Қазақстандағы дін: дәстүр және дәстүрсіздік

Сейсенбі, 12.11.2021
Қазақстандағы дін: дәстүр және дәстүрсіздік Еліміздің негізгі діни қауымы суниттік ислам және христиандықтың православиялық бағыттары.

Қазақстан тәуелсіз, зайырлы мемлекет және нарықтық экономикаға негізделген, қоғамдық өмірдің барлық салаларын демократияландыру жолын ұстанған, әлеуметтік, азаматтық қоғам құрушы мемлекет. Қазақстанның экономика, саясат, мәдени және рухани саладағы жетістіктерін өркениетті елдер мойындап, әсіресе руханият саласындағы табыстары, атап айтсақ, ұлтаралық келісім мен дінаралық сұхбаттастық пен төзімділік мәдениетін қалыптастырған Қазақстандық модель әлемдік қауымдастық тарапынан оң бағасын алуда. Елбасымыздың бастамасымен Астана қаласында өткізілген Әлемдік және дәстүрлі діндердің 1, 2, 3,4 съездері діні, ұлты, нәсілі, мәдениеті әртүрлі дінбасыларының басын бір үстелде қосуы қазіргі діни және ұлттық қақтығыстар орын алып отырған алмағайып уақытта қол жеткізген ірі табыс.

Тәуелсіздік жылдары қоғам өмірінің барлық салаларында терең, түбегейлі өзгерістер орын алды. Бұл қоғамның рухани саласындағы, соның ішінде дін мен діни мәдениетке де терең өзгерістер алып келді. Әлеуметтік-мәдени және саяси дамудың жаңа жағдайларының қалыптасуы, идеологиялық саладағы өзгерістер, ұлттық сана-сезімнің өсуі және қоғам өмірінде рухани ұлттық құндылықтардың рөлінің өсуі қоғамдық-саяси өмірдегі діннің рөлін айқындайтын факторлар.

Діни жаңғыру постатеистік және посттоталитарлық елдерге тән. Өйткені ұзақ жылдар бойы ұлттық және рухани құндылықтарынан ажыраған елдер өзінің арғытегінде өрнектелген тамырларына қайта оралуды мақсат көздеді. Діни өрлеу үдерісі бұрынғы кеңестік елдер үшін тән құбылыс болып отыр.  Діни жаңғыру бұрыңғы дәстүрлі діни бірлестіктердің позицияларының күшеюімен бірге, қазіргі Қазақстан үшін барынша беймәлім, жаңадәстүрлі емес діни ұйымдардың пайда болуымен ерекшеленеді.

  Еліміздің негізгі діни қауымы суниттік ислам және христиандықтың православиялық бағыттары. Елімізде 2337 жуық мұсылман  бірлестіктері бар.  Елімізде орыс православия шіркеуінің үш епархиясына 214 приход, 8 монастыр және басқа  шіркеулік құрылымдар тиесілі. Орыс православия шіркеуі приходтар санының өсуіне және материалдық тұрғыдан  нығаюына күш жігерін жұмсауда. Еліміздің  бірнеше қалаларына православиялық ғибадатханалардын құрылысы жүріп жатыр.

  “Иегова куәлары” бірлестігінің миссионерлік қызметін ерекше қарқын алуда. “Иегово куәлары” Қазақстандағы саны жағынан өсіп келе жатқан діни қауым болып отыр.

“Иегово куәләрының” діни орталығы Есік қаласында орналасқан. Иегово куәларының 79  діни бірлестіктері әділет органдарында ресми тіркелген және 30 – дан  аса жергілікті қауымдары бар. “Иегово куәларының” саны 14 мыңға жуық. Штаб-пәтері –Бруклинде (АҚШ).

