Ар-ождан бостандығы аясында толеранттылық пен діни төзімділік дәстүрлерін дамыту шарттары туралы бірер сөз

Дүйсенбі, 11.11.2021
Ар-ождан бостандығы аясында толеранттылық пен діни төзімділік дәстүрлерін дамыту шарттары туралы бірер сөз

Полиэтностық және поликонфессиялық қазақстандық қоғам жағдайында сан алуан діни конфессия өкілдерінің бірі-бірімен үнқатысуы, сондай-ақ, олардың мемлекетпен арақатынасы дұрыс жолға қойылуы аса маңызды

Ар-ождан бостандығы аясында толеранттылық пен діни төзімділік дәстүрлерін дамыту шарттары туралы бірер сөз

Полиэтностық және поликонфессиялық қазақстандық қоғам жағдайында сан алуан діни конфессия өкілдерінің бірі-бірімен үнқатысуы, сондай-ақ, олардың мемлекетпен арақатынасы дұрыс жолға қойылуы аса маңызды әлеуметтік мәселе. Осы орайда, өмір шындығында болмай қалмайтын қайшылықтар мен шиеленістер құқықтық негізде және зайырлылық пен ар-ождан бостандығы қағидаларын сақтау арқылы шешілуге тиіс. Бұл қағидаттар қазіргі әлемде құқықтық мемлекет пен демократияның ажырамас бөлігіне айналып отыр.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» «Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты халыққа Жолдауында «Дін мәселелерінде ойластырылған қадам және өте мұқияттылық қажет. Мемлекет діни бірлестіктердің ішкі ісіне араласпауға тиіс. Біз ұят, толеранттылық және төзімділік еркіндігі принциптерін қастер тұтуымыз керек», – деп атап көрсетілді.

Қазіргі уақытта адамның наным-сенім бостандығы құқын сақтау мәселелеріне Қазақстанда аса үлкен назар аударылып келеді деп сендіре аламыз. Діни саламыз бірқатар заңнамалық және құқықтық-нормативтік актілер, сондай-ақ,Конституция, Азаматтық кодекс, «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заң арқылы реттелуде.

Зайырлылық принципін заңнамалық деңгейде бекіту құқықтық мемлекет құрылымындағы маңызды қадам және өнегелік өл¬шемдер жүйесін таңдаудың маңызды нышаны болып табылады. Конституцияның 1-бабында былай делінген: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары».

Айта кетері, Қазақстанда мемлекет пен дін бөлінген деп мәлімдеуіміз мемлекеттің діни бірлестіктердің қызметіне араласпауын ғана емес, сонымен бірге, бұл өте маңызды, түрлі сенім ілімдерінің өзіндік канондарын конституциялық міндеттер мен жалпы ережелерді бұзуға  пайдалануына жол бермеуді де білдіреді. Бұл тезистің дәлелі ретінде Негізгі Заңның: «Ар-ождан бостандығы құқығын жүзеге асыру жалпы адамдық және азаматтық құқықтар мен мемлекет алдындағы міндеттерге байланысты болмауға немесе оларды шектемеуге тиіс» деген 22-бабын келтіруге болады.

Біздің мемлекетіміз көздеген мақсаттарының бірі – кең құқық шеңбері мен бостандықтың үйлесімдігі. Соған сәйкес денсаулық сақтау, медициналық көмекке жүгіну, білім алу сияқты жалпы¬адамзаттық құқықтар мен бостан¬дықтар наным-сенім мен ар-ождан бостандығымен шиеленіске келуге тиісті емес. Зайырлы сипаттағы мемлекеттік құрылымның бастауыш, орта және жоғары оқу орындарында діни ілімдерді насихаттауға мүмкіндік бермеуі, оны кері серпуі, міне, осы жәйтпен өз түсінігін табады.

Бұл, сондай-ақ, идея бостандығына және қоғам өміріне жаңа да пайдалы нәрсені енгізуге, техникалық және ғылыми прогреске мүмкіндік туғызуға дайын болу деген сөз. Сонымен бірге, осы орайда еліміздің ілгерілеуі мен тұрақтылығының негізі болып отырған рухани мәдениет пен ұлттық дәстүрді дамытудағы зайырлы қоғам әлеуетін атап айтпау мүмкін емес.

