Отан отбасынан басталады

Жұма, 18.11.2021

Негізі отбасында ер адамға қарағанда әйел адамның атқарар рөлі айрықша. Бұның алғашқы үлгісін кезінде Хз. Хадиша (р.а) анамыз салып кеткен. Сондай ауыр, қиын-қыстау заманда пайғамбарымыздың қасынан табылып, ислам жолында пайғамбарымыздың жанашыры әрі қамқоршысы болды. Тіпті материалды жағынан да өзінің көмегін аямады, рухани тірегі болды. Міне, осындай жұптан ислам әлемі дүниеге келді.


Үйлену оңай...

Күн өткен сайын «Үйлену оңай, үй болу қиын» деген қазақтың даналық сөзінің мәні жете аңғарылып келе жатқандай. Еліміздегі ресми мәліметтерге сүйенсек, қазіргі таңда шаңырақ көтерген үш отбасының біреуі ажырасып кетеді екен. Бұл әрине, өте өкінішті жағдай.

Бұған ең басты себеп – имансыздық. Екінші себеп жастардың ақыл тоқтатпаулары. Үшіншіден, жастардың арасына туған-туыстарының түсуі. Мәселен, екі жақтың ата-аналары балам, қызым деп балаларына жақсылық ойладым деп жүріп, жастардың арасына от салып алғанын байқамай қалады. Төртіншісі дүние-мүліктің жетіспеушілігі. Отбасылық өмірде, мейлі ол қандай отбасы болсын, материалдық жағынан қамтамасыз етілуі қазіргі таңда өте маңызды болып тұр.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) салып кеткен сара жолда, әсіресе отбасы құруда дүние-мүлік маңызды емес. Бірақ біздің сол дәуірдегі сахабалар секілді иманымыз кәміл болса ғой. Солар сияқты дүние-мүлікті тарқатып жіберіп «Аллаға шүкір, ақыретіме зиян келтіретін пәлекеттен құтылдым» деп тілмен ғана емес, жүрекпен де айта алсақ қой. Өкінішке қарай тірлігіміз  жүрекпен емес, көп жағдайда тілмен атқарылып жүр. Кейбір отбасылар осы дүние-мүліктің көптігінен де ажырасып жататыны бар.

Ажырасу харам емес, ислам да ажырасуға рұқсат берген. Бірақ ажырасу – Алланың халал нәрселерінің ішіндегі ең ұнамсызы. Екі жас ислам жолын толық ұстанғанымен бақытты бола алмаулары мүмкін, бұл өмірдің заңы. Мұндай мәселе пайғамбарымыздың уақытында да болған. Негізі, отбасын құрғаннан кейін, қандай да бір мәселе туындаса, оны әбден талқылап алу керек. Өкінішке қарай, мәселені жан-жақты қарастырмастан ажырасуды оңай көреді.

 ОТБАСЫ – ҚОС ЖҮРЕКТІҢ МЕКЕНІ

Исламда неке – екі жүректің біріккен одағы, сенімділіктің бастауы деген сөз. отбасында әуелі сенім мен сезім, сүйіспеншілік пен сыйластық болса, жұбайлардың шырайы артып, кез-келген қиыншылыққа төзімділік танытады. Алла Тағала бұл жайлы «Рум» сүресінің 25-аятында:  «Алла бір-біріңмен өмір сүрулерің үшін өздеріңнің араларыңнан сендерге жұбай жаратқан және араларыңа махаббат пен рахымдылық сыйлап қойған»  дейді.

Сондықтан, бақытты ғұмыр кешу үшін отбасын құруда, жақсы жар таңдауда өте мұқият болу керек. Бұл жайында пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) :

 «Кісі әйел затына төрт ерекшелігі үшін некелеседі. Дүние-мүлкі, шыққан тегі, сұлулығы мен діндарлығы үшін үйленеді. Сен бұлардың ішінде діндар болғанын таңда, үйің берекетті болсын»десе, Абай өзінің өлеңінде:

Жасаулы деп, малды деп, байдан алма,

Кедей қызы арзан деп, құмарланба.

Ақылы бар, ары бар, ұяты бар,

Ата-ананың қызынан ғапыл қалма,  деп келтіреді.

Қазіргі таңда үйленетін жастар көбінесе әйелдің тән сұлулығы мен дүние-мүлкіне қарайды. Бұлардың уақытша екенін көпшілігі аңғара бермейді. Егер ерлі-зайыптылар өмірлерін мал-дүниеге, ойын-сауыққа негіздеп үйленетін болса, бір-біріне деген махаббаты сол қу дүниеге салынып, ақыры ажырасуға әкеп соқтырады. Сондықтан ер кісі өмірлік жан-жарын, дүниедегі сүйіктісі мен сырласын таңдауда, дұрыс қадам жасағаны жөн. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Әйел заты – адамгершілік тұрғыдан зайыбың, дінде бауырың»  деп насихаттайды.

