Сағындық ЖАНБОЛАТОВ: «Мәңгілік елдің» әр элементінде терең мағына жатыр

Сейсенбі, 20.12.2021

Қазақстанның Құрметті сәулетшісі Сағындық Жанболатовтың сәулет өнеріндегі теңіздей телегей табысы еңселі елордамыз – арайлы Астана тарихымен тікелей байланысты. Ерке Есіл бойына жаңа астана орнап жатқан кезде осы жерден табылып, елорда мәртебесіне сәулетінің сай болуына сүбелі үлес қосқан адамдардың алдыңғы легінде осы кісінің есімі аталады. Тәуелсіз ел тарихына Астананың көшіп келген күні ретінде 1997 жылдың 10 желтоқсаны таңбаланса, сәулетшінің елорданы көркейту жолындағы еселі еңбегінің алғашқы парағы да сол күндері ашылды. Астанадағы тарихи және саяси мәні терең «Мәңгілік ел» Триумф аркасы жобасы үшін бір топ әріптестерімен бірге таяуда Мемлекеттік сыйлықтың иегері атанған сәулетшімен әңгімеміз елорданың кешегі және бүгінгі сәулеті жөнінде өрбіді.


АСТАНАНЫҢ АЛҒАШҚЫ ТАҢЫ ЕСІМНЕН КЕТПЕЙДІ

– Сағындық Смайылұлы, Астана қаласының бас дизайнері қызметін бес жыл атқарған екенсіз. Астананың ажарын айшықтаған бірнеше жобаның да авторысыз. Әңгімемізді елордамен тағдырыңыз түйіскен кезеңнен бастайықшы.

– Бұл тұрғыдан алғанда менің жолым ерекше болды. 1997 жылдың желтоқсанында Арқаға Алатау баурайынан Ауыл шаруашылығы министрлігі көшіп келді. Министрлік керуенін қарсы алушы адамдардың қатарында өзім де жүрдім. Ол уақытта Ақмола Ауыл шаруашылығы институтының (қазіргі С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті – А.Қ.) сәулет факультетінің оқытушысы едім. Осы оқиғаға орай жергілікті басшылық қаладағы барлық сәулетшілерді жинады. Министрлік осы күндері Кенесарының атымен аталатын көшедегі ғимаратқа орналасатын болып, бізге оның іші-сыртын әрлеу жұмысы жүктелді. Берілген тапсырманы дереу атқарып шығу керек болды. Сол кезде Астанаға алғаш рет түрік құрылысшылары да шақыртылған еді. Құрылыс материалдарынан да тапшылық байқалды. Мәселен, плитканы Ақмоладан таба алмай, Қарағанды өндірістік өлке саналған соң, Арқаның сақылдаған сары аязды күн­дерінің бірінде сол қалаға баруыма тура келіп, ғимараттың дәлізіне қажет сұр плитканы әкелгенім есімде. Осылайша бұрын Теміржол басқармасы отырған кеңсеге Ауыл ша­руашылығы министрлігі орналасты.

– 1998 жылдың 10 маусымында тәуелсіз ел тарихындағы елеулі оқиға – Астананың тұсаукесер рәсімі өткені баршаға белгілі. Сол күн сіздің есіңізде ме?

– Әрине, есімде. Астананың тұсаукесеріне әлемнің түкпір-түкпірінен мәртебелі қонақтар, соның ішінде бірнеше мемлекеттердің президенттері келді. Леонид Кучма мен Асқар Ақаевты, Филипп Киркоровты жақыннан көрдік. Айтулы шара Есіл өзенінің жағалауында өтті. Оның алдында жағалауды соған сай етіп әрлеуге, алаңды мерекеге дайындау жұмыстарына өзім де қатыстым.