Мемлекет пен діни бірлестіктер қарым-қатынасындағы ұстанымдар қоғамдағы ар-ождан бостандығы деңгейінің бірден-бір көрсеткіші болып табылады. Осы орайда, қазіргі таңда біздің мемлекет еліміздегі діни бірлестіктердің өз қызметтерін жүргізудегі теңдігін, құқығы мен бостандығын қамтамасыз етеді, дәстүрлі конфессиялар ғана емес, тіркеуден өткен барлық діни бірлестіктермен бірлесе жұмыс істейді. Бұл әріптестік, ең алдымен, адамдардың мәдени және өнегелік дамуын, қоғамда толеранттылық пен өзара сыйластық ұстанымдары нығаюын, әлеуметтік қызметтің сан алуан саласында осы мақсатта тізе қосуды көздейді.

Бүкіл әлемде толеранттылық теңдікті құрметтеу, адамзат мәдениетінің, наным-сенімінің көптүрлілігін мойындау және басымдықтар мен зорлық-зомбылықтан бас тарту ретінде қарастырылады. Сол себепті діни толеранттылық – қазақстандық мемлекетті бекітудің маңызды шартының бірі, діни, этностық қақтығыстардың алдын алудың кепілі. Қысқасы, толеранттылық пен діни төзімділік азаматтық бейбітшіліктің негізі, біздің мемлекетіміздегі әлеуметтік прогрестің маңызды факторы саналады.

Қазақстандық заңнамаларға сәйкес, қандай діни сенімді ұстанатыны сот ісінде, әлеуметтік игіліктерге ие болуында немесе еңбектік, қызметтік жағдайында өз құқығын жүзеге асыруда азаматтар мен діни бірлестіктерге кедергі келтіре алмайды. Құрбан айт пен Исаның туылуы сияқты діни мейрамдардың ресми түрде атап өтілуін діни төзімділіктің жақсы нышаны деуге әбден болады.

Сонымен бірге, тең құқыққа және міндетке ие барлық діни бірлестіктер, діни сенімдеріне қара¬мастан, жасаған құқық бұзушылық әрекеттері үшін заң алдында бірдей жауап береді.

Елбасының таяуда өткен Қазақ¬стан халқы Ассамблеясының ХХ сессиясында: «Біздің Ұлы Дала мыңдаған жылдар бойы толерантты, яғни тағатты болды. Сонымен бірге, мен толеранттылықтың, кейбіреулер ойлайтындай, ойыңа келгенді істеу емес екенін де атап көрсеткім келеді. Толеранттылық – өзіміз нығайтып, сақтайтын және бүкіл ұрпақты тәрбиелейтін біздің қоғамымыздың парасаттылық қалыбы», деуі кездейсоқтық емес. Қазіргі таңда қазақ халқының өзге діни сенімдерге құрметі, толеранттылығы мен түсінісушілігі біріктіру факторына, еліміздегі қоғамдық тұрақтылық пен мемлекеттік дамуды қамтамасыз етудің басты шартына айналып отыр.

Біздің пікірімізше, төзімділік пен бейбітшілік идеялары «дін – қоғам – мемлекет» жүйесінде құнарлы өзара әрекеттесуге дайын да ынталы болумен толығуға тиісті. Қарапайым көпшіліктің қолдауы ар-ождан және діни сенім бостандығының конституциялық қағидаларына толеранттылықтың сындарлы әлеуетін іске қосатын қажетті тетігі сияқтанады. Бұл ретте зайырлы мемлекеттің қағидалары, сондай-ақ, ажырамас ар-ождан бостандығы, әртүрлі әлеуметтік топтар өкілдері, сонымен бірге, әртүрлі конфессия өкілдері өзара түсіністік табатын, қоғамның зайырлы және діни бөлшектері арасындағы үнқатысушылықты күшейте алатын келісім нүктесіне айналар еді.

Қазіргі таңда Қазақстан мем¬лекеттік-діни қатынастар да¬муының жаңа кезеңіне қадам басты. 2012 жылдың 25 қазанында діни бірлестіктерді қайта тіркеу аяқталды. Діни бірлестіктердің саны кемуіне қарамастан, бүгінгі күні біздің елімізде конфессияаралық әралуандылық сақталып қалды деп айтуға толық негіз бар. Айтпақшы, статистикалық мәліметтерге сәйкес дәстүрлі еместердің де, дәстүрлі конфессиялардың да саны кеміді.