ОТБАСЫНДАҒЫ ЖАУАПКЕРШІЛІК

Ер кісі жанұяда үйдің кіріс-шығысына жауапты болса,  әйел кісі  үйдің тіршілігіне жауапты.  «Ер кісілер әйелдердің билеушісі» деп, «Ниса» сүресінің 34-аятында баяндалғандай, ислам діні отағасы ретінде құқықты ер кісіге беріп отыр. Бірақ, мұнда әйел затына төмендетіп, ер кісіні жоғары санап тұрған жоқ.

Тарихтан белгілі,  ислам діні келместен бұрын әйел заты қайсыбір қоғамда болмасын ешқандай маңызға ие болмаған. Имам әл-Маудуди былай дейді: «Грек қоғамында әйел заты ешқандай әлеуметтік статусқа ие болмаған. Олардың түсінігінше әйел барлық қайғы-қасіреттің бастауы деп түсінген». Үнділер әйелдерді ормандағы аңдармен теңестіріп, жесір қалған әйелді күйеуінің өлігімен қоса өртеген. Ал Жапонияда күйеуге шыққан әйел төркінінен түбегейлі қол үзуге мәжбүр болған.  XІX ғасырда Франциядағы христиан көсемдері: «Әйелдер – еркектерге қызмет етуге ғана жаратылған адам тектес мақлұқ» деп шешім қабылдаған.

 Ал ислам діні әйел затының құқығы мен намысын қорғау үшін Құранда 114 сүренің ішінен «Ниса» яғни «Әйелдер» деп өмірде әйелдердің дәрежесін көтеру мақсатында арнайы сүре түскен. Пайғамбарымыздың хадистерінде ер адамның әйел затынан кейбір жағдайда жоғары тұратыны айтылған. Бір сахаба пайғамбарымызға келіп: «Уа Алланың елшісі! Дүниеде жасайтын жақсылығымды әуелі кімнен бастайын? деп сұрағанда, пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Қолыңнан келген жақсылықты анаңа, анаңа, анаңа жаса, содан кейін әкеңе»  деп бұйырған. Демек, ислам ер кісі мен әйел кісінің абыройын бірдей қорғалуын қамтамасыз етеді. Бөтен еркекке жат әйелге, жат әйел де бөгде еркекке қадалып қарауына, қылжақтап тиісуіне, абыройына нұқсан келтіруіне қатаң тыйым салған. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Сендер тыйым салған әйелге қол тигізгеннен гөрі, төбелеріңді инемен тестіргендерің әлдеқайда дұрысырақ болар еді» деп ескерткен.   

Жоғарыда тілге тиек еткен жайтқа қайта келер болсақ, ер кісі – ең әуелі отбасының намысын қорғауға,  әйел мен бала-шағасының нәпақасын тауып беруге, үйге қажетті дүниелермен қатар, ауыр немесе жеңіл істердің барлығын қамтамасыз етуге міндетті. Өйткені Құранда «Бақара» сүресінің 233-аятында «Ананың тиісті қорегі мен киімі баланың әкесіне жүктеледі» десе, хадисте Муғауия бин Хайда (р.а.) пағамбарымызға келіп «Уа, Расулуллаһ! Әйелдердің біздің мойнымыздағы ақысы не?» деп сұрағанда, пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Өзің ішіп жегенің сияқты оны да ішіп жегізу, кигеніңнен оны да киіндіру, сосын істегендеріңді еш міндетсінбеу» деген.

Ал, әйел заты – әуелі күйеуіне бағынып, оған мойынсұнуы тиіс, содан кейін өз намысы мен бала-шағасын, қала берді үйі мен мал-мүлкін қорғап отыруы керек. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Әйел бес уақыт намазын оқыса, рамазан айында оразасын тұтса, ар-намысын қорғап және күйеуіне мойынсұнатын болса жәннәт есіктерінің қалағанына кіреді» деп, әйел кісінің негізгі міндетін дөп басып көрсеткен. Ал мына бір хадисте: «Егер адамның басқа бір адамға  сәжде етуін қаласам, әйелінің күйеуіне сәжде етуін бұйыратын едім» деген. Бұл жерде зайыбы, күйеуінің үйде отағасы, яғни басшысы екенін қабыл етпей, өз күйеуін менсінбейтін, айтқан сөзін құлаққа түрмейтін тәкәппар әйелдерге айтылған.

Ерлі-зайыптылар қарым-қатынас жасағанда міндетті түрде жақсы мәміледе болуы керек. Ислам отбасындағы мәселелерді отағасы мен жұбайына бірге ойланып, ақылдасып шешім қабылдауға шақырады.

