Патша мен күң

Жұма, 08.07.2021

Көне бір уақытта байлығы тасқан, өзі өркөкірек бір патша өмір сүрді. Сол кездегі дәстүр бойынша патшаның төсегін күнде бір күң келіп салуы тиіс болатын.

Бір жолы өз кезегінде жас күңдердің бірі патшаның төсегін салады. Мамық төсек пен құс жастықтарды әдемілеп жайып, жан-жағын барынша сәндеп біттім-ау дегенде, аяқ асты әлгі күңге «Апыр-ай, мұндай мамық төсекке бір жатып көру де бақыт шығар. Сәл көз іліндіріп ләззатын байқап көрсем қайтер екен?» деген қызық ой келеді. Ақыры сол әуестігін жеңе алмай «Патша келе жатқанда атып тұрармын» деп құс жастықты жастанып, төсекке сәл қисаяды. Бірақ қатты ұйықтап кеткенін байқамай қалады. 

Патша өзінің жатын бөлмесіне кіргенде, төсегінде бір күңнің ұйықтап жатқанын көріп қатты ашуланады. «Бұған қалай батылың барып жүр?!» деп әлгі күңді ұрып-соға бастайды. Бір қызығы, өзін патша ұрып жатса да, күң сықылықтап күлгенін тыя алмайды. Патша бұған таңырқап: «Сен неге күлесің?» дегенде, ол: «Алдияр тақсыр, мен төсегіңізге бір рет жатып көрейінші деп сонша таяқ жедім, ал сіз күнде осы төсекте ұйықтайсыз. Алда жалда Алла Тағала да сізді жауапқа тарта қалса, қайтер екен, сірә, таяқ жеудің көкесі сонда болады-ау деген ой келді. Соған күлдім» деп жауап береді.

Патша Ибраһим ибн Әдхам бұл сөзге көп ойланады. Ақыр соңында сән-салтанаттан өз еркімен бас тартып, тақуалыққа бет бұрады.

"Тағылым таразысы" 

Оқылды 1966 рет
JoomShaper
Top