 Лос-Анджелесте орналасқан «Благодать» - «Грейс» діни-бірлестігі еліміздің заңына қайшы әрекет жасаған. Ал «Мун Сан Мен» діни бірлестігі жастармен жұмысқа ерекше назар аударады. Саентология діни бірлестігі емдік шаралармен айналысып, адамдардың денсаулығына зиян келтіргені әшкереленді

Шет елдік миссионердің белсенді қызметі арқасында неопротестанттық ағымдардың харизматикалық қауымдары “Агапе”, “Жаңа өмір”,  (“Новая жизнь”), “Новое небо”, “Благая весть” және т.б. бар. Елімізде дәстүрлі емес культтер қатары өсуде. Саентология шіркеуі АҚШ-та ХХ ғасырдың 50-шы жылдары пайда болды.  Негізін салушы Лафайет Рон Хаббард (1911-1986) . Рон Хаббард өз ілімін “Дианетика: ақылды ойдың саулығы туралы бүгінгі заманғы ілім” атты еңбегінде қорытындылаған.

“Кришна Санасы” қоғамы елімізде әрекет етіп отырған жаңа діндердің бірі. “Кришна санасы” халықаралық қоғамының  негізін салушы – Свами Прабхупада (1896-1977). Бұл діни ағым жастар арасында таралып жатыр. Кришнайттерге қатысты Алматы облысында жер дауы туғаны белгілі.

Кейінгі жылдар мұсылмандар арасында жік салатын пікірлер мен ұстанымдар көрініс беруде. Экстремистік, діни фанатизм, лаңкестік, пікір төзімсіздігі ислам дініне жат.

Елбасымыз өзінің ,;Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуыЖалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам” атты мақаласында “жастардың бір бөлігі діни секталардың ,экстремистердің,есірткіге құмар және қылмыстық топтардың оңай олжасына айналады.Мұның бәрінің басты себебі –әлеуметтік инфантилизм,өзінің өмірі мен өз отбасының әл-ауқаты үшін өзіжауап бере алатын ересек әрі кемел азамат болуға шамасы жетпеушілік” деп атап көрсетті

Елімізде “әл-Каида”, “Мұсылман бауырлар”, “Талибан”, “Лашкар- Таиба”, “Боз-құрт”, “Өзбекстан ислам қозғалысы”, «Шығыс Түркістан ислам партиясы», «Күрд жұмысшы партиясы», «Орта Азия муджахиттер жамағаты»«Аум Сенрике»“,Халифат жауынгерлері”,және т.б. лаңкестік ұйымдардың қызметіне тиым салынған.

Миссионерлік –дәстүрден тыс діни ұйымдардың діни ілімдерін таратуға арналған діни және насихаттық қызметі Қазақстанда кеңінен таралуы орын алуда. Миссионерлік ұйымдардың шоқындыру саясаты Африка және Азия халықтары арасында қарқынды және мақсатты түрде жүргізіліп отыр. Миссионерлік ұйымдарға жіберетін елдердің мемлекеттік құрылымдары, қайырымдылық қорлары, үкіметтік емес ұйымдар, қаржылық топтар материалдық және моральдық  тұрғыдан көмектесіп, ортақтаса жұмыс жасайды. Миссионерлер баратын ел халқының дінін, тілін тарихын, әдет- ғұрпын, ділі мен психологиясын зерттеп біліп барады.

Көптеген миссионерлер жергілікті халық көп тұратын елді мекендерде тұрып, сол халықтың тілін, әдет- ғұрпын, мінез-құлықтарын өз қызметкері табысты жұмыс атқару үшін жетерліктей деңгейде зерттеп, үйренеді.

Елімізде неопротестанттық шіркеулердің миссионерлік қызметтері халқымыздың діни бірлігі мен ынтымақты өміріне кері әсерін тигізеді.

Жұмыссыздар, өмірден өз орнын таппағандар, рухани ізденісте жүргендер, жеке басы және отбасындағы психологиялық  қиындақтарға төзе алмағандар, Ислам дінін терең білмейтіндер, әсіресе жастар миссионерлер үгіт- насихатына тез ілігеді.

Дәстүрлі емес діни ағымдардың өз әдебиеттерін таратуын сараптан өткізіп және жіті қадағалануы тиіс.