Сол уақытта тұрған пәтерім де сол маңайда еді. Жаңбыр жауып кеткен соң мерекенің аяқталуын күтпей, үйге кетіп қалғанмын. Қалған қызықты сегізінші қабатта орналасқан пәтерімнен тамашаладым. Теледидар да қосылып тұрған. Үй ішімізбен таң атқанша ұйықтамадық. Содан күн қызарып шығып, Нағима Есқалиева «Первое утро столицы» әнін шырқап жібергенде ерекше әсерге бөлендік те қалдық. Қызыл күн бізге Алланың нұрындай болып көрінді. Әттең, ол уақытта қазіргідей видеоға түсіретін мүмкіндік ешқайсымызда болған жоқ. Әйтпесе, сол көрініс тарих үшін құнды материал болып жазылып қалар еді. Астананың алғашқы таңы есімнен кетпейді.

 

«ӘЗІРЕТ СҰЛТАН» ТАЗА ҚАЗАҚЫ ҮЛГІДЕГІ МЕШІТ

– Астананың тұсаукесері сізді ерек күйге бөлеп, шабыттандырған сияқты ғой…

– Дәл таптыңыз. Елордада жүзеге асырған алғашқы жобам – Жеңіс даңғылы бойындағы бұрынғы Музыка академиясының, қазіргі Қазақ ұлттық өнер университетінің оқу қорпусы. Бұл 1998 жыл болатын. Қалаға Айман Мұсақожаева келіп, сәулетші іздеп жатқанын естідім. Бұл төрт қабатты ғимаратта бұрын музыка мектебі орналасқан. Айман Қожабекқызымен әңгімелескенімде ол Елбасы бірінші рояль тарту еткенін айтты. Содан қиялыма қанат бітіп, рояль мен клавиштердің суретін салдым. Ректорға бұл жоба бірден ұнады. Оқу орнының ішкі дизайнын да ойдағыдай жасап шықтық. Қазір қарап тұрсаңыз, ғимараттың қабырғасындағы музыкалық аспаптың бейнесі оның мазмұнын ашып, музыка әлеміне жақындығын айшықтап тұр.

– Сіздің айшықты жобаларыңыздың бірі – «Әзірет сұлтан» мешіті. Осы мешітті жобалау туралы кеңірек әңгімелеп берсеңіз.

– Бұл мешіттен бұрын тұрғын үй кешендерін, балабақшаларды айтпағанда, Бурабайдағы шаңғы базасы жобасын жасадым. Қазақстандағы туризм әлеуетін арттыруға жол ашатын бұл жобаның пайдалануға берілуі маған белгісіз бір себептермен кейінге шегерілді. База ел игілігіне жақында ғана берілуі тиіс.

Ал «Әзірет сұлтан» мешітін жобалау конкурсына 54 компания қатысты. Қазақстандық ірі компаниялармен қатар Англия, Малайзия, Жапония, т.б. көптеген мемлекеттер өз жобаларын ұсынды. Біз екі нұсқаны конкурсқа шығардық. Басты мақсатымыз – бұрын еш жерде кездеспеген, таза қазақы үлгідегі мешіт жобасын жасап шығу болды.

– Бұл мүмкін бе? Таза қазақы үлгідегі мешіт қандай болады?

– Бұдан бұрын Қазақстанда мешіттер екі үлгімен салынатын. Мәселен, еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі аталмыш құрылыстарда Өзбекстан мен Иранның әсері байқалады. Яғни, күмбездер көк түске боялып, порталдары мен ою-өрнектері де Азияның классикалық үрдісінде жасалады. Солтүстіктегі мешіттер болса, татар үлгісіне жақын.

Біз осы екі үлгіден тыс таза қазақы нұсқаны таңдадық.

Оның алдында қазақтың көне қалаларының құрылысында кездесетін сәулет өнерінің үлгілерін зерттедік. Сол жолмен жүріп, «Әзірет сұлтан» мешіті жобасында қазақтың ою-өрнектерінің 70 пайызын пайдаландық. Порталдарды да киіз үйге ұқсатып жасадық. Күмбіздер де қазақы нақышта жобаланды.

