Тұрмыс-тіршілігінің негізгі көзі төрт түлік мал болған бабаларымыз қытымыр қысты ұзатып салып, табиғат бедері алмасып, жазды күтетін өліара шақ яғни, «жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер» халіне жететін сәуір айының өтіп бермейтін ұзынсонар күндерін «Ұзынсары» деп атаған. Бұл мезгіл көшпелі дәуірде шаруашылық пен тұрмысқа салмақ түсетін ең ауыр уақыт. «Аттың аласы жақсы, астың аласы жаман» дейтін көшпелі бабаларымыз осы мезгілде қысқы соғымнан қалған сүрлерінің сыбағасы ретінде алыс-жуықтағы ағайын-туыс, дос-жарандарын түгелдей шақырып «Омыртқа» деген атаумен бір-бірлеріне ас берісіп, сауық-думан құрып, жарқын көңіл-күймен осы мезгілдің ауыртпалығын бөлісіп көтерісуге тырысатын. Әлбетте бұл дәстүр әр жерлерде әр уақыттарда жасалып жатады. Дәстүрдің басты мақсаты соғым сүрлері түгесіліп, мал көкке, ел аққа тоятын күндері әлі алда, аязды қыстан қоңсыз шыққан арық-тұрақ малдың тіске татитын сорпалығы жоқ, қолда бар азық-түлік қорлары азайған осы бір қысылтаяң мезгілде ауыртпалықты бөліп көтеру, ағайын-ажын, дос-жаранның береке-бірлігін арттыру болмақ. Бауырмалдық пен берекеге бастайтын осы бір игі дәстүр еліміздің солтүстік өңірлерінде көбінесе ауылдық жерлерде біршама сақталған.
Павлодар қаласының азаматы Наурызбай қажы Сәрсенбекұлы мен оның жары «Баянауыл ауданының құрметті азаматы» Рымтай қажы Сапарбекқызы осы дәстүр бойынша Павлодар қаласында тұратын барлық қажылар, қажиялар және қаланың құрметті ақсақалдары мен аналарын, өнер адамдары мен зиялы азаматтарды қатыстырып «Омыртқа сыбағасын» жасады. Бұл шараға дәстүр бойынша ас иелерінің алыс-жуықтағы құда-құдағи, қыз-күйеу, дос-туыстары да арнайы шақырылып келіп қатысты.
Омыртқа сыбағасы алдымен қасиетті Құран оқылып, өліге иман, тірілерге береке тілеген дұға-тілектермен басталды. Ас барысында алдағы күндері халық алдына есеп беру концертін өткізетін өңіріміздің жас та болса бас әншілерінің бірі, «Мәшһүр Жүсіп» мешітінің тұрақты намазханы Асылбек Сапарбекұлына және жас әнші Нұрқуат Сәрсенбайұлының алдағы өнер жолдары ашық болуын тілеген ақсақалдардың батасына ұласып олардың орындауында туған жер, отан туралы әндер шырқалып, жыр-термелер толғанды. Сонымен қатар өнерімен өңірге танымал Сәдіғазиндер отбасы, айтыскер ақын Ахметов Сабыржан да жүріліп жатқан іс-шараға шырай қосып өз өнерлерін ортаға салды. Облыстық халықтық шығармашылық «Шаңырақ» орталығының өнерпаздары мен бишілері мың бұралып халық билерін орындады. Мінбеге шыққан аталар мен апалар, ақын-жазушылар халқымыздың бүгінде қолданыстан сирей бастаған осы бір игі дәстүрі туралы өздері жастайынан көріп-біліп өскен тәжірибелерін бөлісіп, дәстүріміздің жастарға берер тәрбиесі мен тағылымы туралы ой толғады.
Өз кезегінде сөз алған облыстық орталық «Мәшһүр Жүсіп» мешітінің қызметшілері ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазреттің бастамасымен 2014 жыл «Дін мен дәстүр» жылы деп жарияланғаны, осы бағыттағы атқарылар шаралардың бірі ретінде басқаларға үлгі-өнеге көрсеткен жатқан Наурызбай қажы мен Рымтай қажы отбасының бастамасына үлкен ризашылықтарын білдіріп, дана бабаларымыз кемеңгерлікпен ұштастыра білген дін мен дәстүрімізді қатар дәріптеудегі үлкен бір келелі іс-шара болғанын атап өтті.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді. Өңір халқына имандылық жолын дәріптеу, исламдық бауырмашылдық, көркем мінез, береке-бірлікке шақыруда ұйытқы болып жүретін Рымтай қажы апамыз өткен жылы 1-маусымдағы аналар мен балалар мерекесі күні Ж.Аймауытов атындағы облыстық драма театрында өткен іс-шараға толықтай демеушілік жасап, 200-ден астам бүлдіршіндерге сый-сияпаттар үлестірген еді.
Асыл дініміздің абыройын арттырып, дана дәстүріміздің құндылықтарын дәріптейтін игі шаралар жалғасын таба берсін!
Мәшhүр Жүсiп мешiтiнің
баспасөз қызметі