Лағнет айтуға бола ма?

Жұма, 31.10.2021

Ислам дінін қаралаушыларға қарғыс лағнет айтуды тоқтатпай айта берсе бола ма?

 

Ислам – мейірімділік, кешірімділік, іззеттілік діні. Пендеге, тіпті оның күнасы көп болсын, аз болсын оған қарғыс, лағнет ату дінімізде мүлде бұйырылмаған. Керісінше, өзгеден өнегесіз әрекет орын аласа, мұсылман оған мейірім көзімен қарап, кешірімшілдік көрсетіп, Алладан сол пендеге хидаят тілеп, дұға жасағаны абзал.

Қазақта «Кешірімшілдік көңіл кеңдігі» деген аталы сөз бар. Дінге қара күйе жағу ауыр күнә екені анық. Алайда, егер сол адам оның ауыр күнә екенін білсе, оны жасамас еді ғой. Ондай жағдайда кешірімдік жасау көңілдің кеңдігі деп білемін. Осы орайда адамзаттың асыл тәжі Мұхаммед пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мейірімділігі, кешірімшілдігі еріксіз ойға оралады. Алланың хақ дінін жұртқа жеткізу, ақпараттандыру мақсатында Тайф қаласына барған оқиғасын есіңізге түсіріңізші. Тайф халқы исламды қараламақ түгілі, ардақты Пайғамбарды (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) тасборан етіп, қаладан қуып шығарды. Сол кезде мейрімді Мұхаммед өзін таспен ұрған қауымға қарғыс жаудырып, лағнет айтқан жоқ. Керісінше, Ол (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Уа, Алла! Бұл қауымды тура жолға сала гөр. Мен бұлардан мүмін ұрпақ шығуын тілеймін», – деп дұға еткен.

Мейірімділік, кешірімділік, төзімділік сияқты қасиеттер Ислам дінінің құндылығы. Қазақ қалық педагогикасындағы «Таспен ұрғанды аспен ұр» деген өсиет, осы құндылықты салт-дәстүрмен сабақтастырып жатқандай.

Сондықтан, әз Пайғамбарымызды өнеге тұтып, ислам дінін қаралағандарға қарғыс емес, хидаят-таупық тілеген жөн.

Оқылды 7705 рет
Жауап берген:
JoomShaper
Top