Мешіт түсіне ерекше мән бердік. Дәстүрлі Ислам дінінің де, қазақтың ежелгі сәулет өнерінде кездесетін түстерін де есепке алдық. Қазір алыстан қарағанда мешіт көзге ақ түсті болып көрінеді. Бірақ жақындап барып қарасаңыз, оның түрлі-түсті екенін көресіз. Күмбездері де солай. Мұны Сарыарқаның гүлдеріне ұқсатып жасадым. Неге дейсіз ғой? Жасырақ кезімде осы жерден шығып, Алматыға сапар шектім. Арқаның гүлдеріне мән бермей жүр екенмін, Орталық Қазақстанның бір бекетіне келгенде пойыз бұзылып, сол стансада біраз аялдауға тура келді. Сол жердің гүлдеріне бажайлап қарасам, қурап қалған гүлдер түрлі түстілігімен таңғалдырды. Мешіт жобасын жасағанда сол көрініс көз алдыма келіп, мұны жүзеге асырдым.

Бұдан соң жан-жақтан ұсыныстар келіп түсті. Қарағандыдағы, Көкшетаудағы, Петропавлдағы мешіттер менің жобаммен бой көтерді. Күні кеше ғана Астанадан Қорғалжынға апаратын тас жолдың бойындағы көпір маңайында, С 409 көшесінде жаңа мешіттің құрылысы басталды. Бұл мешіт келесі жылы күзде пайдалануға берілуі тиіс. Оның философиясы мүлде бөлек – заманауи қазақ стилінде. Жаңа мешіт жобасында портал мүлде жоқ. Ал атын шартты түрде «Алланың гүлі» деп қойдым. Мұны соған ұқсатып жасап, жанына ирек-ирек қаламды орналастырдым.

Бастапқыда бұл жобаны таныстырғанымда бәрі жобаны түсінбей, таңғалды. Қабылдамай қоя ма деп қорқып едім, бірақ ақыры қабылданды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да мақұлдады.

 

«МӘҢГІЛІК ЕЛДІҢ» ӘР ЭЛЕМЕНТІНДЕ ТЕРЕҢ МАҒЫНА ЖАТЫР

– «Мәңгілік ел» триумф арқасының жобасы үшін жақында Мемлекеттік сыйлықты иелендіңіз. Құтты болсын! Бұл жоба қалай жүзеге асқанынан да хабар берсеңіз.

– Бұл жоба ел тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойына орай қолға алынды. Осыған байланысты жарияланған конкурсқа 12 компания қатысты. Оны біз жеңіп шығып аз уақытта жүзеге асырдық. Бізге 16 желтоқсанға қарай толығымен аяқтау тапсырмасы берілді. Ал біз жұмыстарды көктемде бастадық.

Басында сулы-нулы желек­жолға қоямыз ба деп ойладық. Бұдан соң әуежай жаққа қоя­мыз деп шештік. Бірақ ол маңайдағы ғимараттар тым биік болып көрінді. Ақыры қазіргі орны – Орынбор көшесіне шығардық. Басында бірнеше нұсқаны ұсынған едік, Елбасы солардың ішінен классикалық нұсқаны таңдады. Оның ішкі жағында музей мен әдемі алаң, жоғарыға көтерілетін лифт бар. Бұрын ол жерде үйлер болмаған соң ешкім ішінде не барына мән бермейтін. Қазір ғана маңайында тұрғын үйлер бой көтеріп, жобаның ішкі жағы жаңаша сипатқа ие болуда. Жуырда мұның бар сырын ел көреді деп ойлаймын.

Ал тарихқа көз жүгіртсек, әлемде триумф аркасы белгілі бір жеңістерден соң бой көтеретін. Мәселен, Париждегі арка Наполеонның жеңісі құрметіне салынды. Оның құрылысы 33 жыл жүрді. Бір қызықты айтайын, біздің жоба 3 ай, 3 күнде бой көтерді. Қазақтың кешегі мен бүгінін, салт-дәстүрлерін айшықтап тұрған бұл нысан еліміздің жарқын болашағына деген қарышты қадамын паш етіп тұр.

