Қуғыншылардың тықыры таяғанда пайғамбар сасқанынан алдынан кезіге кеткен бір ағашқа «Әй, ағаш құтқар, мені жасыр?!» дейді. Сол жерде ағаш қақ жарылып, Зәкәрия (а.с.) оның ішіне кіріп жасырынады. Ізімен қуып келе жатқан яхудилер көз алдарында ағаштың жарылып, қайта жабылып қалғанын көреді. Зәкәрияны (а.с.) өлтіру үшін шайтан оларға әлгі ағашты арамен екіге бөліп тастау керектігін айтады. Яхудилер бұл азғыруға еріп, ара әкеліп жуан діңді кесе бастайды. Араның жүзі денесіне жетіп, қаната бастағанда, Зәкәрияның (а.с.) қиналғаннан жан даусы шығады.
Сол кезде Жаратушыдан: «Әй, Зәкәрия! Неге сабыр етпейсің?! Егер тағы үнің шықса, сені пайғамбарлар тізімінен шығарып тастаймын» деген уахи түседі.
Бұны естігенді Зәкәрия (а.с.) бар күшін жинап, шыдап тұрады. Дұшпандары оны осылай аралай берді. Асыл пайғамбар Жаратушының бұйрығына мойынсұнып, сұмдық азапты ажалмен өлді.
Ал, адамдар оның өлімінен Жаратушының құдіретін таниды. Оның мұндай өлімге бұйырылу себебі – қаскөйлерден бас сауғалап, жаны қысылғанда Зәкәрия пайғамбардың (а.с.) Аллаһтан емес, алдынан шыққан әлгі ағаштан көмек сұрағаны себеп болған деседі.
Құдайберді БАҒАШАР