Сыйлық сыйластығымызды арттырады

Сейсенбі, 22.09.2021

Ислам діні адамды толығымен әдептілікке тәрбиелейді. Сондықтан өмірдің барлық саласына қатысты оның өзіндік белгілеген заңдары  мен әдептілік  нормалары бар. Солардың бірі – сыйлық мәселесі.

Пайғамбарымыздың (с.а.с.) хадистері мен сүннеттерінде сыйлық жайында егжей-тегжейлі айтылғанын көруге болады. Алла елшісі (с.а.с.) хадистерінде адамдардың бір-біріне сыйлық тарту етуі өзара сыйластық пен достықты нығайтатынын, қызғаныш, көреалмаушылық, сараңдық секілді жаман мінез-құлықтардан арылтатынын айтқан. Сыйлық берудің пайдасы жайлы Пайғамбарымыздың (с.а.с.) «Сыйлық беріңдер, бір-біріңе деген сыйластықтарың артсын», «Бір-біріңе тағам тарту етіңдер. Бұл ризықтарыңның берекеттенуіне жол ашады», «Маған сыйлыққа қойдың сирағы тарту етілсе де қабыл аламын. Одан пісірілген тамаққа шақырылсам да бас тартпаймын», «Бір-біріңе сыйлық беріңдер. Себебі, сыйлық жүректегі күмәнді жояды. Әйелдер көршілерінің тарту еткендерін менсінбей жүрмесін, тіпті қойдың сирағы болса да» деген хадистері бар.

Жоғарыдағы хадистерде сыйлықтың пайдаларымен қатар, арзан сыйлық болса да қабыл алу керектігі айтылады. Әсіресе, көршілер туралы мысал беріліп, көршілердің де бір-біріне сыйлық беруі қажеттігі меңзеледі. Бұлардың бәрі де әлеуметтік өміріміз үшін қажетті мәселелер.

Осы көрші мәселесі бойынша, Айша анамыз (р.а.) бір риуаятында: «Бір күні Алла елшісінен:

–       Уа, Алла елшісі, екі көршім бар, сыйлығымды қайсысына берейін, – деп сұрадым.

–       Есігі саған жақын тұрғанына бер, – деп жауап қайтарды», – дейді. Осы секілді айтылған хадистерден сыйлық жайында әдептерді былай тізбектеуге болады:

  1. Сыйлықты қабыл алу керек. Себебі, Пайғамбарымыз (с.а.с.) бір хадисінде былай деген: «Адам өзі сұрамаса да бауырынан бір жақсылық келсе, ол жақсылықты қабыл алсын, кері қайтармасын. Себебі, ол – Алланың жіберген ризығы болып табылады. Сыйлық құнсыз болса да қабыл етілу керек». (Ахмәд ибн Ханбәл, Муснәд)
  2. Сыйлық жауапсыз қалмауы қажет. Пайғамбарымыздың хадисінде бұл жайында: «Саған біреу жақсылық жасаса, оны жауапсыз қалдырма. Оған беретін нәрсе таппасаң, ең болмаса, ол үшін дұға жаса. Сонда осы дұға арқылы оған жауап қайтарған боласың» деп айтылған. (Әбу Дәуд, Сүнән) Пайғамбарымыздың өзі де келген сыйлықтарға әрдайым сыйлықпен жауап қайтарып отырған. Кей кездері берген сыйлығы құны жағынан алған сыйлығынан жоғары болған.

Сондай-ақ егер  жоғары мансаптағы кісі қол астындағыларға сыйлық берсе, онда бұл сыйлыққа сыйлықпен жауап қайтармауға, тек қана алғыс  пен ризашылығын сөзбен айтып, сол кісі үшін дұға тілесе жеткілікті болады.

  1. Берілетін сыйлық адал болуы керек. Яғни харам нәрселерді сыйлыққа тартуға болмайды.
  2. Басқа дін өкілдерінің сыйлығын қабыл етуге болады. Себебі, Пайғамбарымызға (с.а.с.) кейбір елдердің басшылары елшілері арқылы сыйлықтар жіберетін. Пайғамбарымыз да оларды қабыл алатын. (Тирмизи, Сүнән)
  3. Мереке және атаулы  күндерде сыйлық тарту ету. Пайғамбарымыз да (с.а.с.) айт мерекелерінде, тойда сыйлық тарту ететін.
  4. Мереке мен атаулы күндердің тысында да сыйлық беруге дағдылану қажет.
  5. Сыйлықтың құндылығынан гөрі пайдалы жағы ескерілуі қажет. Тарту ету үшін сыйлық алатын кезде пайдалы, іске асатын жағын қаперге алу қажет.
  6. Кісі өзі шамасы келетін сыйлықты ғана тарту етуі қажет.
  7. Сыйлық ешуақытта пәре ретінде берілмеуі керек. Себебі, пәренің үкімі харам екені белгілі.
  8. Сыйлық берудің де, оны қабыл ету мен оған сыйлықпен жауап қайтарудың да үкімі сүннет болып табылады. Яғни сыйлық беру сауапты істердің қатарына жатады. Сондықтан сыйлық  шынайы ниет және ықыласпен берілуі қажет.

Ал сыйлықтың көлеміне қатысты Ислам діні бойынша ешқандай шектеу қойылмаған. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) берген сыйлықтары арасында азық-түлік, әтір, ат, түйе, ет, тарла, бау-бақша да болған. Ең бастысы, адам өзінің шамасы келетін нәрсені сыйлық ретінде тарту еткені жақсы. 

 

Алау ӘДІЛБАЕВ, 

теология ғылымының докторы

 

Оқылды 1778 рет
JoomShaper
Top