Ер кісі – ең алдымен әйелін Алланың берген аманаты ретінде қабылдауы қажет. Ер кісі зайыбын нақақтан-нақақ қанауына, балағаттауына және қол жұмсауына болмайды. Құран Кәрімнің «Ниса» сүресінің 19-аятында: «Олармен жақсы мәміледе болыңдар»  деп үндесе, хадисте: «Әйелдердің ақыларын орындауда Алладан қорқыңдар! Сендер әйелдеріңді Алланың аманаты деп алдыңдар» деген.  Сонымен қоса отбасын және жан-жарын діни тұрғыда тәрбиелеп, жақсы мінез құлыққа үгіттеп, олардың құлшылықтарын бақылап, кемшіліктерін түзетіп отыруы тиіс. Ақыретте отбасының ахуалына жауапты екенін де ескерткені жөн.

Әйел кісі – отағасының рұқсатынсыз бөгде жерлерге баруына болмайды. Барынша күйеуінің көңілінен шығуы керек. Құранда «Бақара» сүресінің 228-аятында «Ерлердің әйелдердегі ақысы сияқты, әйелдердің де ерлерде белгілі ақылары бар» деген.

Әйел жаны үйдің айрандай ұйытқысы, яғни отбасының берекетін келтіретін де, күйеуін тамаша адам қылатын да, надан қылатын да әйел. Сонымен қатар әйел кісі отағасы үйде болмаған кезде, бөгде кісіні үйге кіргізбей, жұбайының тапқан табысын ысырап етпей орнымен жұмсап, үй тіршілігін тиянақтап орындап, иман жүзді ұрпақ тәрбиелеуі керек.

Өзгеше жаратылыстар

Алла Тағала ер кісі мен әйел затын өзіне тән ерекшеліктерімен жаратқан. Қоғамда және отбасында өз орындары мен жауапкершіліктері өзгеше болады. Кейбір ғұламалар Құрандағы «Зәуж» яғни «жұбай» сөзінің бір мағынасы аяқ киім дегенге келеді деп тәпсірлейді. Демек ерлі-зайыптылар аяқ киім іспеттес. Оң аяққа сол аяқтың аяқ киімін, сол аяққа да оң аяқ киімді кигізу мүмкін емес. Сондықтан ер кісінің міндеті мен жауапкершілігін әйел кісі, әйел кісінің де міндетін ер кісінің орындай алмайтыны айдан анық.

Алла Тағала ер кісіге – күш-қуат, шыдамдылық, төзімділік пен сабырлылық, қандай да бір істің ақырын тұжырымдап, әрбір істің алдын алу жолдарын, сонымен қоса ақыл-парасат жігерлік т.б. ерекше қасиет берген.

Ал әйел затына – сезімталдық, нәзіктік, мейірімділік пен сыпайылық, ұялшақтық, ибалылық, бар жанын баласы үшін аянбайтын, ұрпақтың тәлім-тәрбиесі сияқты көптеген жақсы қасиеттер берген.

Психологтар жалпы алғанда ер кісі әйел затына қарағанда, қайғы-қасіретке төзімді, әрбір жағдайда ақыл-парасаттылығымен шешім қабылдайтындығын айтса, әйел кісі жаратылыс жағынан өте нәзік жаратылғандықтан көбіне сезім арқылы шешім қабылдап, алданғыш және көп нәрсеге сенгіш келетіндігін айтады. Сонымен қоса  исламда отбасында түсініспеушілік кеңінен етек алғанда яғни шаңырақ шайқалар сәтте, соңғы шешім ажырасуды яғни «талақ» айту ер кісіге берілген. Ислам отбасын құру үшін мал-байлыққа немесе тек төсек ләззатына яки сыртқы әдемілікке емес, ең әуелі сенім мен сүйіспеншілік негізінде құруды қалайды.

Америкалық Патрик Биюкенен «Батыстың ажалы» атты кітабында: «Рас Америка, Еуропа және Жапония мемлекеттері ғылым мен технология, экономика және қару-жарақ дайындау салалары бойынша басқа елдерден әлде қайда озып кеткен. Дегенмен ислам әлемі Батыс өркениеті бағалай алмаған ұлы құндылықты сақтап қала алды. Ол құндылық – отбасын құру, ұрпақ өрбіту, баланы тәрбиелеу және сол арқылы дінін, өркениетін үздіксіз жалғастыруда. Иә, Батыс елдері ислам әлемі біліп үлгермеген талай нәрсені білген болуы мүмкін, бірақ та, ислам әлемі Батыс ұмытып үлгерген қағиданы әлі күнге дейін жадында ұстап келеді. Иманға негізделмеген отбасы мен қоғамның ертеңі жоқ» деген.

 Батыс Қазақстан облысының өкіл имамы

 Руслан Сұлтанов

Оқылды 179 рет
JoomShaper
Top