Қазақ елі он төрт ғасырдан бері Ислам діні мен құндылықтарын ұстанып келеді. Ислам - бұл дін, мәдениет және өркениет ұстанымдары болып табылады. Қазақ  елінің 70% құрайтын мұсылмандар екені белгілі. Елімізде діни бірлестіктер мен үйымдар қызмет етуде. Қазақстандағы дәстүрлі діни ұйымдар еліміздің тұрақтылығы мен ұлттық тұтастығымызға, қоғамдық келісім мен діни төзімділік жолына қызмет етуде. Елбасымыз Әлемдік және дәстүрлі ұлттық діндердің І съезін ашардағы сөзінде: «Төзімділік, татулық пен ынтымақтастық принциптерін біз өзіміздің сыртқы саяси қызметімізде де ұстанымыз. Олар көпбағыттылық, жаһандық және өңірлік, қауіпсіздік үшін ықпалдасу, топтасу, әділеттілік пен прогресс идеясына негізделеді».Тәуелсіздік пен даму философиясының қайнар көздерінің бірі- рухани асыл мұрамыз ұлттық құндылықтардың ажырамас бөлшегі діни құндылықтарымыз еліміздің рухани бірлігін күшейтіп, рухани қайта өрлеуді және ұлттық мүддені асқақтатады.

Ұлттық идеологиямыздың негізгі ұстанымы – рухани құндылықтар халқымыздың рухани сауығуы мен бітім-болмысын, ұлттық намыс пен ұлттық мақсат жолында бірлесе, жұмыла қызымет етуге жол ашады. Әбсаттар қажы Дербісәлі: «Бейбітшілік, татулық, игі қарым-қатынас пен көркем мінез-құлық, жақсылық пен тақуалық, өзара жәрдемдесу мен түсіністік секілді ізгілікті істердің барлығы да біз ерекше қадірліп ұстанар асыл дініміз – Ислам уағыздарының да, амалдарының да негізі. Қазақстанда діндераралық достықтың діңгегіне айналаған Ислам дінін ұстанушы отандастармыз өз сенімдері мен ұстанымдарына әмәндә адал әрі берік».

Халқымыздың рухани тұтастығы мен ынтымағын арттыруда сан ғасырлық асыл мұрамыз- ислам діні мен мәдениеті баға жетпес рухани бағдар болып табылады. Еліміздің болашағы жастар ислам құндылықтарын ақыл парасат,дәстүр тұрғысынан игеріп, өркениеттік тұрғыда дүниетанымдық негізде меңгеруі керек. Әр түрлі теріс пиғылдағы ағымдардан сақтануы үшін қазіргі кездегі діни ағымдардан хабардар,діни сауатты болу керек. Адамгершілікті  ту етіп көтерген адам – шынайы мұсылман болып табылады. Мұсылманның  сөздері мен істері арасында айырмашылық болмайды, ақылы, парасат-пайымы, жандүниесі мен тәні үйлесімді үндестікте келеді. Ислам діні адамзатты жақсылық пен  мейірімділік жасауға шақырады. Құран-Кәрімде Аллаһ тағала «Жақсылық істеңдер, шын мәнінде Аллаһ игілік істегендерді жақсы көреді,» (Бақара 195), «Мұхаммет кешірім жолын ұста  және оларға  туралықты әмірет. Сондай-ақ надандардан бет бұр» (Ағраф,199);

«Жамандықтан  көркем түрде  қайтар, жамандыққа қарсы жақсылық қыл.  Сол  уақытта араларында дұшпандық бар біреу  өте  жақын досқа айналады» - деген.(Фуссилат, 34). Хадистерде көркем мінез-құлық жөнінде: «Мұсылмандардың иманда ең кемелдісі ең жақсы мінез құлықтысы», «Мен жақсы мінез құлықтарды кемеліне жеткізу үшін жіберілгенмін» - деп ғибраты мол ой толғамдар айтқан.Сондықтан ол адамзатты таухидқа, иманға, ихсанға, көркем ахлаққа шақырады.

Қазақстан ислам мәдениеті мен өркениетінің құндылықтарын ардақтайтын, сондай –ақ зайырлылық пен демократиялық, жалпы адамзаттық құндылықтарды құрметтейтін,  халқымыздың рухани мәдени мұрасының негіздерінің бірі-Ислам діні.Ислам діні, тіл мен діл-ұлттық идеямыздың тұғырлары. Қазақ топырағынан шыққан Әбу Насыр әл-Фараби,Қожа Ахмет Иассауи,Жүсіп Баласағұн, Мұхаммет Хайдар Дулати,Абай,Шәкәрім,Мәшһүр Жүсіп және т.б. ойшылдар мұсылмандық шығыс мәдениетінің дамуына өзіндік үлес қосқан ойшылдар. Қазақ елі бейбітшілік пен діни төзімділік, өркениеттер мен діндер үн қатысуына  жол ашқан және жалпы адамзаттық құндылықтар мен ұстанымдарды қастерлеуге шақыратын әлемдік қауымдастықтағы беделді ел.