Астанадағы «Мәңгілік ел» аркасының әр элементінде терең мағына жатыр. Тарқата айтсам, арканың кіреберісі еуропалық да азиялық да нұсқаға келмейді. Қос қапталында Елтаңба, ортасында Мемлекеттік ту орналасқан.

Жалпы бұл жобаны жасағанда, Әбіш Кекілбайұлы, Қойшығара Салғараұлы, Ақселеу Сейдімбек сынды ұлттың беткеұстар тұлғаларымен ақылдастық. Әрине, ол уақытта қала әкімі болған Иманғали Тасмағамбетов те одан тыс қалған жоқ.

Тағы бір қызықты айтайын, монументтің бүйіріне тай­қа­зан қоямыз деп шештік. Міне, осы жерде Түркістандағы тайқазанның масштабы бұған дәл келді. Мен ол жөнінде ойламаған да едім, Құдайдың өзі реттеп берген сәйкестік. Шынымды айтсам, әлі күнге дейін бұған таңданумен келемін. Ақсақал мен Ел анасының бейнесі де бастапқыда ойластырылды.

 

ӘР АДАМ ӨЗ ҰЛТЫНЫҢ НАҒЫЗ ПАТРИОТЫ БОЛУЫ КЕРЕК

– Астананың сәулеті туралы не айтасыз? Сіздің көңіліңіз тола ма?

– Қазір Астана сәулетінде әртүрлі стильдер кездеседі. Атап айтсақ, еуропалық стиль, хай-тек, Әзербайжан, Қытай, Англия, Франция сынды елдердің стильдері кездеседі. Өкінішке қарай, қазақы нақыш аздау боп тұр. Халықаралық стиль деген бар. Сәулетшілер осы стильге әуес боп алды. Қай стиль модаға енеді, соны басшылыққа алып, жобалауға көшті.

Әлемдік үрдіске қарасақ, керісінше. Дүние жүзіндегі мемлекеттер өз тамырына оралып жатыр. Мәселен, Араб елдері, армяндар, әзербайжандар, өзбектер өз дәстүріндегі жобалар бойынша құрылыс салуда. Ал бізге келсек, біздің сәулет өнерінің тарихы да өте бай. Сығанақ, Сауран, Сарайшық сынды көне қалаларымыздың сәулетін зерттесек жеткілікті. Мен оларды зерттедім, жинаған материалым жеткілікті. Қазір соны меңгеру керек. Болашақта көне қалалардың сәулет жобасымен бой көтеретін нағыз қазақы жобаларды ойластырып та қойдық. Қазіргі заманғы сәулет өнерін ұмытпай, оған қазақы реңк енгізуге де болады. Футур стиль арқылы да ұлттың иісін шығара аламыз. Оның сыртында ғұндардың, скифтердің стильдері бар. Бұлар, тіптен, керемет.

Жалпы адамның ойының шегі жоқ екен. Ал сәулет өнерімен мұны ұштастырғанда ой тіптен шарықтап кетеді. Айтарым, әр адам өз ұлтының нағыз патриоты болуы керек. Сонда ісі алға басады. Менің түсінгенім, қазақ – тегі асыл халық. Қазір озық ойлап отырсам, ол маған қан арқылы келді деп білем. Мен қазақ болмасам, сәулет өнерінде мұндай жетістіктерге де жетпес едім, сірә.

Қазір «Ой тек» деген тобымыз бар. Осы топқа мүше адамдардың бірі – Мемлекеттік Елтаңбаның авторы Жандарбек Мәлібеков. Бәріміз арагідік жиналып, ұлтқа қатысты мәселелер бойынша пікір алысып тұрамыз. Бәріміз біріккенде ұлт мүддесі жолында барлық қиындықтарды жеңеміз деп ойлаймын.

– Әңгімеңізге рақмет! Шығармашылық табыстарға жете беріңіз!

Сұхбаттасқан

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Оқылды 255 рет
JoomShaper
Top