«Зайырлылық және дінтану негіздері» оқу-әдістемелік кешенін әзірлеу – қоғам талабы

Сәрсенбі, 14.10.2021

Бүгінгі таңда дінтанулық білімді жетілдіру, осы саладағы білім беруді жүйелендіру және оны оқытатын мамандарды даярлау мәселелері өте өзекті болып табылады.

«Терроризм мен экстремизм көріністерінің алдын алу және тыю жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2000 жылғы 10 ақпандағы № 332 Жарлығын іске асыру мақсатында жалпы білім беретін мектептің оқу процесіне 2004 жылы «Дінтану негіздері» курсы таңдау курсы ретінде енгізілген болатын.

2009-2010 оқу жылынан бастап жалпы білім беретін мектептердің 9-сыныптарына оқу жоспарының вариативтік бөлігі есебінен «Дінтану негіздері» курсы міндетті пән ретінде енгізілді. Курстың көлемі аптасына – 1 сағат, оқу жылына 34 сағат.

«Дінтану негіздері» курсының оқытудағы мақсат – білім алушыларға дін және діни нанымдардың тарихы туралы жалпы білім беру, олардың рухани-адамгершілік қасиеттерін қалыптастыру. Мұнда қандай да бір дінге ерекше орын беру немесе оны насихаттау туралы мақсат көзделмеген, яғни аталған пән зайырлы сипатта оқытылады.

Курсты оқыту үшін Дін істері комитетімен келісілген, «Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығынан сараптамадан өткен «Дінтану негіздері» оқулығы (авторлары Ғ. Есім,А. Әбуов, Е. Смағұлов) қолданылуда.

Алайда, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2009 жылғы 14 қыркүйектегі №430 бұйрығымен бекітілген «Дінтану негіздері» курсының бағдарламасында және курстың 2010 жылы басып шығарылған оқулығында зайырлылық мәселелері, теріс ағымдардың зияны, сондай-ақ, экстремистік және террористік ұйымдар қызметінің жағымсыз салдары туралы мәліметтер аз қамтылған болатын.

Осыған байланысты оқулықты жаңарту және оның атауын өзгерту туралы жұмыстар жүргізілді.

Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Дін істері комитеті Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп дінтанулық білім беруді жүйелендіру және «Тарих және Дінтану» мамандығы бойынша кадрлар даярлау мәселелері бойынша көптеген жұмыстардың нәтижеге жетуін қамтамасыз етті.

Біздің бәрімізді толғандырып жүрген мәселе біреу ғана болды. Ол, жаңа буындағы, сапалы «Зайырлылық және дінтану негіздері» оқу-әдістемелік кешенін дайындауды қамтамасыз ету.

Осы бағытта жалпыға білім беретін орта мектептердің 9 сыныптарына арналған «Зайырлылық және дінтану негіздері» факультативтік пәнін оқыту мәселесі, аталмыш пәнге қажетті оқу-әдістемелік кешенін әзірлеу, оны дінтану сараптамасынан өткізу және әрі қарай апробациядан өткізу жұмыстарына қатысты бірқатар мәселелерді Білім және ғылым министрлігі өкілдерінің, «Зайырлылық және дінтану негіздері» оқу-әдістемелік кешенінің авторларының қатысуымен жұмыс тәртібінде талқылап мәжілістер өткізілді.

Осы жұмыстардың қорытындысында Дін істері комитеті ҚР Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп жалпы білім беретін мектептердің 9-сыныптарына арналған жаңа «Зайырлылық және дінтану негіздері» курсының үлгілік оқу бағдарламасын әзірледі.

Негізгі орта білім беру деңгейінің 9-сыныбына арналған «Зайырлылық және дінтану негіздері» курсының үлгілік оқу бағдарламасыҚазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2014 жылғы 15 шілдедегі № 281 бұйрығымен бекітілді.

