Бас мүфти имамдарға куәлік табыстады

Бейсенбі, 29.12.2021

Астана. 29 желтоқсан. E-ISLAM – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы Имамдардың білімін жетілдіру ислам институтында 2016 жылдың қазан-желтоқсан айлары аралығында біліктілік арттыру курсынан өткен имамдар бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы мен Моңғолия Мұсылмандар одағының төрағасы  Батырбек қажы Хадысұлымен кездесті, деп хабарлайды Muftyat.kz.

Дін қызметкерлерімен болған кездесуде  бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы  «қазан-желтоқсан 2016» оқу легін бітірген имамдарды куәлікпен және "Халал  стандарт" курсынан өткенін растайтын сертификатпен  марапаттады.

Айта кетсек, діни басқарма жанындағы Имамдардың білімін жетілдіру ислам институты 2001 жылдан бері еліміздің және шетел имамдарының білімі мен біліктілігін шыңдап келеді. Ислам институтында өткізілетін сабақтар ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің шешімімен бекітіледі. ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы Ислам институтына оқуға келетін әр оқу легі имамдарымен кездесулер өткізіп отырады. Ұстаздар қатарында институт директоры Кенжеәлі Мырзабаев, тарих ғылымының докторы, профессор, академик Берекет Кәрібаев, теология ғылымының докторы Мұхитдин Исаұлы, Нұр-Мүбарак университетінің оқытушысы, доктор Қайрат Құрманбаев енген. 

2016 жылы Ислам институтында Қазақстан, Моңғолия және Ресей мемлекеттерінен 200 имам оқу курсынан өтті. Жалпы, ислам институты ашылғалы бері 1500-ден аса имам оқу курсын бітірді.

Осы жылы институт директорының бастамасымен білімге аса ынталы, алайда әлеуметтік жағдайы көтермейтін шалғайдағы имамдарға 20 оқу гранты бөлінді. Сондай-ақ, институтқа білім алуға келген барлық имамдардың әлеуметтік деңгейі институт тарапынан ескеріліп отырды.  Мәселен, 2016 жылы 16 имамға әлеуметтік көмек ретінде 500 мың теңгеге жуық көмек көрсетілді. Оның ішінде Моңғолия және Ресейден келген шетелдік имамдар жол шығынымен қоса тегін оқу гранты, жатақхана және тегін тамақтанумен қамтамасыз етілді.   


Оқылды 129 рет
JoomShaper
Top