«Білімді мыңды жығар» шәкірттер сайысы өтті

Жұма, 24.03.2022

Астана. 24 наурыз. E-ISLAM – ҚМДБ-ның БҚО бойынша өкілдігі мен БҚО  «Әйелдер-қыздар» секторының ұйымдастыруымен Орал Облыстық  мешітінде ұлыстың ұлы күні наурыз мерекесінің қарсаңында «Білімді мыңды жығар» атты дін мен дəстүр аясындағы шәкірттер сайысы болып өтті.

Аллаға мадақ айтумен басталған бұл шараның мақсаты қазақтың қаракөз қыздарын дін мен дəстүрден хабардар ету болатын. Бір-бірінен оза шабар білімпаз шəкірттер қазақтың салт-дəстүрін көрермендерге паш етіп, қайта жаңғыртуға атсалысты.

Құранның қасиетін көріп өскен шəкірттер Алланың қасиетті сөзімен сусындап, жарысқа белсенділікпен қатысты. Екі дүние сардары Пайғамбарымыз әз-Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өмірі, Пайғамбарлар тарихы, логика жəне салт-дəстүрді жетік меңгерген бұл шəкірттер өз білімдерімен саналы жастардың санаулы емес екендігін көрсетті. Салт-дəстүрден азды-көпті мәлімет беретін көрініс қойып, актерлік шеберліктерін ортаға салды. Көрініс барысында қазақтың біртуар сал-серілерінің бірі Біржан салдың өмірінен «тоқал алу» үзіндісі, ақ жаулықты ананың отбасын берік ұстап, бақытты қылу құпияларын айту, сондай-ақ, құрсақ шашу туралы əдет-ғұрыптар мен салт-жоралғылар тиянақты орындалды.

Белсенділікпен атсалысқан шәкірттерге сыйлықтар беріліп, белгілі номинациялармен марапатталды. «Ең жас актер», «Салт-дəстүрді жаңғыртушы», «Озық ойлы, терең білімді» деген номинациялар өз иесін тауып, топ арасынан біршама білім жинаған «Фирдоус» тобы «Білімді мыңды жығар» атағын иеленді.

Кеш соңында Наурыз дастарханы жайылып, ақ жаулықты əжелер батасын берді. 

Оқылды 374 рет
JoomShaper
Top