«Зайырлылық және дінтану негіздері» курсының оқу-әдістемелік кешенінің мазмұны аталмыш бағдарламаға сәйкес әзірленеді. Ол 34 сағатқа арналған. Оның ішінде «Зайырлылық және зайырлы мемлекет», «Әлемдік және ұлттық діндер», «Қазақстандағы діндер», «Қазақстандағы ислам мәдениеті», «Жаңа діни қозғалыстар», «Қазақстан – дінаралық келісім аумағы», «экстремизм мен терроризм» секілді бірқатар маңызды тақырыптар қамтылған.

Аталған бағдарламаға сәйкес «Арман ПВ» баспасы (авторлары Д. Кенжетаев, Ә. Сайлыбаев) мен «Білім» баспасы (авторлары Ғ. Есім, А.Әбуов, Е.Смағұлов) «Зайырлылық және дінтану негіздері» оқулығын, хрестоматиясын, мұғалімдерге арналған әдістемелік құралын әзірледі және Дін істер комитетінде, «Оқулық» орталығынан сараптамадан өткізілді.

«Арман ПВ» баспасымен әзірленген (авторлары Д. Кенжетаев, Ә. Сайлыбаев) «Зайырлылық және дінтану негіздері» оқулығы, хрестоматиясы, мұғалімге әдістемелік арналған кітабы және «Білім» баспасы әзірлеген (авторлары Ғ.Есім, А. Әбуов, Е. Смағұлов) «Зайырлылық және дінтану негіздері» оқулығының қазақ және орыс тілдеріндегі нұсқалары Комитетке дінтану сараптамасын жүргізуге келіп түскеннен бастап жан-жақты талқылаудан өтті.

Шындығында да авторлық ұжымдар тарапынан әзірленген оқулық, хрестоматия мен мұғалімге арналған әдістемелік құралдан тұратын оқу-әдістемелік кешеннің мазмұндары аталмыш үлгілік оқу бағдарламасына сай дайындалғанымен, мазмұнында бірқатар кемшіліктер мен ескертулер болғандықтан, кешенді өңдеуден өткізу туралы орынды ұсыныстар да болды.

Атап айтқанда «зайырлылық» мағынасының толық ашылмауы, белгілі бір дінді насихаттауға жол беру, оқулықтың мазмұнында ақпараттарды, материалдарды субъективті тұрғыдан, біржақты діни сипатта ұсыну, бірқатар бөлімдеріндегі ақпараттардың педагогикалық емес, публицистикалық стильге жақын жазылуы, материалдарды ұсыну барысында саяси аспектілерге, саяси көзқарастарды қолдану, діни терминдер мен түсініктерді (жаратушы, жамағат, халифа, үммет және т.б.) қолдануға басымдық беру сияқты ескертулер авторлық ұжымдардың назарына жеткізілді.

Ең маңыздысы, жаңа мазмұндағы оқулықтың қандай мазмұнда болуы керек екендігі жөніндегі бағытымызды айқындап алдық. Авторлар оқу әдістемелік кешендерді жоғарыда айтылған ой-пікірлер шеңберінде жетілдіретін болады.

Қазіргі уақытта, яғни 2015-2016 оқу жылында Білім және ғылым министрлігі «Зайырлылық және дінтану негіздері» оқу-әдістемелік кешенін әзірлеген проф. Ғ. Есім мен проф. Д. Кенжетай бастаған екі авторлық топтың «Зайырлылық және дінтану негіздері» бағдарламасын және оқулықтары мен оқу-әдістемелік кешендерін апробацияға жіберді. Ол үшін бүгінгі күні Атырау, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан облыстарының 8 мектебі анықталды. Осының барысында тағы да түзетулер мен толықтырулар, ұсыныстар келіп жатса олар да ескеріле отырып, оқу-әдістемелік кешені толықтырылатын болады. Сынақтың қорытындысы бойынша түзетулер енгізіліп, қайта сараптамадан өткізіледі.

Ал, 2016-2017 оқу жылынан бастап «Зайырлылық және дінтану негіздері» оқу-әдістемелік кешені еліміздің барлық мектептеріне бірыңғай қолданысқа енгізілетін болады деп жоспарлануда.

 

Балғабек МЫРЗАЕВ,

ҚР МСМ Дін істері комитеті

Дінтану сараптамасы басқармасының басшысы

Оқылды 3158 рет
JoomShaper
Top