұстанбайды  ғой.  Менің  ойымша,  жеті  ата  ең  алдымен  қоғамдық  қажеттілік  есебінде  ата  баласының  ынтымағын  сақтау  үшін  дүниеге  келіп,  біртіндеп  моральдік  нормаға  айналған.  Қазақша  өмір

сүрудің  негізгі  тетігі  болған  соң  жеті  ата  институт  есебінде  бекіді  де,  қоғамдық  пікірде  оны  бұзу  теріс  пікір,  айыптау  туғызатын  болды.

-  Жеті  ата  туралы  тың  ақпарат  алғанымды  жасырмаймын...

–  «Жеті  ата»  -  біздің  тарихи  дәстүріміз,  өзіміздің  қазақи  табиғатымызды,  жан  дүниемізді  сақтау  үшін  оны  ұстанғанымыз  дұрыс.  Бірақ,  бұл  қоғамдық  пікірде  моральдік  ереже  түрінде  қадағалануы  керек.  Заң  кодекстері  қаншалықты  толық  болса  да,  адамзат  өмірін  қамти  алмайды,  біздің  әр  қадамымызды  заңдастырып  отыру  мүмкін  емес,  осыны  депутаттар  түсінуі  керек,  адамзат  қоғамы  болғандықтан  заңнан  да  мықты  моральдік  ұстанымдар  мен  тарихи  дәстүрлер  болады.

–  Шығармашылық  жетістіктер  тілеймін!

www.muslimwomen.kz

 

Оқылды 3652 рет
JoomShaper
Top