Қазақстанда «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заң және осы заңға тәуелді нормативті-құқықтық актілердің қабылдануы мен жүзеге асуы, елдегі діни ахуалды оңалтуға, конфессиялардың қызметін заманауи талаптарға сай лайықтауға жол ашты. Қайта тіркеу барысында байқалған маңызды бір жәйт, еліміздегі діни бірлестіктер өздерінің Конституция мен ұлттық заңнамалар алдында адалдығын паш етіп, оларды қатаң сақтауды өз міндеттеріне алды.

Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігі өз тәжірибесінде сарапшылардың, оның ішінде шетелдік мамандар мен халықаралық ұйымдардың берген бағасына сүйенгенін атап өту керек. Бұл ретте заңның мазмұнына да, оны қолдану тәжірибесіне де тұтастай алғанда оң көзқарас берілгендігі қуантады. Айталық, аталған заңға «Астана консалтинг орталығы» қоғамдық қоры Ұлыбританияның Қазақстандағы елшілігінің тапсырысымен «Қазақстанда діни сенім бостандығының нығаюы» атты жоба шеңберінде халықаралық стандарттарға сай талдау жүргізді. Сарапшылардың қорытындысына сәйкес, біздің заңымыз ЕҚЫҰ-да қабылданған халықаралық стандарттарға негізделген базалық қағидаларға, сондай-ақ, демократиялық мемлекеттердің даму тәжірибесіне сай деп табылды.

«Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңның жүзеге асуы мәселелерін талқылауға Дін істері агенттігінің есігі әрқашанда ашық. Агенттік жаңартылған заңнама бойынша діни сенім бостандығын қорғау жолдарына қатысты еркін сұхбат жағдайында бірқатар іс-шаралар ұйымдастырса, діни сенім бостандығы мәселелері бойынша сындарлы үнқатысу үстіміздегі жылдың 25 сәуірінде өткен «Қазақстан – біздің ортақ үйіміз» тақырыбындағы халықаралық конференцияда жалғасын тапты. Форумның жұмысына діни бірлестіктер мен қоғамдық ұйымдардың басшылары, шетелдік сарапшылар және мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. Конференция барысында мемлекеттік-конфессиялық қатынастардың одан әрі үндесуі, Қазақстандағы толеранттылықты сақтау мен нығайту мәселелері талқыланды. Шетелдік беделді қонақтар Қазақстандағы дінаралық қатынастарға жоғары баға берді.

Биыл Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасы бойынша өткізіліп жүрген Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезіне 10 жыл толатынын атап айтқым келеді. 2003 жылдан бастап бүгінге дейін әлем тыныштығын қамтыған маңызды мәселелерді талқылауға ондаған елдердің конфессия басшылары қатысқан  төрт съезд өтті. Егер де 2003 жылы Астанада өткен І съезге 14 елден 17 делегация келген болса, 2012 жылы өткен IV съезге 40 елден 87 делегация келіп қатысты. Съезд қатысушыларының осындай динамикалық өсуі оның халықаралық деңгейдегі беде¬лінің артқандығын тағы бір рет дәлелдейді.

Қорытындылай келе, этносаралық және конфессияаралық шиеленістер, төзімсіздік пен ксенофобия мәселелері күнделікті өмірдің қалыпты құбылысына айналған қазіргі заманда Қазақстанның дінаралық қатынастар мәселесі бойынша тұрақтылықтың аралы және беделді үнқатысу алаңы болып отырғанына назар аударғымыз келеді. Альберт Эйнштейнге тиесілі келесідей афоризмді тағы бір рет еске салуды жөн көрдім: «Әлемді күшпен ұстауға болмайды. Оған тек түсіністікпен ғана қол жеткізілуі мүмкін». Демек, бейбітшілік пен келісім діни фанатизм мен радикализмнен, конфессиялық негізде оқшауланудан бас тартатын, оларға үнқатысу мен төзімділікті қарсы қоятын қоғамда ғана болуы мүмкін.

Осылайша, полиэтностық және поликонфессиялық үнқатысу мен өзара түсіністікке ұмтылу Қазақстан үшін өрлеу мен дамудың факторлары есепті. Қазақстан алдағы уақытта да әр түрлі сенімдегі діни бірлестіктер еркін жұмыс істейтін, ал азаматтары діни сеніміне қара¬мастан, тең құқыққа ие болған поликонфессиялық мемлекет болып қала бермек.

Ғалым Шойкин,

Дін істері агенттігі төрағасының орынбасары.

 

 

 

Оқылды 8639 рет
JoomShaper
Top