Ислам−ізгілік пен игіліктің, бейбітшілік пен ілгерілеудің қағидаларын ардақтайтын,өзіне адамгершілік пен бауырмашылықты жинаған адамзат діні. Қазақ қоғамының рухани жаңғыруы және ұлттық рухының серпілуі үшін рухани жан дүниемізді кемелдендіретін ислам құндылықтарын терең де жан-жақты талдап білуімізді қажет етеді.

Ислам діні мен мәдениеті адамзат қоғамына және өркениетіне жалпы адамзаттық  құндылықтардың жүйесін берді. Ислам діні адамзат мәдениеттерін өзара сұхбатқа және діни төзімділікке шақырады. Ислам діні түрлі саяси көзқарастар және ілімдік ұстанымдар негізінде ерекшеленеді. Әлем мұсылмандары алуан түрлі ағымдарға бөлініп, ағымдардың негізін салған дін ұстаздары және саяси басшылардың атымен аталады. Ислам дінінің тарихында уаһһабилік деп аталған діни-саяси ағым  ХVІІІ ғасырда яғни 1703-1792  жылдары өмір сүрген Тамим тайпасынан шыққан шейх Мұхаммет ибн Абдул Уаһһабтың есімімен байланысты. Оның ата-бабасы бағдаттық  дін ғалымы Мұхаммет ибн Ханбал (780-855) негізін қалаған ханбалиттік мәзһабты ұстанған.

Жоғарыда атап өткеніміздей, Абдул Уаһһабтың дүниетанымына қалыптасуына сәләфилік ұстаным ықпал етті. Сәләфилік сөзі сәләф әс-сәлихин «бұрынғы тақуалар» дегенді білдіреді. Сәләфилік Пайғамбарымыздың сахабалары және табиғиндердің, сонымен қатар тақуа имамдардың тұсындағы мөлдір исламды қайта жаңғырту, исламды түрлі жаңашылдықтардан тазалау.

Сәләфилік тарихында елеулі із қалдырған көрнекті ойшыл, фикх ғалымы Әбу әл-Аббас Тахиуддин Ахмед ибн Әбд әл-Халим ибн Таймия (1263-1328) болды. Ол Харран қаласында дүниеге келген. Имам Ахмед ибн-Ханбал мәзһабы негізінде діни білімін алды. ибн-Таймияның шәкірттері мен жолын ұстанушылар қатарында ибн әл-Каййим әл-Жаузия, хафиз аз-Захаби, Мұхаммет ибн-Абдул Уаһһаб болды.

Уаһһабшылдар әулиелердің зиратына баруға қарсы шығады. Пайғамбарлардың және әулиелердің рухынан шапағат сұраған мұсылман,  әулиелердің кесенесіне және қасиетті жерлерге барып, оларды себеп етіп, дұға жасаған адам кәпір болады деп санайтын уаһһабшылдар кесене салу, кесенелерде  намаз оқу, аруақтардың рухына садақа атау  мүшріктік деп есептейді. Мешіттерге садақа тастауға тиым салады. Мәуліт мерекесін атап өтуге қарсы шығады.

Олар бойтұмар тағуға, әулиелерді шектен тысқастерлеу адамға көмектеседі деген сенімге, қарсы.

Уаһһабшылдық сопылықты бидғат қатарына жатқызады. Сопылық сопы шейхтардың өз мақсат-мүдделеріне жету үшін ойлап  тапқан  жолы  деп санайтын уаһһабшылдар  бидғат  мәселерінде  қатаң позицияны ұстанып, шектен тыс кетеді: бір адамның  рухына бағыштап құран оқу, сүннет және нәпіл намазын оқу, қабірді зиярат ету, мақаммен намаз оқу, тәрізді нәрселерге тиым салады.

Олардың пікірінше, Мұхаммет заманында болмаған нәрсенің бәрі бидғат. Осының негізінде сәулетті мазарлар мен кесенелер салуға, мұндай жерлерге зиярат ету, қастерлеу күпірлік және табынушылық екендігін айтады. Сәләфишілік-мөлдір таза ислам жолын  ұстанушылар, яғни Мұхаммет, сахабалар мен табиғиндер ұстанған жолды жаңғырту дегенді білдіреді. 

Уаһһабшылдар қабірлерге мазар тұрғызуды, мешіт салуды, қабірлерді ғұрыптық айналуды, өлген адамдар көмегімен тәуәссул жасауды, өлген адамдардың қырқын және жылын атап өтуді, тәспі санауды бидғат деп санайды. Уаһһабшылдар исламның алғашқы  негіздерін және тауҺид қағидасын қалпына келтіру, ислам дініндегі адамдар енгізген  бидғаттардан тазарту, бойтұмар тағу, әулиелердің мазарларын зиярат ету, мәуліт  мейрамын атап өту тәрізді іс-әрекеттерді тиым салуға шақырады.

Қазіргі кезде Уаһһаб ілімін ұстанушылар мұсылман елдерінде, батыс Еуропа, Африка, Азия, Ресей және Азия елдерінде  де кездеседі..  Қазіргі кезде уаһһабшылдық діни  ұстанымнан  гөрі, саяси ағымға көбірек келіңкірейді. Уаһһабшылдық  Мысыр, Үндістан, Пәкістан, Бангладеш  елдеріне де таралған.  Мұхаммет Абдул Уаһһаб ілімі  Сауд Арабиясының ресми идеологиясы болып табылады. 

Уаһһабшылдық  бұрынғы КСРО елдеріне 1990 жылдары кіре бастады. Қазақстанда уаһһабшылдықтың таралуына  шет елдің дін уағызшылары, уаһһабшылдық  діни түсінігіндегі әдебиеттер, араб елдерінде оқып жатқан студенттер және қажылық  парызын орындаушылар арасында осы ағым өкілдерінің идеологиялық үгіт-насихаты, осы ағымды қолдайтын халықаралық ислами  ұйымдардың қаржылай көмектері көп рөлін атқарды. Сауд Арабиясында діни білім алған жастарды дүниетанымдық және психологиялық өңдеуден өтеді. Жастарға Уаһһаб іліміндегі әдебиеттер, аудио және видео жазбалар беріледі. Уаһһаб ілімін ұстанушылардың дені Сауд Арабиясында оқып келген жастар болып отыр. Олар дастарханға  бата жасау және қасиетті  деп саналатын кесене мазарларға зиярат ету және мәулітті атап өту, музыка тыңдау, Оңтүстік аймақтардағы келіннің атасы мен енесіне, жасы үлкендерге сәлем салу дәстүрін,беташар,дұрыс емес деп санайды. Қазақ елі үшін ынтымақ, бірлік пен татулықтың төзімділік пен түсіністіктің негізі-ата-бабаларымыз ұстанған ислам діні.Елімізде экстремистік бағыттағы “Хизб-ут-тахрир-әл-ислами” (“Ислам азат ету партиясы”) ұйымының заңға қайшы әрекетері  жұртшылықтың наразылығын тудырды.. Хизб-ут-тахрирдің мақсаты Ислам атын жамылып, дінаралық келісім мен үн қатысуға зиянын тигізіп, бейбіт өмір тыныштығын бұзу. Хизб-ут-тахрир Орталық Азия елдерінің мемлекеттік құрылысын мойындамайды және осы аймақта халифат құруды өздерінің мақсаты ретінде ұстанады. Аталған ұйым күресі идеолгиялық  күрес, идеологиялық төңкеріс, билікті өз қолдарына алу сынды үш бағытта жүргізіледі. Кейінгі жылдар мұсылмандар арасында жік салатын пікірлер мен ұстанымдар көрініс беруде. Экстремистік, діни фанатизм, лаңкестік, пікір төзімсіздігі ислам дініне жат.

“Хизб-ут-Тахрир”Ислам азаттық партиясының қалыптасуы мен негізін салушы.  “Хизб-ут-Тахрир әл-ислами” ислам дінінің атын жамылған суниттік діни-саяси партияның негізін 1953 жылы Иерусалимде (әл-Құдыста) шариат сотының қазысы, дін қайраткері Таки ад-Дин Набахани (1909-1979) салған. Таки ад-Дин Набахани Мысырдағы әл-Азһар  университетін бітірген. Кейбір деректерде, оның Иорданиядағы “Әл-ихуан әл-мүслимун” (мұсылман бауырлар) діни-саяси террористік ұйым жетекшілерінің бірі болғандығы айтылады. Ақидаға (сенім мәселесіне) қатысты мұсылман бауырлар көзқарасымен келісе алмағандықтан, бұл ұйым қатарынан шығып, “Хизб-ут-Тахрир” атты жаңа партия құрады.

Партияның негізін салушы  Таки ад-Дин Набахани Палестина жерін Израил әскерінен азат етуді мақсат етіп, араб әлемін біртұтас халифатқа  біріктіруді көздеген еді. Тіпті, бір тілде сөйлейтін, ділі, мәдениеті ортақ  жиырмадан аса араб мемлекеттері өзара ынтымаққа келмегендіктен, бірде бір мұсылман елінде халифат құрылмады. Мұсылман мемлекеттері “Хизб-ут-Тахрир әл-исламия” партиясының мақсат-мүддесі мен идеясын қабыл алмады.

1988 жылдан бастап дүниеде болып жатқан  қоғамдық-саяси оқиғаларға өз қөзқарастары мен ұстанымдарын насихаттау үшін ай сайын  “әл-Ваъи” (сана-сезім) атты журналды түрлі тілдерде шығарып тұрады. 

“Хизб-ут-Тахрир”Ислам азаттық партиясының ілімі. “Хизб-ут-Тахрир әл-ислами” партиясының негізгі күрес ұстанымы: Тасқиф (түсіндіру); Тафәул (бірлесіп іс – әрекет ету); Инқилаб (төңкеріс жасау).

Бұл партияның негізгі ұстанымдары:Исламға негізделген теократиялық жүйе құру;Халифті тағайындауға мұсылман қауымы құқылы;Халиф Конституцияны енгізуге және түрлі заңдарды қабылдауға құқылы.

“Хизб-ут-Тахрир” ислам діні және мұсылмандарға қайшы келетін саяси-діни негіздегі экстремистік ұйым болып табылады.

Осы ұйымның  құжаттарына сәйкес, “Хизб-ут-Тахрир” идеологиясы Ислам діні болатын саяси партия болып табылады. Партияның мақсаты-мұсылмандарды  ислами өмір салтына (шариат нормаларына негізделген)  қайта оралту және дүние жүзінде жиһад негізінде ислам дінін тарату. Бұл міндеттерді іске асыру үшін бүкіл ислам әлемін біріктіретін біртұтас теократиялық мемлекет халифат құру қажет деп санайды. «Хизб-ут-Тахрир Әл-ислами» партиясының идеологиясының бағыты – ислам дінінің бастапқы кезеңін үлгі ретінде алып, ислам халифатын қалпына келтіру Бұл партияның басты мақсаты – билікке араласу, бұл үшін бірнеше сатылардан өту қажет. Бірінші, мәдени-ағартушылық әдістерге негізделген идеологиялық жұмыс. Екінші, қоғамдық санада идеологиялық төңкеріс жасау. Үшіншіден, пікірлес билеушілердің көмегімен билікті басып алу. Бұл партияның жақтастары саяси ұстанымдарында халифтің пәтуасын басшылыққа алады.

«Хизб-ут-Тахир»партиясының саяси мақсаты мұсылман елдерінде жүйелі идеологиялық күрес жүргізу арқылы дүниетанымдық ұстанымдарды өзгертіп, санада төңкеріс жасап, билікке жету, мұсылман әлемін  біріктіріп біртұтас жамағат  құру. “Хизб-ут-Тахрир”  мемлекетті, билік пен шекараны мойындамайды. Мұсылмандар арасында алауыздық тудыру. Мемлекеттік билік жүйесін құлату. Ел тарихын мойындамау. Ұлттық әдет-ғұрыпты бидғат санау. Темекі шегуге, даңғаза музыканы тыңдауға, эротикалық фильмдерді көруге тиым салмайды. Елдің конституциясына  және заңдық нормаларға мойынсұнбау. Әһли сунна уә-жамаға дін ғалымдарының пікірлерін мойындамау.Тағдырға сенбеу.

“Хизб-ут-Тахрирдың” дүниетанымдық ұстанымдары, ой – пікірлері Құран және  сүннетке қайшы..

Сондай-ақ бұл партияның мүшелері ата-бабаларымыз ұстанған Ханафи мәзһабын мойындамайды.  Әруақтарға Құран бағыштау қажет емес, киелі, қасиетті кесенелерге зиарат жасау қате деп есептейді. Қабір азабын, Тажалдың шығуы мен Исаның жерге түсуі туралы сенімді теріске шығарады. Ислам дініндегі Құран, сүннет, ижмағ, қияс амалдарын жоққа шығарады.

«Хизб-ут-Тахир» партиясының стратегиялық жоспарлау орталығы Лондонда орналасқан. 

Мамандардың пікірінше, партия идеологиясының негізгі ұстанымы адамдардың санасына ықпал ету арқылы әлеуметтік-экстремистік  мінез-құлықты қалыптастыру. Бұл ең алдымен азаматтық мойынұсынбау, діни фанатизмді ояту, теократиялық мемлекет құру. Олардың идеологиясының утопиялық сипаты әлемдік халифат құрудан көрінеді. Осы мақсатқа жету үшін олар барлық мұсылмандарды жиһадқа шақырады. Бұл партияның қызметіне барлық мұсылман елдерінде тиым салынған.

Таблиғи жамағатының негізін қалаған Мұхаммет Ілияс әл-Кандаһлауи (1885-1944) Үндістанның Кандаһла штатының Саһарнуфур деген елді мекенінде дүниеге келген. Оның ұстазы сол өңірге танымал болған ғалым Абдулқадір әр-Роий. Ханафи мәзһабының ең үлкен медресесі Диубинтте білім алған. Мұхаммет Ілияс әл-Кандаһләуи 1926 жылы таблиғшылардың негізін салып, өмірінің соңына дейін жамағатқа басшылық жасаған. Бұл ұйым аз уақыт ішінде көршілес Пәкістан мен Бангладеш елдеріне тарап, қазіргі кезде Сирия, Иордания, Палестина, Ливан, Мысыр, Судан, Ирак және еуропаның бірқатар елдеріне тарап отыр. Ұйымның штаб-пәтері Пәкістанның Равинд қаласында орналасқан Таблиғ жамағатының қызметіне Ресейде, Тәжікстанда, Қырғызстанда тиым салынған.

Дағуатшылардың діни ілімдік ұстанымдарының мақсаты әлеуметтік және экономикалық мәртебесіне қарамастан мұсылман қауымын ислам парызын орындатуға шақыру арқылы, исламды рухани тұрғыдан түлету.  Таблиғ жамағаты негізінен мұсылман тектес ұлттардың арасында дінді таратуды мақсат етеді. Ілияс әл-Кандаһләуи өз ілімінде амалға және көркем мінезділікке ерекше мән берді. Таблиғ жамағат мүшелері түрлі әлеуметтік топтар қатарынан шыққандар. Олардың пікірінше, жамағат мүшелері Құран мен Сүннет негізінде біріккен мұсылман әлемін ислам қағидаларын бұлжытпай  орындауға шақыру үшін түрлі бейбіт әдістерді қолдана отырып әрекет ететін бейсаяси топ. Олар  бір топ адам болып, бір елге барып дағуат жасайды. Топтағылардың әр-қайсысы өзіне күнделікті қажетін өтейтін ғана заттарын алып жолға шығады. Тұрақтайтын мекен-жайлары көбіне мешіт, дінді насихаттау жолында үй-үйді, базарлар мен  көпшілік жиналатын орындарды аралап, уағыз айтады.

Таблиғ жамағаттың топ жетекшісі өз тобындағыларға (екі-бес адамнан құрылған топ) Аллаһ жолына шақыруға (үгіт жасауға) шақырады. Мұндай үгіт әдісін олар «харуж» («жолда») деп атайды. Топ мүшелері жетекшісіне сөзсіз бағынып, әрі қатаң тәртіпке сүйенеді.  Осылайша олар кәсіби миссионерлерге айналады. Ұйым белсенділері жылына 40 күн, айына 3 күн, күніне 2 сағат уақытын дағуат жолына арнауы керек.

Бұл топ мүшелерінің отбасылық өміріне қатысты кейбір түсінбеушілік туындап жатады. Үйін, отбасын тастап, діни уағызға шығу дағуатшының жанұясына қиындықтар тудырады. Қазіргі уақыта біздің қоғам дағуатшылардың пәкістандық үлгідегі киімін және дінді таратудағы әдістерін, адамдармен қарым-қатынасына күмәнмен қарайды. Еліміздің исламтанушы ғалымдар дағуатшылардың діни сауатының төмендігін алға тартады. Таблиғ жамағаты туралы толық ақпарат алу қиындық тудырады. Себебі бұл топтың орталықтары Пәкістан елінде орналасқан.

  Еліміздегі дінаралық келісім мен татулық, рухани қауіпсіздік – халықтың бірлігі мен ынтымағының елдің бейбіт дамуының негіздерінің бірі. Қазіргі уақытта елімізде 4000 – нан аса діни бірлестік  қайта тіркеуден өтуде. Осы діни бірлестіктерге дінтанушылық сараптама және ғылыми талдау жасайтын білікті дінтанушылар қажет. Түрлі сектанттық топтардың адам санасы  мен дүниетанымына, жанұяға, қоғамға тигізер залалын БАҚ арқылы үнемі жариялауды кешенді түрде өткізу керек. Еліміздегі деструктивті және тоталитарлықсекталарды заңды түрде шектеу керек.

Еліміз соңғы 15-20 жыл ішінде жүздеген діни секталар қаптап, халқымыздың діни дүниетанымы мен бірлігіне қауіп төндіре бастады. Елімізде ислам дінінің атын жамылып жастарды теріс жолға салып жүрген топтар аз емес. Сот шешімімен ел аумағында 300діни-экстремистік сайттар жабылды. Бұл ақпараттық салада қоғам мен мемлекет  мүддесін қамтамасыз етуге бағыттаған. Өйткені жастар діни тақырыпқа қатысты сұрақтарды интернет сайттарынан іздейтіні ақиқат. Сондықтан да қазір кезде ақпараттың экстремистік қайнар көздеріне қарсы тұратын, діни радикализм мен экстремизм идеяларының зиянды мәнін ашып көрсететін сайттар ашу керек. Қазақстандағы дәстүрлі ислам құндылықтарың, ұлттық дәстүр мен әдет-ғұрып, ұлттық діл, ұлттық мәдениет пен дүниетаным ерекшеліктерін, Әбу Ханифа Имам Ағзам мазһабының ұстанымдарын және Әл-Матруди ілімін ғылыми және теологиялық тұрғыдан зерделеп, талдайтын ақпараттық материалдарды дайындау қажет.

 Қазақстан – мұсылман мәдениетін ұстанатынхалықтар басым тұратын зайырлы демократиялық тұратын ел. Зайырлылық қағидаты мемлекетжәне дін бөлектігін және білім беру және  тәрбиелеу жүйесі мен дін бөлінген. Діни білім беру мен тәрбиелеу бұл тек діни білім бер ұйымдарында ғана іске асырыладыДін тақырыбы – бұл күрделі, нәзік тақырып. Дін алауыздықтың емес, бірлік пен ынтымақтың негізі болуы керек.  Ислам дінінің ізгілік, мейірімділік, жомарттық, әділеттілік, өзара көмек беру, достық, қайырымдылық  діни төзімділік сынды құндылықтары конфессияаралық төзімділікті дамыту үшін жаһандану заманында еліміздің экономикалық және әлеуметтік, рухани  өрлеуі үшін жасампаз бастау. Халқымыздың ынтымағы және ұлттық және дәстүрлі ислам құндылықтары, татулық, сыйластық, түсіністік қағидаттары елдің тыныштығы мен жарқын болашағымыздың кепілі.

Бейсенов Бағдат.ҚазҰУ.филос.ғ.д.

Игисенова Аида. АТУ аға оқытушы.

http://ardaktylar.kz/


Оқылды 4718 рет
JoomShaper
Top